Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мемлекеттік қызметшілер марапатталды

0 178

Тараз қаласы әкімдігінің мәжіліс залында Мемлекеттік қызметшілер күніне орай қала әкімі Ержан Жылқыбаев марапаттау рәсімін өткізді.

Жиынды шаһар басшысы Ержан Жылқыбаев құттықтау сөзбен ашып, жүргізіп отырды.

– Әрбір өркениеттің өріне қадам бастаған мемлекеттің ең басты тірегі оның идеясы мен саясатын алға апарушы мемлекеттік қызметкер болып табылады. Сондықтан да ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу – мәртебелі міндет. Мемлекеттік қызметші қай кезде де биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін көрсетеді. Дана халқымызда «Билігі мықты елдің тірлігі құтты болады» деген сөз бар. Сондықтан қашанда жүгі ауыр билік міндетінің ауқымды және мақсатының биік болары барлық мемлекеттік қызметшілердің әрқашан жадында болуы керек. Мемлекеттік қызметшінің басты міндеті туған Отаны мен халқына адал қызмет етумен бағаланады. Бүгінде қала әкімдігінде 165 мемлекеттік қызметші және келісімшарт негізінде 296 қызметкер жұмыс жасауда. Сіздердің әрбіріңіздің күнделікті жүйелі және үйлесімді қызметтеріңіздің арқасында мемлекеттік аппараттың толыққанды жұмыс істеуі қамтамасыз етілуде. Нәтижесінде қала әкімдігінің алдында тұрған аса маңызды және күрделі мәселелер мен тапсырмалар өз шешімін тауып, халық игілігі үшін жасалған маңызды жобалар жүзеге асуда, – деді шаһар басшысы.

Өз еңбектерімен ерекше көзге түскен мамандарды марапаттау барысында өңіріміздің дамуына үлес қосқан біршама қызметкерлер марапатталды.

Қала әкімі аппаратының мемлекеттік көрсетілетін қызметті дамыту бөлімшесінің басшысы Меруерт Молдағалиева Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің грамотасымен, қала әкімінің кеңесшісі Жанболат Таңатаров және Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Дәурен Абдуқасымов Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, қала әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Алмасбек Бөбеев және қала әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Әсел Мәдешова облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар қала әкімінің бас инспекторы Әмірхан Қанаев, қала әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Ғазиз Ералиев, қала әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің сектор меңгерушісі Дархан Шершатов қала әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.Сондай-ақ салтанатты жиында шаһар басшысының Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты бірқатар маман иелеріне табысталды.

Жиын соңында Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев те ел үшін аянбай еңбек еткен марапат иелерін құттықтап, ізгі лебізін білдірді.
Ақнұр НҰРЖАНҚЫЗЫ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің
2-курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.