«Еңбегің егіз болса, байлығың сегіз болады, еңбегің қатты болса, татқаның тәтті болады» деген. Тамылжыған таң шапағымен ерте тұрып, қас қарайғанша тебен мен бізді, балға мен шегені серік еткен етікшілердің кәсібі үлкен еңбекті талап етеді. Жаңа технологиялардың дәурені орнаған заманда бұл кәсіпке менсінбей қарайтындар да көбейіп барады. Екі қолға бір күрек таба алмаса да, етікші болудан арланатындарды да көзіміз көріп жүр. Осыған қарай, газетіміздің кезекті санында тарихы тереңде жатқан көне кәсіптің қыр-сырымен танысуды жөн көрдік.

Сәндібек Піренов Суреттерді түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Тарихшылардың еңбегіне жүгінсек, тамыры палеолит дәуірінен тарайтын көне кәсіптің бірі – етікші мамандығы. Алғашында тек ебі бар санаулы адамдар ғана меңгерген кәсіп ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, күні бүгінге дейін жеткен. Жасыратыны жоқ, заман ағымына байланысты біз бен егеуді пайдаланып етік тігетіндер саусақпен санарлық қана қалды. Солардың қатарында «Арай» акционерлік ұйымының жанындағы аяқ киім жөндеу шеберханасында кәсібінің нәсібін көріп отырған етікшілер де бар. Кәсіпті жастайынан меңгерген Рысбек Жұмабаев пен Дайрахан Қамбаров отыз жылдан бері өздері қалаған мамандық бойынша кәсібін дөңгелетіп отыр.

Сапалы аяқ киімге сұраныс жоғары

Дәл осы шеберханадан сапалы аяқ киімдерді сатып алуға асығатын жандардың көп екенін естіген едік. Бірақ кәсіпкерлердің шағын ғана шеберханада жұмыс істеп жатқандарын көріп, сенер-сенбесімізді де білмей қалдық. Жұмыс орны шағын болса да, ішіндегі арнайы құрал-жабдықтар мен етіктер тақталып жинақталған екен. Мүңкіген иістің жоқтығына қарағанда, экологиялық таза өнімдердің сапасы жақсы болар деген тоқтамға келдік. Ісмерлер ең әуелі аяқ киімге қажетті былғарының сапалы болуын назарда ұстайды. Жұмысқа қажетті барлық тауарды отандық өнім өндірушілерден алады. Шеберханада былғарыны пішінге келтіретін және оны тігетін машиналар бар. Пішіні тігілген соң, оны арнайы қалыпқа салып, нақты өлшемін шығарады. Етіктің алдыңғы және артқы бөлігін тігіп, үстіңгі бөлігін дайындайды. Содан кейін ғана дайын етіктің нобайына табанын қағады немесе желіммен жапсырады. Шеберханадағы негізгі жұмыстың барлығы қолмен жасалатыны белгілі болды. Демек, шебердің қолынан шыққан әрбір аяқ киім – қолөнер туындысы. Аталмыш шеберханада аяқ киім тігумен қоса, оны күрделі жөндеуден де өткізеді. Бір сөзбен айтқанда, шеберлер кез келген аяқ киімді жөндеуге қабілетті. Сол үшін де шеберханаға ағылатын халықтың саны көп. Етік тігудің тәсіліне қарап байқағанымыз, ұста болу үшін геометрия мен математикаға да жақын болуың керек. Себебі бір етіктің өзін тігу үшін, оның барлық бөліктерінің нақты өлшемін дәл таба білу керек. Бұл – тек шебер етікшілердің ғана қолынан келетін іс. Бүгінде шебердің аяқ киімдерінің сапасы жоғары, ал бағасы қолжетімді. Олардың қолынан шыққан етіктің құны 10-15 мың теңгенің көлемінде. Мұндай аяқ киімдер шетелден келсе, 50 мың теңгеден кем түспейтін еді. Бірақ халықтың қалтасына ауырлық салмауды ойлаған кәсіпкерлер бағаны орынды қойып отыр.

