Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мен саған ғұмыр сыйлаймын!

0 275

Адамдардың түр-түсі іспетті әркімнің тағдыры да әртүрлі. Бірі шалқып-тасып ғұмыр кешсе, енді бірі жетіспеушіліктің азабын тартады. Біреудің басы бақыттан айналып жүрсе, енді біреу мұңнан көз ашпайды. Енді біреулер сап-сау жанын қоярға жер таппай зиянкеске үйірсектесе, енді бірі жанына сауға сұрап, ауыр дертпен алысып жүр. Осы орайда сол жанына дауа, дертіне шипа іздеп, трансплантацияға жүгінгендер туралы айтпақпыз.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Трансплантация тарихы

Трансплантация латын тілінен аударғанда transplantatіo – ауыстырып салу деген мағына береді. Мәселен, адам мен жануарлардың органдары мен тіндерін, өсімдіктерде өсімдік бөліктерін аналық өсімдіктердің басқа жеріне немесе басқа өсімдіктерге ауыстырып салуды айтады. Трансплантация әдісі көне заманнан белгілі болған. Тері қабатының орнын ауыстырып салу әрекеті алғаш рет біздің заманымызға дейін 1500 жылы жасалыпты. Клиникалық тәжірибеде бұлшық етті, сіңірді, қан тамырларын, жүйке талшықтарын, сүйек кемігін, тағы басқа да жерлерді ауыстырып салу жиі қолданылады. Ал соның ішінде трансплантацияның ерекше түрі – қан құю болса, ең жиі алмастырылатын орган – бүйрек болып саналады екен.

1902 жылы австриялық хирург Е.Ульманн алғаш рет бүйректі трансплантациялау отасын жасапты. Бұрынғы КСРО-да мұндай операцияны бірінші болып белгілі орыс хирургі Б.Петровский 1965 жылы жасаған екен. Ол донор бүйректі шешесінен алып, қызына салған. Бұл жағдайда ота сәтті аяқталған. Адамнан адамға жүрек алмастыруды алғашқы 1967 жылы оңтүстік африкалық хирург К.Барнард қолға алған. Бұл жағдайда пациент 18 күн өмір сүрген. Клиникада өкпені ауыстыру процесінің алғашқы отасын 1963 жылы америкалық кардиохирург Дж.Харди бір топ дәрігермен бірге іске асырған.

Трансплантацияға қажетті орган не тінді трансплантат деп атайды. Мұны ауру адамның ең жақын туысынан немесе қайтыс болған адамнан (мәйіттен) жан-жақты медициналық тексеруден өткізген соң ғана алады. Трансплантатқа қойылатын өз шарты бар. Мұндай жағдайда ескерілуге тиіс жайттар: мәйіт жас адамдікі болғаны жөн, қан қысымы қайтыс болғанша қалыпты деңгейде болуы тиіс, қатерлі ісік немесе жұқпалы аурумен ауырмауы қадағаланады.

Әлемде адамға тұңғыш трансплантация операциясын хирург Ю.Вороной жасаған. 1933 жылдың 3 сәуірінде жасы 60-ты еңсеріп қайтыс болған қарияның бүйрегі 26 жасар келіншекке салынған екен. Алайда мұның соңы сәтсіз аяқталып, емделуші екі күннен кейін көз жұмады. Ю.Воронойдың сәтсіз операциясынан соң, Еуропа мен АҚШ ғалымдары жануарларға тәжірибе жасап көреді. 1950 жылдың 17 маусымында АҚШ-та бүйрек ауыстырып салынады. Отадан соң емделуші бес жыл өмір сүрген. Әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, трансплантациялық операциядан кейін 37 жыл өмір сүрген адам да бар. 1951 жылы ғалым В.Демихов тұңғыш рет иттің жүрегін ауыстырған. Ал 1967 жылы ғалым Кристиан Барнард адамның жүрегін ауыстыру операциясын тұңғыш рет жүзеге асырған екен. Донорлық мүшемен (жүрек) өмір сүру ұзақтығы бойынша рекорд жасаушы америкалық Тони Хьюсман болып табылады, ол трансплантациядан кейін 30 жыл өмір сүріп, қатерлі ісіктен қайтыс болды.

Трансплантация жайында не білеміз?

