Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Мен жастарға сенемін» өлеңіндегі ұлттық рух

0 798

Жанерке Бейшенкулова,
Төле би атындағы №8 гимназияның
10 «Ә» сынып оқушысы
Тараз қаласы

Қандай да бір ақын болмасын сол замандағы басты мәселелерді, ел теңдігі, табиғат көркемдігі, қиыншылықтар мен жақсылықтарды өз өлең-шығармаларында ұштастыра білген. Осындай ақындардың бірі – Мағжан Бекенұлы.

Мағжан Бекенұлы Жұмабаев – Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы. Қазақ балаларының білімді, саналы болуына ықпал еткен асыл жандардың төресі, ойшылы еді. Ол өлең жазудан бөлек, ұрпақ тәрбиесіне арнап «Педагогика» деген ағартушылық бағытта кітап жазған.
Ақынның шығармашылығына орын берсек, Мағжан – сыршыл ақын, демек, шығармашылығы толған жұмбақ, сыр-құпия. Жүректің қобызын шерте білді, оның жүрегінен жас пен қан аралас тәтті сөздері өзгенің, яғни оқырманның жүрегіне тәтті удай әсер етеді. Яғни ақынның ойлағаны, сезгені, жүректің қайғыруы, жанның күйзелуі сияқты сезімдер туындыдан анық көрініп тұр. Мағжанның кез келген шығармасына көз жүгіртсек, халықты не оқырманды мұңайтады, оятады, жылатады, жігерлікті, күш-қуаттылықты асқақтатады. Осындай асыл құндылықтарға ие, керемет шығармаларының бірі – «Мен жастарға сенемін».
Мағжан Жұмабаевтың бұл көркем шығармасы болашақтың жарқын өркендеуі, асқақтай дамуы тек жастардың қолында екенін ұғындыруды мақсат етті. Ақынның тағдыр тауқыметіне көз салсақ, туған халқының жағдайын ойлау, қазақ балаларының өзгелер секілді білім мен ғылымды тең меңгеру және ұғындыру жолында қазақтың ұлы зиялыларымен қоса азап шекті. Түрмеге қамады, соттап, жер аудырып жіберді, ұрды, соқты, білгенін істеді. Бірақ та «Әрбір қиыншылықтың артынан жеңілдік келеді» демекші, Мағжан атамыз жастардан үмітін үзген жоқ. Ол сенді, олардың ғасырлар бойы армандаған арманы бір күні жер жарып, шындыққа айналып, орындалатынын білді.
Жанынан арды қымбат санаған қайраткер, сыршыл ақынға арналған талдауымды қорыта келе, Мағжан Бекенұлы қазақ халқының болашағы тек саналы, қайратты ұрпақтың қолында екені, ұрпақ үшін төгілген әрбір маңдай тердің азығы, жемісі қазіргі XXI ғасырда орын алып отырғандығын көрудеміз. Тәуелсіз, кең-байтақ жерімізде шетелде көк туымызды желбіретіп, асқақтатып жүргені – ұлы ұрпақтың еңбегі, ақын сенген жастардың үлесі. Елімізді кез келген салада дамытып, әлем деңгейіне, жұрт қатарына қосылуымыз – қазақ зиялыларының ұлы арманының орындалуы.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.