Мамандық таңдаудан қателеспеу керек

Өмірге келген әр адам алға қойған мақсатына қарай мамандық таңдап, жұмыс жасайды. Соған сәйкес жақсы нәтижеге қол жеткізуге тырысып бағады. Ол үшін ең алдымен мамандықтан қателеспеу керек. Біздің кейіпкерлеріміздің де өзі қалаған кәсіптің иесі атанудан бұрын, жүрген жолы бөлек бір әңгіме.
– Қазіргі кезде жастардың басым бөлігі мамандық таңдауда шалыс басады. Бірақ бұл жаңалық емес, себебі адамзат баласы қай дәуірде болмасын мамандық таңдауға ерекше назар аударған. Мен де кезінде Алматы қаласындағы ҚазПИ-ге оқуға түсуге барып, емтиханнан шыққанда екі езуім құлағыма жетіп қуанған едім. «Қалай тапсырдың?» деп мені қоршап алған студенттерге «құладым» деп жауап қайыра салып, аэропорттан қалаға 45 минутта жеттім. Бұл оқиғаның басы әріде басталған. Біздің әулетіміздің барлық мүшесі мұғалім болып, менің де дәл сол мамандық бойынша білім алғанымды қалады. Бірақ мен ол жолмен жүрмедім. Неге десеңіз, мен ұстамын. Әке-шешем «әулетімізді ұятқа қалдырасың, қалайша етікші боламын дейсің?» деп райымнан қайтармақшы болып барын салып бақты. Кейін ақыры ұсталыққа келгенімде, «ризасың ба?» деп тағы сұрады. «Өмір бойы риза болып өтемін» дедім. Міне, соның арқасында өзім қалайтын жұмысты таптым. Мысалы, менің ағам өзі жүргізуші болғысы келген. Бірақ ол үйдегілердің айтқанымен жүріп, педагогикалық университетті бітірді. Әлі күнге дейін өкінішін айтып келеді, – деген Рысбек Жұмабаев мамандық таңдауды өмірдің қателікті кешірмейтін қағидасы дейді.

Жастар арасында кәсіпке қызығатындар аз

«Ерінбеген етікші болады». Қазақ қоғамы осы кәсіптің маңызын әлдеқашан айтып кеткен. Етікшілік – ә дегеннен үйреніп кететін кәсіп емес. Оған бас қатырмай-ақ іліп алып кетемін деп қарауға болмайды. Уақыт өткен сайын бір орында тұрып қалмай, шыңдалатын ісмер ғана нағыз шебер бола алады. Себебі өнерге атүсті қарауға болмайды. Қазіргі жастардың бұл мамандыққа келмеуінің түрлі себебі бар. Мәселен, көбісі «етікші бола саламын, табыс таба саламын» деп ойлайды. Егер адамның ебі болмаса, ол он жылдан кейін де оң нәтиже шығара алмайды. Етікші боламын, үйренемін, кәсіп ашамын деп шеберлерге келетін санаулы жастар өзінің істеген жұмысынан артық ақша табуды көздеген соң, қолын бір сілтеп кетеді екен. Тек бұл мамандықтың қиындығына көнемін деп нақты мақсат қойғандар ғана ата кәсіпті игеріп кете алады. Иә, шынында солай, етікші болу – епті адамға таптырмайтын табысты кәсіп. Қазіргі кезде аяқ киім тігетін жастардың санаулы екенін білетін ұсталар мамандықтың болашағына алаңдайды. Себебі ата кәсіпті шебер меңгергендердің көбісі – егде жастағы кісілер. Кезінде шебер ұсталардың қасында ұзақ жүріп, етік тігудің қыр-сырын терең меңгергендер мамандыққа қызығатын жастарға көмек қолын созуға дайын. Қазіргі кезде табысын есептей білетін және өз еңбегінің құнын дұрыс бағалайтын жастар болса, мамандықты игеріп кетуге мүмкіндігі жоғары. Бүгінгі кәсібін дөңгелетіп отырғандар да осыны айтады.

