Қалалық қоғамдық-саяси газет

Орынбековтің отыз күндегі оңды ісі

0 147

Тәуелсіздік жылдарында Тараз шаһары тотыдай түрленіп, жаңаша кейіпке еніп келеді. Осы жылдар ішінде көптеген нысандар бой көтеріп, қаланың көркіне көрік қосуда. Әрине, бұған егемендік жылдары шаһарды басқарған әкімдердің сіңірген еңбегі ерен. Тағайындалғанына небәрі 30 күн болған қаланың бүгінгі басшысы Бақытжан Орынбековтің де халық игілігі үшін жасап жатқан тірлігі толайым.

Бақытжан Әмірбекұлы қызметіне кірісе сала басты міндеті – қаланы дамыту жолында аянбай еңбек ету екендігін жеткізіп, тараздықтарды шаһарды бірге түлетуге шақырған болатын. Сөйтіп, шаһар басшысы ең әуелі қоғамдық көліктердің қызметін дұрыстауды қолға алды. Соның нәтижесінде ағымдағы жылдың 12 қыркүйегінен бастап №55, 30, 40 автобус бағыттары сағат 00:00-ге дейін, №16, 8, 9, 32, 12, 30, 11, 46, 19 автобустар түнгі 22:00-ге дейін, ал №1, 36, 33, 44, 47, 33, 7, 38, 34, 23, 27, 28, 29 қоғамдық көліктері түнгі сағат 21:00-21:30-ға дейін қатынайтын болды. Бұл тұрғындардың көкейіндегісін тап басып, көпшіліктің дән ризашылығын туғызды.

– Бұрын күз келіп, күн қысқарғандықтан, автобустар да ертерек тоқтап қалатын. Сол себепті жұмыстан немесе қонақтан кеш қайтқанда қоғамдық көлікке үлгере алмай, такси қызметіне жүгінуге тура келетін. Мұндай кездерде олардың да қызметі шарықтап кететіні белгілі. Ал оны бәрінің бірдей қалтасы көтермейді. Енді тұрғындардың тілегі ескеріліп, автобустардың бағыттары ұзартылғанына қуаныштымыз. Мұндай игі істер алдағы уақытта өз жалғасын таба берсін, – дейді шаһар тұрғыны Гүлжамал Қалаубаева.
Шаһар басшысының ашықтыққа бет бұрғаны БАҚ өкілдерімен кездесуінде де анық байқалды.
– Біз үшін қала тұрғындары мен олардың талап-тілегі – басты орында. Сол үшін әкімдіктің ең басты жұмысы жол жөндеу, жарықтандыру, ауыз сумен қамтамасыз ету, қоғамдық көлік санын арттыру сынды мәселелерге бағытталады. Сондай-ақ алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары да – басты назарымызда. Облыс орталығының жасыл белдеуін дамыту бағытында да бірқатар істер қолға алынбақ. Бүгінгі таңда қаланы дамыту жоспары түзілді. Енді жоспарды жүйелі орындау арқылы тұрғындардың өмір сапасын жақсарту көзделуде. Тағы бір айта кетерлігі, имидждік жобаларға бөлінетін қаражат бұдан былай шаһардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, қордаланған мәселелерді шешуге жұмсалатын болады, – деген Бақытжан Әмірбекұлы көптің көкейіндегі сауалдарға да нақты жауап берді. Әсіресе өзінің бизнесіне қатысты ел аузында жүрген алып-қашпа әңгімелерге де нүкте қойды.
– 2004 жылға дейін кәсіпкерлікпен айналысқаным рас. Сол жылы барлық бизнесімді бауырыма тапсырғанмын. Ал Таразда бизнеспен шұғылданбадым. Себебі мемлекеттік холдингте, компанияларда қызмет еттім. Менің отбасымның барлық мүшесі бизнеспен айналысады. Оны ешқашан жасырған емеспін. Олардың ешқайсысы мемлекеттік қызметте жұмыс істемейді. Ал өзімнің қазіргі таңда ешқандай бизнеске қатысым жоқ. Жұртшылық айтып жүрген «Атриум», «Тойқазан», «Чао-какао» тойханалары мен өзге де нысандар отбасымның мүшелеріне тиесілі. Олардың барлығы – өз істерін білетін, адал кәсіпкерлер. Астана мен Алматыда да мүліктеріміз бар. Жалпы мен жайлы барлық мәліметті ашық дереккөздерден оңай табуға болады, – деген ол ашықтық пен жариялықты басты ұстаным етіп отырғанын көрсетті.
Тұрғындар көтерген мәселелер де кезең-кезеңімен шешімін табуда. Айталық, БАҚ өкілдерімен өткен басқосуда республикалық «31» арнаның Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі Нұрадин Рақай А.Асқаров, А.Пушкин көшелерін қайта екі бағытта автокөлік қатынайтын жол ретінде қарастыруды, №15 ықшамаудандағы жекеменшік мектеп алдына жол белгісін орнатуды ұсынған еді. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес екі көше де зерделеніп, нәтижесінде А.Асқаров көшесі 2 бағыттық ретінде қайта ашылатын болды. Бірақ алдымен бағдаршам қою жұмыстары жүргізілмек. Ал А.Пушкин көшесінің бойында №1 гимназия, Полиция басқармасы, Мектептен тыс іс-шараларды ұйымдастыру (ОблДЮЦ), медицина мекемелері орналасқандығын ескере отырып, бұл көше бір бағыттағы автомобиль қозғалысымен қалатын болды. Жекеменшік мектеп маңына жол белгілерін қою бойынша сұраныс та өз шешімін тапты. Осылайша шаһар басшысы әр мәселенің шешімін құр сөзбен емес, іспен дәлелдеуде.
Бақытжан Әмірбекұлы бұқарамен берік байланыс орнату мақсатында алқаптар мен ықшамаудандарды аралап, тұрғындар тілегіне құлақ түруде. Айталық, №15 ықшамаудан тұрғындары жарық мәселесіне шағымданған болатын. «Жарыққа жарымай отырмыз» деген жұрттың жанайқайы бірден назарға алынып, электр желісіне жауапты мекемеге құжаттар тапсырылды. Нәтижесінде бүгінде көпқабатты тұрғын үйге жарық желісін қосу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ «Шөлдала» алқабының тұрғындары қозғаған электрмен жабдықтау мәселесі де іс жүзінде орындалды. Бұдан бөлек, алқапқа қатынайтын автобустардың да саны көбеймек.
Тағы бір айта кетерлігі, шаһар басшысы өзіне дейін сызбасы сызылған жобалардың денін егжей-тегжейлі зерделеп шығуда. Нәтижесінде жол жөндеу жобалары 70 пайызға дейін өзгертілуде. Қала басшысы жол салуда бұрынғыдай көзбояушылыққа жол берілмейтінін қадам айтып, бүгінде сенімсіз серіктестіктердің мәселелерін майшаммен қарауда. Бұл да ашықтық пен әділдіктің үлгісі екені анық.
Әрине, бұл Бақытжан Орынбековтің отыз күндегі оң істерінің бір парасы ғана. Аз уақыттың ішінде атқарылған жұмыс аз емес, алдағы жоспар жұмыр. Бұдан кейін де көпшіліктің көкейіндегі түйткілдердің түйіні тарқатыла береріне сенім мол. Ең бастысы, сең қозғалды. Ал бұл өзгеріс жақсылыққа жетелейтініне үміт зор.

Құрмаш Қаптағай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.

error: Көшіруге болмайды! Редакцияға хабарласыңыз.