Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мерейі асқан шаңырақ

0 241

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақта «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің биылғы жеңімпаз және жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті.

Шапағат ӘБДІРҰЛЫ

Өнегелі отбасы – елдің тұтқасы. Жарасымды жанұя мен ізгі қасиетке толы әулет қашанда көпке үлгі болуы тиіс. Осы мақсатта 2013 жылы Елбасының Жарлығымен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы жарияланған болатын. Содан бері өткізіліп келе жатқан байқаудың биылғы жылы бірінші, яғни аудандық/қалалық кезеңі 15 мамыр-15 маусым аралығында өтіп, оған Тараз қаласы мен аудандардан барлығы 201 отбасы қатысып, оның ішінде облыстық кезеңге 22-сі жолдама алған.

Конкурстық комиссияның шешімімен жеңімпаз отбасылар анықталып, жүлделі орындар беріліп, облыстық кезеңінің бас жүлде иегерінің құжаттары конкурстың республикалық кезеңіне қатысу үшін Нұр-Сұлтан қаласына жіберілді. Атап айтар болсақ, комиссия шешіміне сәйкес облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Меруерт Лештаева «Өнерлі отбасы» номинациясын Жуалы ауданынан Мұратаевтар жанұясына, ал Сарысу ауданынан келген Саламатовтар отбасына «Өнегелі отбасы» номинациясымен қатар 150 мың теңгенің сертификатын табыс етсе, ІІІ орынға Меркі ауданынан Жұматаевтар отбасы ие болды. Марапатты мәслихат депутаты Жұмақан Мұқашұлы тапсырды. Ал ұлттық ойынымыз көкпарды көкке шығарып насихаттап жүрген Жамбыл ауданынан келген Тазабековтер отбасы ІІ орынды жеңіп алды. Ал қашанда елге көмек керек болса, бірінші болып қол үшін созатын Тұрар Рысқұлов ауданынан келген Исаевтар жарыстан да І орынға ие болды. Ал халықтың ауырған жанына дауа болып, шықпас жанға себеп болған дәрігерлік кәсіпті үш ұрпақтан бері жалғастырып келе жатқан Умаровтар жанұясына бас жүлдені лайық деп танып, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өз қолымен табыс етті.

– «Отан отбасынан басталады» дейді дана халқымыз. Әрбір адамның да, мемлекеттің де тиянақты тұғыры – отбасы. Бүгінгі ұлттық байқаудың мақсаты – сол бір шаңырақ аясында жүріп өнегелі істерімен көзге түскен азаматтарды анықтап, өз құндылықтарын дәріптеп, үлгілі ұрпақты қоғамға көрсету. Халық санының өсуі де біздің мемлекетіміздің салиқалы саясатының арқасында арта береді деп сенеміз. Біз мемлекет тарапынан өнерлі отбасыларды қолдауға әрқашан дайынбыз. Сонымен қатар осындай тойдың болуы – бірінші кезекте денсаулықтың жақсы болғанынан. Егер денсаулық болмаса, бұл жерге келе алмас та едік. Сондықтан өздеріңізді қорғаңыздар, мынау жүріп жатқан індеттен тез құтылудың да жолын қарастырып, вакцина салдырыңыздар. Ол өздеріңіздің бен жақындарыңыз үшін қажет. Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген қанатты сөз бар. Әр ұлттың, әр мемлекеттің болашақ дамуы үйдегі тәрбиеден негіз алады, – деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Ал бірінші орын алған отбасының мүшесі, жетім балаларды асырап алушы Дина Елубаева: «Біз қараусыз қалған балаларды бағып алумен шұғылданамыз. Оларды ержеткізіп, жетілдіріп, қатарға қоссақ, бізде одан асқан қуаныш болмас еді. Қазір қолымда асырап алған алты балам бар. Үлкені 15 жаста, кішкентайы 4 жаста. Егер тағы да бағып алу орайы болса, бауырыма баса беремін, – дейді.

Жалпы өңірімізде 36 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар екен. Мемлекет тарапынан оларға осындай жобалар аясында үй беру жағынан, сондай-ақ әлеуметтік жеңілдіктер қарастырып, үздіксіз қолдау көрсетіліп келеді. Елімізде тұратын әрбір көпбалалы ананың қуанышы – Отанымыздың қуанышы. Әр ана мен баланың шаттығы мемлекеттің тойы болмақ.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.