Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мерекеге қанша қаржы жұмсалады?

0 716

Жаңа жылды үйдің төріндегі қызыл-жасыл шаммен көмкерілген әсем шыршамен қарсы алу әрбір отбасының дәстүрі десе болады. Сұранысқа сай нарық та ұсынысты молайтуда. Бұл кезде дүкен сөрелері сан түрлі жасанды шыршалар мен отшашуға толса, балалар асыға күтетін Аяз ата мен Ақшақарға да сұраныс арта бастайды. Дәл осы мереке қарсаңында туған-туыс пен дос-жаранға сыйлық аларда мәрттігімізде шек болмайтыны тағы бар. Сөйтетіндей бұл мерекенің не сиқыры бар? Жалпы Жаңа жылды атап өту үшін қанша қаржы жұмсалады?

2 жылдан астам уақытқа созылған қатаң карантиндік шектеулерден соң биыл еліміздің барлық өңірінде айшықты мейрамға қызу дайындық басталып кетті. Солардың қатарында Тараз қаласы да бар.
Мерекеге орай облыс орталығында екі шырша орнатылды. Оның бірі ҚР Тұңғыш Президенті саябағына сән берсе, екіншісі «Көне Тараз» этномәдени кешеніне қойылды.
– Бұл мақсатқа қала бюджетінен 19 миллион 150 мың теңге қаржы қарастырылған. 2021 жылдың Жаңа жыл мерекесінде қаламыздағы Бас шырша өртенген болатын. Сондықтан аталған қаржыға негізгі керекті безендіру жабдықтары алынған. Сондай-ақ өткен жылдан қалған безендіру заттары, арнайы шамдар және жиналмалы шырша құрылымы (постамент) биыл да қолданылады. Ал демеушілердің есебінен жиылған шамамен 5 миллион теңгеге шаһардағы 2 225 мүмкіндігі шектеулі балаға арнайы мерекелік сыйлықтар үлестірілмек. Бұған қоса айтулы мейрамда қала әкімдігінің бөлімдері ешқандай мерекелік кеш өткізбейтінін де айта кеткен абзал, – дейді қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жаңа жыл жақындағанда, сауда ошақтарының жұмысы да жандана бастайтыны бәрімізге мәлім. Бүкіл ел дүкен аралап кеткендей. Оларды қызықтыру үшін сауда нүктелері түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Яғни қай сауда орны тартымды болса, халық соған ағылады. Біз де бірқатар сауда орнына бас сұққанымызда жылдағы дәстүр бойынша қоян жылын қарсы алуға дайындалып жүрген қала тұрғындарының қарасы қалың екенін байқадық. Мұндағы шыршалардың бағасы да әртүрлі екен.
– Біздегі шыршалар 2 500 теңгеден басталады. Қалтаңызға қарай 10, 38, 48 мың теңгеге дейін жалғаса береді. Биылғы шыршаларды Украинадан алдырдық, – дейді сатушы Динара Әлімханова.
Дегенмен биыл жылдағыға қарағанда шыршалардың бағасы арзандаған. Оған себеп – шетелден келетін шыршалар үшін шекарадағы баж салығы құнының төмендеуі.
– Біздің шыршалар 1 500 теңгеден басталып, 65 мыңға дейін жетеді. Ең қысқасы 60 сантиметр, ең ұзыны 2 метрден асады. Өздеріне керегін сатып алып жатқандар баршылық, – дейді тағы бір кәсіпкер Руслан Рахманқұлов.
Шыршадан бөлек, Жаңа жылдың тағы бір символы – отшашулар. Қазір оның да бағасы шарықтап тұр. Мәселен, ең арзан отшашу 500 теңгеден басталса, Қытайда өндірілген «Бәйтерек» деген петарданың бағасы 52 мың теңге екен. Ресми дерек бойынша, жыл сайын мереке қарсаңында қазақстандықтар түрлі отшашулардың өзіне 15 миллион АҚШ долларын жұмсайды екен. Алайда оның пайдасынан зияны көп болып тұр. Өйткені әр Жаңа жыл сайын елімізде кем дегенде 200-дей бала аурухана төсегіне таңылып, түрлі дене жарақаттарын алатынын айтып дәрігерлер үнемі дабыл қағады. Мәселен, «отшашудың отаны» Қытайда бұған арнайы орындар қарастырылған. Бізге де көрші елдің осы тәжірибесі қажет секілді.
Жоғарыда айтқанымыздай, Жаңа жылда Аяз ата мен Ақшақарға да сұраныс көп. Балалар асыға күтетін қос кейіпкердің қызметі биыл да қызып тұр.
– Егер 30 желтоқсанда тапсырыс берілсе, онда құттықтау сағатына 15 мың теңге болады. Бірақ тапсырысты 31 желтоқсан күні алсақ та, сол баға өзгермейді. Бізге мереке күнінде шақырту көп түседі, – дейді сауық кешін ұйымдастыратын агенттіктің өкілі.
Осы орайда ата-аналардың да пікіріне құлақ түрген едік.
– Әрине, күллі әлем асыға күтетін Жаңа жылға барынша дайындаламыз. Балаларымыз да осы мерекені ерекше тосады. Балабақшада білім алатын бүлдіршініміздің жаңажылдық кешіне түрлі үлгідегі киімдерін, сыйлығын сатып әпереміз. Үйімізге шырша орнатып, отшашулар аламыз. Соның өзіне кемінде 100 мың теңгеден астам қаржы жұмсаймыз. Меніңше, бұл мерекені осындай сән-салтанатпен атап өткеннің еш сөкеттігі жоқ деп ойлаймын, – дейді Дастан Жылысбаев.
Қарап отырсаңыз, бір баланың өзіне осынша қаржы шығындалып отыр. Бұған дастарқанға қойылатын азық-түлік өнімдерін де қосыңыз. Қазіргідей нарық қос бүйірден қысқан уақытта бұл көпбалалы отбасылар үшін едәуір салмақ түсіретіні белгілі. Ал сіз қанша қаржы жұмсайсыз?

Жұматай КӨКСУБАЙҰЛЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.