Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мемлекеттік қызметте ең бастысы – жауапкершілік

0 407

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте ағымдағы жылдың қаңтар-қазан айларындағы бюджеттің орындалуы және шаһардың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші қаралды. Сондай-ақ қала тазалығы, жол құрылысы, тұрғын үй және тал-дарақтар отырғызу сынды мәселелер талқыға түсті.

Жиында ең әуелі сөз алған қала әкімдігі қаржы бөлімінің басшысы Жеңіс Пәрімбеков бюджеттің орындалуы бойынша қаңтар-қазан айларының қорытындысын баян етті.

– Үстіміздегі жылдың 1 қарашасына Тараз қаласы бюджетінің кіріс бөлігінің орындалуы 106,6 пайызды құрады. Есепті кезеңге жоспар 38 334,3 млн. теңге болса, орындалуы 40 874,2 млн. теңге немесе 2 539,9 млн. теңгеге артығымен орындалған. Оның ішінде өзіндік кірістер 110,1%. Жоспар 26 071,4 млн. теңге болса, орындалуы 28 705,1 млн. теңге немесе 2 633,7 млн. теңгеге артығымен орындалып отыр.

2023 жылдың 1 қарашасына Тараз қаласы бюджетінің шығыс бөлігінің игерілуі 99,8%-ды көрсетті. Төлемдер жоспары 47 150,6 млн. теңге болса, игерілуі 47 056,6 млн. теңге немесе 94,0 млн. теңге игерілмеуі қалыптасып отыр, – деді бөлім басшысы.

Бақытжан Әмірбекұлы өз кезегінде қазына қаржысы мақсатты жұмсалуы қажет екенін тағы бір мәрте ескертіп, бюджеттен бөлінген соманы жыл соңына соза бермей игеруді тапсырды.

Тараз қаласы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жандос Ордабаевтың сөзіне сүйенсек, 10 айдың қорытындысымен өнеркәсіп өндірісі 396,3 млрд. теңгені құраған екен. 11 айдың қорытындысымен 440,8 млрд. теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 101,3 пайызға орындалуы жоспарлануда. Жыл қорытындысымен 491,7 млрд. теңгеге немесе нақты көлем индексі 101,5 пайызға орындалуы күтілуде.

Аппараттық кеңесте өзге де бөлім басшылары өз салалары бойынша атқарылған жұмыстар мен алда тұрған межелі міндеттерді баян етті.

Бақытжан Әмірбекұлы мемлекеттік қызметте ең бастысы жауапкершілік екенін баса айтып, бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ құрылыс пен инфрақұрылым бағытындағы жұмыстарды ширату қажеттігін алға тартып, қызметіне салғырт қарағандардың ешкім басынан сипамайтынын ескертті.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.