Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сымбат пен сыры жарасқан

0 236

Әйел-ана бір қауым елдің тәлімі мен тәрбиесіне ықпал етеді. Ұрпақтың болашағы аналардың қолында. Осынау болашақ ана атаулының бойындағы инабат пен ибаның астасып жатқан қағидаларын меңгеруге атсалысып, қазақи салт-дәстүрге тұнып тұрған «Инабатты ару – 2021» байқауы өз мәресіне жетті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ Суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Дәстүрлі байқау Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің жастар ресурстық орталығы және «Асыл арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау» қоғамдық бірлестігінің «Инабат» қыздар клубының ұйымдастыруымен өтті.

– Бұл байқау екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңі наурыз айының 1 мен 10 жұлдызы аралғында өткен болатын. Байқауға қала бойынша 30 ару қатысуға ниет білдірді. Олардың ішінен өзара іріктеліп, екінші кезеңіне 10 қыз қатысып отыр. Қыздардың барлығы – өз бойына берілген тәрбиесін көрсетіп, инабаты асқан әрі өнерлі екенін дәлелдеуге дайын зерделі қыздар, – деді қалалық ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ директорының орынбасары Гүлім Ергебекова.

Қылығымен ынтықтырған қаракөздердің ізгілік пен нәзіктікке толы болмысы қашанда бағалы. Бұл сайысқа 15 және 18 жастағы арулар жеңгелерімен қатысты. Инабатты ару екенін дәлелдеуге тырысқан сұлулар «Сымбат пен сыры жарасқан» атты алғашқы кезеңді өздерін таныстыруға арнады. «Анадан тәлім алған қыз» атты екінші кезеңінде арулар үйден әзірленген тағамдарымен қатар, түрлі қолөнер бұйымдарын көрсетіп, ісмерліктерін танытты. Ал «Қыз өссе – елдің көркі» деп аталған үшінші кезең бойынша халқымызға тән өнер үлгісімен ән айтып, күй тартып, көркемсөз оқумен қатар, ұлттық бояуға тұнған басқа да өз өнерлерін ортаға салды.

Арайлым Сәбитқызы да бұл байқауға бақ сынауға келген. Ол ән салып, би билеп қана қоймай, өзін ас үйдің ханшайымы сезінеді. Саусақтарынан бал тамып, түрлі тағамдар мен сан алуан тәттілерді пісіруден алдына жан салмайды екен.

– Бос уақытымда түрлі тағамдарды пісірген ұнайды. Жылда осы байқауға қатысуға асығушы едім. Биыл жолым түсіп, қатысып жатырмын. Мұндай байқаудың аруларға берері мол. Өз бойымдағы қазаққа тән барлық асыл қасиеттерді анамыздың сүті мен әкеміздің қанынан алдық. Енді міне, бақ сынап, бойымыздағы барлық өнеріміз бен тектілігімізді танытар сәт туды, – дейді Арайлым.

Байқау нәтижесі бойынша Жансая Жәрдем «Тараздың инабатты аруы – 2021» атағын жеңіп алды. 1-орын биігінен Айдана Отарғали көрінсе, 2-орын Аида Төлегеноваға бұйырды. 3-орынды Асылай Елшілік иеленді.

Жетінші көктемін өткізіп отырған бұл іс-шара алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.