Адам ағзасының мидан басқа барлық мүшелерін ауыстыруға болады. Бүгінде озық мемлекеттерде трансплантация жасау кең қолданыста. Елімізде осы кезге дейін бүйрек пен жүректі ауыстыру сәтті жүргізіліп келеді. Жалпы трансплантация жайында біз не білеміз? Бұл мәселеге қоғам қалай қарайды, қалай түсінеді?
Бір адамның ағза мүшелері 4 адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді екен. Өкініштісі, барлық науқасқа бірдей «тегін мүше» табыла бермейді, тегін квота да жетпейді. Сондықтан жыл сайын жүздеген адам трансплантациялық операция жасату үшін шетел асуға мәжбүр.

Жасанды мүшелер нағыз мүшедей қызмет атқармаса да, адам өмірін ұзартады. Өз мүшесін берушіні – донор, донорды қабылдаушы науқасты – реципиент деп атайды. Трансплантат тұрақтамауы донор мен реципиент арасындағы генетикалық айырмашылықтармен себептеледі. Әртүрлі салынған трансплантатқа қарсы иммундық жауаптың дәрежесі де әртүрлі болады екен.

Шариғат не дейді?

Трансплантация жасау, яғни бір адамның тірі немесе өлі болсын, ағзаларын екінші бір адамға ауыстырып салу шариғатта рұқсат етілген. Бірақ бұл амал адамды қорламайтын дәрежеде белгілі бір шарттарға сәйкес орындалуы тиіс. «Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен және кім оны тірілтсе (өлімнен құтқарса), барлық адамды тірілткенмен тең», – деген ислами қағидаға сүйенсек, адамның денсаулығына төніп тұрған зиянды кетіру үшін трансплантацияны тіріден тіріге ауыстыруға рұқсат болғандай, зәру болған жағдайда өлген адамның ағзаларын тірі адамға ауыстыруға да болады.

Ағза сатылмауы керек. Және де ауыстырылатын ағза ұрпақ тарату жүйесіне байланысты болмауы шарт. Ағза берушінің шариғи көзқарасы жағынан өлімі нақты болу тиіс. Яғни рухы тәнінен ажырап, бүкіл дене мүшелері қайта қалпына келтіре алмайтындай жағдайға жетіп, жерлеуге рұқсат беретін дәрежеде болуы керек. Клиникалық өлім немесе миы өліп, басқа дене мүшелері істеп тұруы шариғи өлім болып саналмайды. Тек жүрек соғысы, тынысы тоқтап, мидың бүкіл қызметтері істен шығып, рухы мен денесі бір-бірінен ажырағанда ғана өлік болып есептеледі. Адамның жаны шыққаны немесе шықпағаны үш адамнан құрылған білікті, сенімді медицина мамандарының жазбаша түрде куәлік етуімен болады. Бұл комиссия мүшелері мемлекеттік деңгейде расталған мамандар болуы керек. Егер осы аталған шарттар орындалмай, адамның ағза мүшелері тасымалданса, оны өлтіргенмен тең күнәға батады. Ағзаны беруші адам өз еркімен тірі кезінде ақыл-есі дұрыс сәтінде өлгеннен кейін белгілі мүшелерін басқа адамға беруін өсиет еткен болуы шарт. Өйткені трансплантация жасау адамды қорлауға алып бармау керек. Яғни қалдырған өсиеті адамның денесі босап қалатындай көптеген ағза мүшелерін қамтымауы тиіс. Себебі бұл – Құранда адамды ардақтап келген аятқа қайшы әрекет. Сонымен қатар аталық және аналық без, яғни жыныс мүшесін ауыстыруға шариғатта тыйым салынған.

Соқ, жүрек!

Трансплантология мәселесіне тоқталып, зерттеу барысында Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Толқын Өмірбаева біздің өңірде мұндай ота жасалмағанын алға тартты. Алайда шет мемлекетке барып, ота жасатқан Тараз қаласының тұрғыны, зейнет жасындағы апаймен тілдесудің сәті түсті. «Бүйрегімді ауыстырдым. Көз бар, тіл бар дегендей, мен бұл мәселені жылы жауып, ешкімге айтқым келмейді. Жалпы осындай трансплантациялық отаны басынан кешірген адам өмірді қайта бастағандай ерекше күйге түседі. Менің туған сіңілім маған бір бүйрегін берді. Сіңіліме мәңгілік қарыздармын. Өз атымды айтып, бұл мәселені жариялағым келмейді. Бір білерім, адамның адамға, бауырдың бауырға деген махаббаты барлық қиындықты, ауру-сырқауды жеңіп шығады екен. Мұндай ота маған адамға адамның қадірін арттырып, адамның күні адаммен екенін ұқтырды», – деді ақ жаулықты ана.

