Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өмірі өнеге Салиха әжей

0 301

«Еңбек бәрін жеңбек» дейді дана халқымыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та «Қажырлы еңбектің арқасында ғана көп мәселені шешіп, мемлекетімізді дамытамыз, әл-ауқатымызды арттырамыз», – деген болатын.

Жамбыл жерінде де адал еңбегімен жетістікке жеткен аналарымыз аз емес. Солардың бірі – Салиха Бестерекова. Ол ұлт басына үлкен зауал болып төнген, халықтың жартысына жуығы аштан қырылған сонау ашаршылық жылдарында, нақтырақ айтқанда, 1932 жылдың 22 қыркүйегінде Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында дүниеге келген.
Қиындықтың қыспағында шыңдалып өскен Салиха бала кезінен еңбекке ерте араласады. Сол кездегі совхоздың жұмыстарын жанын сала атқара жүріп, сабағын да үздік оқиды. Сөйтіп, Жамбыл педагогикалық колледжінде оқуын жалғастырады. Ешқашан шаршауды білмейтін еңбекқор анамыз 1950 жылы Тараздағы нан зауытына жұмысқа орналасады. Қаладағы №2, №3 наубайханада 30 жылдан астам уақыт бел жазбай еңбек етіп, абыроймен зейнет демалысына шығады.
Бүгінде Салиха әжеміз – 10 баланы өмірге әкеліп, олардан 22 немере, 23 шөбере сүйіп отырған бақыт құшағындағы кейуана.
– Анамыз өте мейірімді. Бізді ғана емес, барлық баланы жанындай жақсы көретін. Ес білгелі анамның ерте кетіп, кеш оралатын, еңбек етуден қашпайтын жан екені көз алдымда. Ол әрқашан өз жұмысына зор жауапкершілікпен қарайтын. Үнемі бізге «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп айтып отырады. Анамыздың тәрбиесі мен ақ батасының арқасында біз де қоғамнан өз орнымызды таптық. 1985 жылы әкем Оразалы Бестереков дүние салды. Содан бері анам әке орнына әке, шеше орнына шеше болып келеді, – дейді ұлы Рамис Бестереков.
Ал әжеміздің келіні Базаргүл Бестерекова енесінен көп нәрсе үйренгенін айтады.
– Мен бұл шаңыраққа 21 жасымда келін болып түстім. Әрине, ата-анамның еркелетіп өсірген қызы болғандықтан, бөтен босағаға үйрену алғашында оңай болмады. Оның үстіне үлкен әулет болғандықтан, күтетін қонақтар да көп. Бірақ енем соның бәріне түсіністікпен қарап, ешқашан қабағын шытпайтын. Өзінің 8 келінін де дәл солай тәрбиелеп, білгенін үйретті. Содан болар, абысындарыммен де тату-тәтті, бірлігіміз бұзылмай күн кешудеміз. Апамыз отбасымызды ынтымағы ұйыған шаңыраққа айналдырды. Халқымыз «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейді. Сол үшін апамыздың ақылын айтып, ортамызда аман-есен жүргені – біз үшін зор қуаныш, – дейді Базаргүл Елтайқызы.
Бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербеткен Салиха Бестерекованың еңбегі ерте еленді. Сонау Кеңес Одағы жылдарында бірнеше рет биік мінберлерден де көрінді. 1971 жылы «Батыр ана» медалімен марапатталса, тәуелсіздік таңы атқан тұста кеудесіне «Алтын алқа» тақты.
Өмірдің мәні еңбек екенін түсінген абзал ана тек отбасына ғана емес, барша жұртқа үлгі. Осындай жандардың арамызда жүргені – біз үшін мақтаныш.

Жұмаш Жолболды

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.