Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Тұлпаркард» тұрғындар игілігі үшін

0 173

Тараздағы қалаішілік жолаушылар тасымалымен айналысатын автобустарға қатысты бірқатар жаңашылдықтар орын алғалы отыр.

Бұлай деуіме күні кеше енгізілген электронды жол жүру карталары да себепші. Сонымен қатар тасымалдау қызметін көрсететін көліктер де жаңалауды қажет етіп отырғаны жасырын емес.

Тұрақты кезеңде Тараз қаласы бойынша жолаушылар көлігінің бағыты тасымалымен 10 тасымалдаушы мекеме 42 бағытта қызмет көрсетіп отырды. Осы аталған бағыттарда күнделікті 465 бірлік автобус қызмет көрсетті.

Әлемді жайпаған коронавирус инфекциясының салдарынан ағымдағы жылдың наурыз айынан карантин режимі енгізілуіне байланысты бірқатар шектеу шаралары белгіленіп, бастапқы кезеңде қалалық жолаушылар көліктері бағытының қозғалыс кестелері қысқартылып, 10 бағыт таңғы және кешкі мезгілдерде 4 сағаттан ғана қызмет көрсетті. Ал 16 сәуірден 15 маусымға дейін қоғамдық көліктердің қызмет көрсетуі мүлдем тоқтатылды. Бұл бірқатар автобус жүргізушілерінің басқа жұмыстарға ауысуына алып келді.

Осының салдарынан бүгінгі күнде қалалық жолаушылар көлігінің бағыттарында кестелердің жабылуы толық қамтамасыз етілмей отыр. Тұрақты кезеңде күнделікті қызмет көрсететін 465 автобустың орнына 280-ге жуық автобус қана қызмет көрсетуде.

Өздеріңіз білетіндей, ағымдағы жылдың 28 қыркүйегінен бастап Тараз қаласындағы қоғамдық көліктерге «Tulparcard» электронды билеттендіру жүйесі енгізілді. Бүгінде Тараз қаласы әкімдігінің 2020 жылғы 15 шілдедегі дифференциалды тарифті бекіту туралы №2107 қаулысына сәйкес электронды жолақысын төлеу үшін тариф көлемі – 65 теңге, қолма-қол төлеу тариф көлемі 130 теңге болып белгіленді. Айта кету керек, электронды төлем жүйесінің жұмысы күнделікті бақылауда.
Қалалық бағыттардағы автобустардың барлығына төлем қабылдайтын 297 стационарлы валидатор және 342 мобильді терминалдар орнатылды.

«Tulpar card» төлем карталарының (бірыңғай, мектеп оқушыларының) логотипі, дизайні және жүйенің өзіндік стилі әзірленген. Карталар 12 тамыздан бастап қаланың әр аумағында орналасқан 15 сату/теңгерім толтыру пункттерінде сатылуда. Жалпы бүгінгі күнге дейін 78 242 дана бірыңғай көлік картасы және 6 800 дана оқушы картасы сатылды. Сатылымда 37 457 бірыңғай карта және 13 200 оқушы картасы бар.

Тұрғындар мен пайдаланушылардың «Tulparcard» жүйесі және басқа да мәселелерге қатысты өтініштерін қабылдайтын орталық ашылып, төлем карталарын сату/теңгерім толтырудың 15 пункті іске қосылды.

Сондай-ақ Qiwi, Касса-24 төлем терминалдары, интернет банкингтердің мобилді қосымшалары арқылы карталарға теңгерім толтыру мүмкіндігі іске қосылған.
«Орталық диспетчерлік қызмет» ЖШС-мен көлік карталарын сату/толтыру пунктеріне 20 агент және бақылау-ревизиялық қызметке 21 жұмысшы қабылданды.
Сонымен қатар Андройд және Айос смартфондарға арналған мобильді қосымша әзірленді. Бүгінде Appstore, Playmarket бағдарламалары арқылы смартфондарға жүктеуге болады. Бұл қосымшада жеке кабинет ашу, QR-код арқылы жолақысын төлеу, жасалған операциялардың тарихын қарау және т.б. мүмкіндіктер қарастырылған. Өте қолайлы қосымша жаңа жүйені меңгерудегі «жолсілтеуші» іспеттес.

Алдағы уақытта қызмет көрсету сапасын арттыру, автобустарды жаңалау, шығынын ақтамайтын автобус бағыттарын тұрақты жүргізу мақсатында тасымалдаушыларды субсидиялау жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін қоғамдық көліктерге енгізілген электронды билеттендіру жүйесі арқылы жолаушылар көлігінің тасымалдаудағы шығын есебі нақтыланып, бюджеттік өтінім жолданатын болады.

Айта кету керек, қала тұрғындары мен қонақтарын қоғамдық көлікпен тасымалдау қызметінің сапасын арттыру мақсатында автобус бағыттарындағы ескірген, техникалық талаптарға сай келмейтін көліктерді жаңалау жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.

2018 жылы тасымалдаушы мекемелермен 71 бірлік, 2019 жылы 82 бірлік жаңа автобус сатып алынды. Жалпы соңғы 2 жылда 153 бірлік жаңа автобустар қалалық автобус бағыттарындағы ескірген автобустарды ауыстырды. Бұл күнделікті жұмысқа шығатын автобустардың 37,4 пайызын құрайды.

Ағымдағы жылы Тараз қаласындағы автобустарды жаңалау мақсатында «СарыарқаАвтоПром» ЖШС (Қостанай), «СемАЗ» (Семей), «Hyundai Trans Auto» ЖШС (Алматы) өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылып, тасымалдаушылармен бірге Тараз қаласында автобустарға презентация және «тест-драйв» жасалған болатын. Тасымалдаушылар «Hyundai Trans Auto» ЖШС-нің «Golden Dragon» маркалы өніміне тоқталды. Тасымалдаушылардың мәліметіне сәйкес, біріншіден, олардың сапасы жоғары, екіншіден, төмен еденді әрі жолаушылар үшін қолайлы, үшіншіден, қосалқы бөлшектері қолжетімді және сервис орталығын ашу мүмкіндігі бар.
Сатып алынатын 100 бірлік автобустың жалпы өзіндік құны 4 млрд 909,0 млн теңгені құрайды.

Бүгінгі күнге СПК инвестициялық ұсынысты қаржы басқармасына жолдап, ол бойынша жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы салалық қорытындысын берді.

Қаладағы қоғамдық көліктерді жаңалаумен қатар тасымалдау қызметін көрсету барысында қоғамдық көлікті басқару және қызмет көрсету сапасын да арттыру қажет. Яғни, жүргізушілердің тарапынан жол жүру ережелерінің бұзылуы, жолаушыларға қатысты дөрекілік таныту секілді келеңсіздіктер бар. Осылардың барлығын ретке келтіріп, қалаішілік жолаушылар тасымалы саласында сапалы сервис қалыптастыру негізгі міндет болып отыр.

Айтқазы Қарабалаев,
Тараз қаласының әкімі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.