Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мемлекеттік рәміздер – елдігіміздің нышаны

0 342

Мемлекеттік рәміздер ұлттың дербестігін айқындайды. Демек, оны сыйлап, құрметтеу әрбір қазақстандықтың парызы. Мекемелерде төл нышанымыздың мемлекеттік рәміздер туралы заңнама талаптарына сай орналасуы шарт. Бірақ зерделеу жұмыстарының нәтижесі мектеп және бөбекжай-бақшаларда әлі де кемшіліктердің барын көрсетіп тұр.

Сәндібек Піренов
Суреттерді түсірген Сәкен Абжапаров

Тараз қаласы әкімдігінің жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия отырысын қала әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Алмас Садубаев жүргізді. Онда алдымен қала әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Ұлана Сламбекова мектеп пен балабақшаларда жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесін баяндады.
–Ағымдағы жылдың 21-30 қыркүйек аралығында білім бөліміне қарасты 109 мекемеге зерделеу жүргізілді. Нәтижесінде, Мемлекеттік рәміздер туралы заңнама талаптарының сақталмағаны анықталды.Заңға сәйкес, әрбір Қазақстан Республикасының азаматы мемлекеттік рәміздерді құрметтеп ұстауға, оларға ұқыппен қарауға міндетті болса, бекітілген Мемлекеттік стандарттарға сәйкес Рәміздерді жыртылған, кірленген, тозған, сынған қалпында қолдануға жол берілмейді. Десек те, №№10,37 орта мектепте, №7 мектеп-гимназиясында және №№7,22,26,37,41,45 бөбекжай-бақша ғимаратының сыртында, яғни арнайы оқшауланған орында орналасқан Мемлекеттік Тулар кірлеген. «Мемлекеттік рәміздер туралы» Заңының 13-бабының 2 тармағында жалпы орта, кәсіптік бастауыш, кәсіптік орта және кәсіптік жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында арнайы оқшауланған көрнекті орынға ұдайы Мемлекеттік Ту тігіледі, Мемлекеттік Елтаңба не олардың бейнесі, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мемлекеттік тілдегі мәтіні орналастырылады деп көрсетілген. Дегенмен, №№19,22,29,31,32,34,36 мектептерде арнайы оқшауланған орынға мемлекеттік рәміздер орнатылмаған.Заңға сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы міндетті түрде орналастырылатын мемлекеттік органдар мен ұйымдардың тұрақты жұмыс істейтін комиссиялары жүзеге асырады деп көрсетілген. Нақтырақ айтсақ, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 1 қазандағы №862 қаулысымен бекітілген «Ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру және жою ережесіне сәйкес мекемелерде Мемлекеттік Туды және Елтаңбаны ауыстыру және жою жөніндегі тұрақты комиссия құрылу қажет. Алайда №40 мектеп гимназиясы мен №23,34 бөбекжай-бақшада Мемлекеттік Туды және Елтаңбаны ауыстыру және жою жөніндегі тұрақты комиссия әлі күнге дейін құрылмаған.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 458-бабының 1 тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Елтаңбасын және олардың бейнелерін заңсыз пайдалану, сондай-ақ Мемлекеттік Гимнін Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұза отырып пайдалану және орындау және 2 тармағында Мемлекеттiк рәміздерді пайдалану мiндеттi болып табылатын жағдайларда оларды пайдаланбау лауазымды адамдарға елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады. Құрметті мекеме басшылары, бұған дейін мемлекеттік рәміздерді пайдалану, орнату және насихаттау бойынша семинарда түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Бірақ кемшіліктер әлі күнге дейін анықталуда,–деді Ұлана Сламбекқызы.
Артынша қала әкімінің орынбасары Алмас Садубаев жылда қайталатын жағдайға байланысты ұсынысын айтты.

–Карантин уақытында осы жұмыстарды оңынан шешуге қиындықтар жоқ деп білемін. Отансүйгіш жастарды тәрбиелеуді ең әуелі мемлекеттік рәміздердерге құрмет көрсетуден бастауымыз керек. Осы орайда олқылықтардың орнын толтырмаған мекеме басшыларына айыппұл салынған дұрыс,–деді ол.
Белгілі болғандай, зерделеу барысында бірқатар мекемелер мемлекеттік рәміздерді реттеу бойынша «білім бөліміне тапсырыс бердік» деген желеумен екі қолды бос қойып отырады екен. Осы орайда қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ұлана Сламбекова әр мекеменің басшысы тапсырысты ертерек беріп, жұмыстарды уақтылы атқаруға болатынын айтты. Осыдан кейін комиссия мүшелері елдегі жағдайға байланысты білім бөліміне қарасты мекемелерге тағы бір мәрте ескерту беруді ұсынды. Сондай-ақ айтылған кемшілікті бірнеше рет орындамаған мектеп пен бөбекжай-бақша басшылығына айыппұл салу орынды екенін бірауыздан мақұлдады.

Осы мәселеге байланысты қала әкімінің орынбасары Алмас Садубаев комиссия мүшелерінің ұсынысын қабылдады. Бірақ кемшіліктер анықталған мекемелерге ескерту немесе тәртіптік жаза қолдану керектігін айтып, бұл жұмыстарды комиссия отырысына қатысқан білім бөлімі басшысының орынбасары Дүрия Тоғатаева тапсырды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.