Дэвид жастық жалын, ішкі қуаты зор ұл еді. Ол жиырма жасына дейін жақсылық жасауға, әлдекімге қамқорлық танытуға, мейірімді болуға, барлық ізгілікке ұмтылды. Үлгерді. Тек өмір сүруге ғана үлгермеді… Ол өзінің аз ғана ғұмыр кешетінін білгендей, «мен өлсем, донор боламын» деп жиі айтатын. Қасіретке толы күні Дэвидтің ғұмыры қиылғанмен, оның жүрегі басқа баланың кеудесінде соқты. Дэвидтің туыстары ана мен бала жүрегінің кездескен сәтін бейнекамераға түсіріп, «Ютуб» желісіне жариялапты. Дэвидтің анасы отадан кейін оңалған ұлды құшағына алған сәт тізерлеп отыра қалып, жүрегінің дүрсілін тыңдады. «Ұлымның жүрегі» дегеннен өзге ештеңеге тілі келмей, көз жасына ерік берді. Иә, бұл жүрек көршісінің баласын өрттен құтқарған, суға батып бара жатқан қызды да ажалдан алып қалыпты. Анаға қамқор, әкеге мейірімді. Енді ол басқа кеудеде соғып тұр. Анасына бұл да болса бір медет. Мына «жаңа» жүректің иесі де енді әлемге мейіріммен қарайтынына сенеді.

2015 жылы қыркүйек айында Құралай Қалмұратқызы Асылай есімді тұңғышына ғұмыр сыйлап, ана атанады. Аяғы ауыр уақытта ешқандай ауырлықты сезінбеген жас ана қызының сарғайып кеткенін байқап және қажетті процедуралардан кейін де сарғыш тартқан өңі оңалмаған соң, дабыл қағып, перзенті үшін шыбын жаны шырылдап дәрігерден дәрігерге жүгіреді. Асылайдың бауыр циррозы дертіне шалдыққанын 4 айында нақты біліпті. Бұл мәселеде бауырды ауыстыру қажет болады. Анасы донор болуға бауыры сай келмегендіктен, Құралайдың бауыры Гүлпан донор болуға келісім береді. Дертке шипа, жанға дауа іздеген отбасы Мәскеу қаласына да барып қайтады. Ұзынқұлақтан Алматы қаласындағы Сызғанов атындағы хирургия ғылыми-зерттеу орталығында трансплантация жасалмақшы екенін естіп, сол жерге анализ өткізеді. Сөйтіп, қызылордалық 5 айлық сәбиге трансплантация жасауға дайындық жүріп жатады. Алайда Алланың ісіне амал жоқ, сол бала шетінеп кетеді де, Асылайды транслантация жасауға алады. 26 наурыз күні 300-ден аса сәбиге ота жасаған үндіс Саваш Губто есімді хирург-трансплантолог 14 сағат бойы тараздық Асылайға ота жасайды. Асылайдың бауыры алып тасталып, донор әпкесі Гүлпанның 20 пайыз бауыры қондырылады.

– Қазір Асылай 4 жаста. 6 айында ота жасалған. Қызымның көретін жарығы бар екен, осы орайда донор болған әпкеме алғысым шексіз. Менің қызым – Алматы қаласында бауырын ауыстырған тұңғыш сәби. Ал бүгінде ол жерде дәрігерлер трансплантация жасаудың шеберіне айналған. Алдымен Құдайға, екінші әпкеме, одан соң дәрігерлерге аналық жүрегіммен алғысым шексіз. Әпкем Қазақбаева Гүлпан Қалмұратқызы – №9 орта мектепте директордың орынбасары қызметін атқарады, екі ұлдың анасы. Оның дәл осы әрекетін ерлік деп санаймын, – дейді Асылайдың анасы Құралай Қазақбаева.

Иә, әлдекімге қамқорлық таныту – мейірім, ал өз денсаулығын қатерге тігіп, әлдекімге ғұмыр сыйлау – ерлік. О дүние мен бұ дүниенің арасын жалғап тұрған осынау адам махаббатының биігі аласармаса екен.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.