Бүгін «Құмшағал» алқабында бой көтерген жаңа мешіт пайдалануға берілді. Салтанатты шарада сөз алған Тараз қаласының бас имамы Орынбасар Дәуренбеков көпшілікті айтулы күнмен құттықтады.
– Рамазан айының қарсаңында осындай еңселі имандылық үйінің бой көтеруі көңілге қуаныш сыйлайды. Осы мешіттің құрылысына атсалысқан барша жамағатқа шын жүректен алғыс білдіремін. Мешіттің Алланың бір есімі «Аль-Хафиз» деп аталуының да өзіндік мәні бар. Бұл сақтаушы, қорғаушы, жебеуші деген мағынаны білдіреді. Тағы бір айта кетерлігі бұл қаладағы осымен 38-ші мешіт болып отыр, – деді бас имам.
Әрі қарай сөз сабақтаған алқап ақсақалдары ізгі лебіздерін білдіріп, мешіттің лентасын қиды. Бұдан кейін жамағат жаңа мешітте жұма намазын оқып, жайылған дастарханнан дәм татты.
Comments are closed.