– Етікшілікті кез келген адам үйреніп кете алмайды. Оған ең әуелі ынта-жігер мен табиғи дарының болуы керек. Осы жерде жүргеніме 30 жыл болды. Шағын ғана шеберхананың басшысымын. Қазіргі кезде әр саланың өз маманы бар. Мысалы, дүңгіршектерде аяқ киім жөндейтіндердің еңбегі де өз алдына бір бөлек. Мұндай дүңгіршектер 1993 жылдары көбейіп, уақыт өте келе кәсібін дөңгелеткендер әрі қарай жұмыстарын жалғастырса, қалғандары басқа салаға ауысып кетті. Ал қазір, керісінше, сапалы етіктерге жылдан-жылға сұраныс артып жатыр. Осы орайда жастардың өзінше бөлініп, тобыр болып көше кезіп жүргендері бізді алаңдатады. Кезінде етікші мамандарды арнайы даярлайтын оқу орындары көп болған. Қазір бұл мамандық бойынша оқытатын оқу орындары да санаулы-ақ. Дегенмен бізден үйреніп шыққан шеберлер аудандар мен қала ішінде де ұсталық етіп жүр. Әрине, үйренемін деп келген жандарды бөліп-жармай білгенімізді үйретіп жібереміз. Кезінде өзіміз ұсталардың қыр соңына түсіп алып үйретуін сұрайтынбыз. Сөйтіп, сол шеберханада ұзақ уақыт жұмыс жасайтынбыз. «Дүние алма-кезек» деген осы екен, – деп сөзін түйіндеді Рысбек Жұмабаев.


Етікші болғыңыз келсе…

Облыс орталығындағы тері өңдейтін зауытта кезінде 6000 адам үш ауысымда жұмыс істеген. Егемендік алған тұста нарыққа шетелдің аяқ киімдері кіріп, аяқ киім шығаратын зауыттар жұмысын тоқтата бастаған. Ол кезде қазіргі Тараз мемлекеттік университетінде арнайы етікші мамандығы ашылып, сала бойынша білім алған студенттер де аз болмаған. Десе де, «Жеңіл өнеркәсіп бұйымдарының технологиясы мен конструкциялау және дизайн» кафедрасында «Былғары бұйымдарының технологиясы және құрастырылуы» мамандығының бір бағытында аяқ киім тігетін мамандарды даярлайды екен. Онда аяқ киім тігуге арналған жаңа технологиялар жеткілікті. Ал студенттер өндірістік тәжірибесін Түркия мен Грекияның ісмерлері қаламызда осыдан 5 жыл бұрын құрған «Ellin Shoes» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде өтіп жүр. Қазіргі таңда аталмыш кәсіпорын – заманауи аяқ киімдерді өндіретін алдыңғы қатарлы өндіріс ошағының бірі. Қысқасы, жастарға ата кәсіпті жалғастыру үшін қажетті жағдай қарастырылған. Бірақ осы бағытта білім алатын студенттер саусақпан санарлық қана. Басқасын айтпағанда, студенттердің мемлекеттік грантпен де білім алғысы жоқ. Еліміздің басқа аймақтарында дәл осы аяқ киім тігуді үйрететін мамандар тапшы болса, өңірімізде университетке қарасты шағын цех жұмыс жасап отыр. Соның өзінде жыл сайын мамандыққа қызығатын жастардың қатары сейілуде.

Түйін:
Жасыратыны жоқ, жұмыссыздық қай қоғамда болмасын өзекті мәселелердің тізімінен түскен емес. Қалтасында көк тиыны болмаса да, жастардың көзіне етікші кәсібі бұлыңғыр тартып тұратындай. Тіпті кербездік танытқан кедейдің де кәсіпке келуі екіталай. Кәсіптің нәсібін көріп отырған шеберлер қай кезде болмасын қолынан іс келетіндерге етікшіліктің қыр-сырын үйретуге дайын екендерін айтады. Ісмерлер ұзақ жылдар бойы айналысып келген кәсіпті бес саусағындай біледі. Алдағы уақытта жұмыс орнын кеңейтуді жоспарлап отыр. Себебі сапалы аяқ киімге жыл сайын сұраныс артпаса, кеміген емес.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған