Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұмыт болған ұлттық оюлар ұлықталды

0 271

Ұлыстың ұлы күніне орай Таразда көптеген танымдық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Сондай  шаралардың легі бүгін Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде өткен «Ұмыт болған оюлар» атты құрақшылар фестивалімен жалғасты.

Әуелі қала әкімі Бақытжан Орынбеков қолөнершілердің туындылары орналастырылған көрмені тамашалап, ізгі лебізін білдірді.

– Қазақ  халқының ою-өрнек өнері – әлімсақтан бері халқымызбен жасасып келеді. Сан ғасырлық тарихымен біте қайнасқан бұл өнер түрі  халықтың шынайы рухани танымымен де астасып  жатыр. Ою-өрнек – қазақ елінің мәдени дамуының  шежіресі. Оның көне атауы – халықтың тарихы мен мәдениетін, ұлттық ерекшелігін, дүниетанымын сипаттайды.

 Қазіргі жаһандану  дәуірінде  біздің қазақы ою-өрнегіміздің   біршама  түрі  ұмытылып барады. Бұл өте өкінішті. Себебі бүгінгі өскелең ұрпақ  қазақтың осы баға жетпес құндылығының маңызын түсініп, санасына тоқуы қажет.

Бүгінгі фестивалге қатысушылар  ұмыт болған ұлттық  құндылығымызды  ұлықтап, келешек  буынның санасына  сәуле  ұялатады  деген сенімдемін.

Жалпы, бұл шара   мыңдаған  жылдар  бойы  қалыптасқан ұлттық ою-өрнектерімізді,  мына алмағайып заманда аман сақтап, жастарымыздың   бойына  ұялатуға бағытталып отыр.Сол себепті, қолөнер – баға жетпес, өшпес мұра. Оны қорғай да,   қолдай  да білуіміз керек.Сондықтан фестивалге қатысқан  барша  аналарға алғысымды білдіремін, – деген Бақытжан Әмірбекұлы байқау жеңімпазы мен жүлдегерлеріне арнайы марапаттарды табыстады.

Фестиваль аясында «Шапағат» медалінің иегері, кәсіпкер  Анар  Бексұлтанова мен шәкірттерінің туыныдылары көпшілік назарына ұсынылып, шеберлік сыныбы ұйымдастырылды.

Шара соңы концерттік бағдарламалармен түйінделді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.