Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мерекенің бас мәзірі

0 289

Күн шуағы жарқыраған гүл көктем келіп жетті. Шұғылалы көктемнің көш басында жаңа күннің жақсылығына жол көрсеткен Наурыз мерекесі тұр. Берекенің бастауы, көңілдің тоқтығы жан азығы – ақтың молдығынан екені анық. Ал осынау Ұлыстың ұлы күніне орай әрбір мұсылманның қазаны бұрқ-сарқ қайнап, наурыз көже дайындап жататыны анық.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ Суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Нұрға тұнған тіршіліктің жеті күніндей жеті дәмнен жасалатын жеңсік ас наурыз көженің дәмін татуға физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент, ТарМПИ профессоры Күлжәмила Жолдасқызының шаңырағына жол тарттық. Ақ түйенің қарны жарылатын күннің қарсаңында қазыналы жан қазақтың дәстүрімен бауырсағы самсаған, майсөк, жент, құрт, қымыз, шұбатқа толы ақ дастарқан басында бұрын-соңды аналарымыз салған ізгіліктің жолымен өзінің ақ боз үйіндей киелі ақ кимешекті басына қондырып, қонағын төрге оздырған меймандос пейіл һәм ерекше ықыласпен қарсы алды. Анасының мөлдір көзіндей болып, бабалардың аманатын арқалап, самайын жасырып, мерейін асырған киелі кимешектің жөн-жосығын білген асылдың ас үйінен де жанға жайлы жылылық есіп, ұлтқа тән адалдықтың болмысы көрініп тұр.

Саналы шәкірт тәрбиелеген маман, білім саласының білгірі Күлжәмила апай ас үйде саусағынан бал тамған аспаз екенін дәлелдеді. Ұлт болашағын тәрбиелеудің асқар белінен асып, құзар шыңына жеткен ғалым-ана керегесін кеңейтіп, босағасын берік ете жүріп, қазан-ошақ басында келінге де берері мол екенін көрсетті.

Ошақтың үш бұтына қазан асқан қазақ әйелдерінің қазақтың үш жүзінің басын төрде тоғыстыруға ақылы жеткен. Міне, сондай бір сәулелі сәттің көрінісі іспетті наурыз көже де отбасын ізгілікке, жаңа келіп жеткен көктемнің шуағына малып, жеті қат көк пен жеті қат жердің киесін сіңіріп, жеті дәмнен дайындалып, алдымызға тартылды. Күлжәмила әжей қыстан сақталған сүр қазы мен ноқат, бұршаққа бөктіріп жасалған киелі асқа қымыз бен айран қатып ішудің де жөн-жосығын айтып өтті.

– Ауылда өстім. Дала көгеріп, көктің, көктемнің жұпары аңқыған сәт сондай әдемі көрініс еді. Анамның ақ жаулығы желбіреп, аппақ жүгеріні тазалап, түйгені де көз алдымда. Наурыз – менің ең сүйікті мейрамым. Наурыз айы келіп жеткенде ауыл тұрғындары көше бойына жиналып, әр үйдің ақжаулықтылары наурыз көже пісіріп, жүгеріні келіге түйіп, қазан асып, кімнің наурыз көжесі ең дәмді екенін дәлелдеу үшін жанталаса жарысатын. Жастар жағы түрлі ойындар ұйымдастырады. Үлкендер ән-күйді тамылжыта орындайды. Көгілдір көктемнің мейірім мен жылуын алып жеткен әз Наурыз шаңыраққа құт болып құйылып келеді. Осы мейрам басталса, үйден-үйге қазан асып шақырып, шат-шадыман болған балалығым да көз алдыма келеді. Наурыз көжеге әйел-ана мейірім мен ыстық ықыласын, жұпар аңқыған даланың бүршік жарған көктеміндей дәндерін қосып, ерекше дәмді етіп дайындайды. Мен де өз әже, аналарымның жолымен айран немесе қымыз қатып ішкен наурыз көженің дәмін ерекше жақсы көріп, зор ілтипатыммен жасап шықтым, – дейді апай.

Берекелі дастарқан басында наурыз көжеден дәм татып отырып, әңгіме өрісі кеңге жайылды. Әзиз ана әз мейрам жайлы кеңінен толғанып, бұл ұлық мерекенің барлық жақсылық пен ізгіліктің, береке мен мерекенің бастауы екенін білдірді. Ұлт болашағын тәрбиелеудің асқар белінен асып, шыңына жеткізген ана үйі мен жұмысының арасын жол етіп жүріп, білім ордасындағы ұл-қызбен қатар өз балаларына да тәрбие бергенін, үй шаруасын да жасауға үлгергенін айтты. Білім іздеп ауылдан келген қыз балаларға әсіресе көңіл бөліп, оларға ұстаз ғана емес, ана да бола білгенін, ақыл-кеңесін беріп, мейірімге бөлеп жүретінін жеткізді. Өрімтал күндерді еске алып, бүгінде бас қосқан жастардың жолы неге жиі екіге айырылып кететініне де ой толғатты. Бала тәрбиесі осындай сәтсіз құрылған некеде ақсап қалатынын сөз етті. Әйел ана ғана емес, балаларына қамқор дос та бола білуі керектігін, қашанда баламен сырласып тұрудың жөн-жосығын үйретті. Киелі қара шаңырақтың шаттығы отанасы мен отағасының бірін-бірі оза шауып, бірінен-бірі асып мықтылығын көрсетуге тырысуында емес, терезе басын тең ұстап, бір-біріне қарайлап, қамқор бола білуінде екені анық. Әз ана әрбір отбасының ата-анасы кешірімді болып қана қоймай, бәрін ақылдасып шешіп, шаңырақтың беріктігін нығайту үшін кез келген жағдайға түсіністікпен қарау керек екендігін ескертті. Болашақ ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру үшін ата-ана қандай амал жасау керек? «Тәрбие басы – талбесік» десек, сол тәрбиені мығым ету үшін үлкендер нені білу керектігін алға тартып, біз де сұрау салдық.

– Бала, ең алдымен, отбасын сүйіп үйрену керек. Отбасында үлкендер өз үрдісін қолға алып, жос-парын құрып, тәртіп-тәрбиесін қалыптастырып, баланы соған бағындырып өсіру керек. Ал бағындырып өсіру дегеніміз не? Ол баланы ұрып-соғып, дөрекілікпен жөнге келтіру емес. Кез келген ағашты қолдап майыстырса, сынып кетеді. Ақылмен, қамқорлықпен, жас баламен дос болып, ақылдаса, сырласа отырып тәрбиелеу керек. Өз отбасын сүйген бала Отанын да сүйеді. Мысалы, мен балаларды тәрбиелеп жүріп, өзім де тәрбиелендім. Балаларыма бойымдағы бар асыл қасиетті қалай берсем, өзім де балаларымның бойынан сондай тазалықты, іңкәрлікті ала білдім. Бала мен ананың ортасында динамика қалыптасу керек, – дейді еңбегі елге елеулі, өз балаларына ғана емес, бүкіл шәкіртіне ана һәм ұстаз бола білген Күлжәмила апай.

Шаңырағы шаттыққа толы жылы ұядан гүлдің иісі аңқиды. Босағасы баланың күлкісімен көмкерілген үйдің іргесінен жылылықтың шуағы төгіліп тұр. Кимешегін кие жүріп, киесін де ұмытпаған абзал ана ақ дастарқан басында ақ батасын берді. Мейірімнің мекеніне айналған аналардың батасы қабыл болсын!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.