Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қалада тынымды тірлік көп

0 10

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен Тараз қаласы әкімдігінің ғимаратында облыстық басқармалар мен қалалық бөлім басшыларының, коммуналдық шаруашылық кәсіпорындарының, құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен кеңес өтті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Қала әкімі Ержан Жылқыбаевтың айтуынша, қаланың жалпы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішінде оң динамика сақталған. Қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша өнеркәсіптегі өндіріс көлемінің өсімі 103 пайыз деңгейінде қалыптасса, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі – 136,3%, құрылыс жұмыстарының көлемі – 107,6%, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 107,3% өсіп, ауыл шаруашылығы саласының нақты көлем индексі 100 пайызды құраған. Ал сауда саласы бойынша, бөлшек сауда тауар айналымы 105,4% және көтерме сауда тауар айналымы 111,9%-ға ұлғайды. Атап айтқанда, өнеркәсіп саласында 153 млрд 312,0 млн теңгеге өнім өндіріліп, нақты индекс көлемі 101,3 пайызға орындалуы күтілуде.

– Ағымдағы жылдың 5 айында қала бюджетінің кіріс бөлігі 111,1 пайызға орындалып, шығыс бөлігі 100,0 пайызға игерілді. Камералдық бақылау, салықтық әкімшілендіру, салық берешегін өндіру жұмыстарын күшейту есебінен қосымша түсімдерді қамтамасыз ету мүмкіндігі анықталды. Нәтижесінде қала бюджеті түзетіліп, өзіндік кірістер көлемінің жалпы сомасы 2 млрд 167,9 млн теңгеге, оның ішінде сәуір айында 494,6 млн теңгеге, маусым айында 1 млрд 673,3 млн теңгеге ұлғайтылды. Осы қаражат Сүлейменов көшесінің соңындағы алқаптағы биыл пайдалануға берілетін көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысына, осы үйлердің ішкі инженерлік желілерін жүргізуге, көшелерді жарықтандыру, кіші футбол және балалар ойын алаңшаларын орнату, аулаларды абаттандыру, әлеуметтік маңызы бар жолаушылар тасымалдарын субсидиялау және тағы да сол сияқты әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландыруға бағытталды, – деді қала әкімі.

Қаладағы инженерлік-коммуникациялық жүйелерді жаңарту, тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру, ирригация желілері мен жылдар бойы елеусіз қалған көше жолдарын жөндеу бойынша 2021-2023 жылдарға арналған жылдық өңірлік даму бағдарламасы әзірленген. Мәселен, 89 нысанда су, кәріз жүйелерін жөндеу, 156 көше мен 151 көпқабатты тұрғын үй аулаларын сыртқы жарықтандыру, 27 көшедегі 38,2 шақырым лоток жүйелерін ауыстыру, 6 канал арнасын тазалау, 241 аула алаңшаларын абаттандыру жұмыстары жоспарлануда.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қала басшысының есебін мұқият тыңдап, өзекті мәселелерге қатысты сауалдар жолдады. 455 адам қайтарымсыз грантқа қол жеткізгеніне тоқталып: «Мүмкіндігінше мұндай қайтарымсыз грантпен көп адамды қамту қажет. Бұл – көпбалалы аналарға өз бизнесін бастауға тамаша мүмкіндік», – деді облыс әкімі. Сондай-ақ Тараз қаласының әкімдігіне бұған дейін облыс орталығына санитарлық тазарту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу тапсырылғандығын еске салды.

– Қаланың әр бөлігінде әлі де қоқыс үйінділері азаймай тұр. Әлеуметтік желілерде күн сайын жергілікті атқарушы органға қатысты түрлі пікірлер жазылуда. Қала тұрғындары жасыл желектердің күтім мәселесін көптен бері көтеріп келеді. Біз тұрғындарға лас және ыңғайсыз салондардың, кондукторлар мен жүргізушілердің мәдениетсіздігіне қатысты мәселелердің міндетті түрде шешілетініне уәде берген едік. Бірақ бұл бағыттағы жұмыстарды ешкім бақылап отырған жоқ. Электрондық билеттендіруді енгізу үдерісі де назардан тыс қалды. Жақсы жобаларды қолға алғанмен, аяғына дейін жеткізу керек, – деді облыс әкімі.

Ал құрылыс саласына тоқталар болсақ, ағымдағы жылы 93 нысанның құрылысына 15 млрд 169 млн теңге қаражат бөлініпті. Жалпы биылғы жылы Тараз қаласында 37 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұдан өзге, «Бином» ЖШС тарапынан ірі панельді 6 кредиттік тұрғын үйдің құрылысы басталуда. Жалпы жыл соңына дейін 43 тұрғын үй құрылысы аяқталып, 2480 пәтер пайдалануға берілмек.

Қала әкімдігі мен барлық мемлекеттік органдардың тұрғындармен байланысын нығайту және халықтың көкейіндегі мәселелерді шешу үшін әрбір жұма сайын аумақтық округтерде басшылармен бірлесіп, көшпелі қоғамдық қабылдаулар өтуде. Онда көтерілген мәселелер оң шешімін тауып, қосымша уақытты, қаражатты талап ететін мәселелерге қатысты Жол картасы әзірленген. Тынымды тірлікті еңсерген еңбектің жемісі халық игілігіне жұмсалмақ.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.