Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мемлекеттің мықтылығы – қыз баланың тәрбиесінде

0 448

Қыз тәрбиелегенің – ұлтты тәрбиелегенің. Рас, бүгінгі бойжеткен – ертеңгі ана. Ұрпақ жалғастығын бәрінен жоғары қою – әлемнің өзге елдерінде сақтала бермейтін дәстүр. Қыз – ұлттың ұяты, халықтың шырайы.

Арайлым Шабденова

Ата-бабамыз қызға «қонақ» деп төрден орын беріп, парасаттылыққа баулып өсірген. Қазекем өрісін кеңейтер қыз баланың тәрбиесін басты назарға алып, сыпайы, ізетті де ісмер, қылықты болуын қадағалап отырған. Еркін ұстаған, бірақ тым еркелетпеген. Қызға «жат жұрттық» қонақ ретінде жас күнінен отбасының бірлігін сақтаушы, қара қазанның иесі, үйдің ұйытқысы ретінде тағылымды тәрбие берген. «Қызым үйде – қылығы түзде» демекші, оның жүріс-тұрысы мен киім киісі – тәрбиенің негізі. Мойындау керек, кейбір ата-ананың баласымен араласуға да уақыты жоқ. Күнкөрістің қамы дейміз бе, жоқ әлде жұмысбастылықтан ба, бала тәрбиесіне көңіл бөлу азайғандай. Бүгінде мектеп қабырғасында болсын, арнаулы оқу орындарында болсын түрлі семинар-тренингтер, кездесулер мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, қоғамның назарын қыз тәрбиесіне қаратуда. Осындай кездесудің бірі «Білім» колледжінің ұйымдастыруымен «Қоғамдық келісім» мекемесінде өтті. Облыс әкімдігінің білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов жүргізген кештің қадірлі қонағы қоғам қайраткері, «Үш байлық» қоғамдық бірлестігінің басшысы Оразкүл Асанғазықызы болды. Қоғам қайраткері ұлттық код пен тектілік жөнінде әңгімесін өрбітіп, қыз тәрбиесіндегі басты құндылықтарға кеңінен тоқталды.
– Елбасы: «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек», – деп атап өткен болатын. Қазіргі таңда кейбір бойжеткендеріміз кешкі уақытта көшеде жүруді сәнге айналдырып бара ма, қалай өзі? Қыдырмасын демейміз, әрине. Қыдырсын. Дегенмен көшеде кешкілік уақытта серуен құрғанды азайту керек. Соның салдарынан қыздарымыз ащы судың арбауына түсіп, шылым шегіп, түнгі клубтардың есігін баққанын көргенде жүрегің ауырады. Әсілі, кешкілік көшеде жүргендердің оңғанын көргеніміз жоқ. Осындай жеңіл мінездің салдарынан жүкті болып, тастанды балалардың көбейіп жатқаны да алаңдатады. Осының бәрі де өзіміздің қаракөз қыздарымыз, елдің ертеңгі болашақ аналары емес пе?! Ойланайықшы, олардың ертеңгі тағдыры не болады? Бұлардан өнегелі ұрпақ күтуге бола ма? Алмағайып заманда біз арымыз бен ұятымызды жоғары қоюымыз керек. Ақ босағаны аттап, некеңді қидырып, ата-анаңның разылығын алып, беті ашылып жар болған қыздың қай ортада болсын абыройы биік болады. Сан түрлі сиқырға алданып, жігіттердің жетегінен ұстамау керек. Сондықтан отбасында әкенің тәрбиесі болуы керек. Әкесіне еркелеп, оны сыйлап өскен бойжеткен жат жүріске жол бермейді, – дейді Оразкүл Асанғазықызы.
Сонымен қатар кездесуде қоғам қайраткері өз өмірінен мысалдар келтіріп, мансапты қуып, тұрмысқа шықпай жүрген нәзікжандыларға және ене мен келін арасындағы қарым-қатынас жайында ойын ортаға салды.
Асыл дініміз де қыз бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Пайғамбарымыз Мұхаммед: «Кімнің үш қызы болып, оларға дұрыс тәрбие берсе, маңдай терімен тапқанына киіндіріп бақса, олар (қыздарын тәрбиелеп өсіргені) сол үшін тозақ отынан қалқан болады», – деген. Бұл шынымен де қыз бала тәрбиесінің ата-анаға оңай түспейтінін дәлелдейді. Кездесу барысында жат діннің жетегінде кеткен жас жігіттердің қыздармен некелесіп, біршама уақыттан кейін талақ айтып кететіндігі жөнінде де сөз қозғалды. Сонымен қатар кездесуге арнайы келген мүмкіндігі шектеулі Мадияр Джамбулов сөз алып, әсерлі кездесу үшін Оразкүл Асанғазықызына алғыс білдіріп, ата-анасына арнаған авторлық әнін шырқап берді.
– Өмір сүру үшін мотивацияны алыстан іздеудің қажеті жоқ. Алдарыңыздағы Мадияр өмірге құштарлығы соншалық, өзінің мүмкіндігінің шектеулі екендігіне қарамай, көлік айдап, үлкен аудиторияларда ән шырқап, әннің сөзін өзі шығарып, көпке үлгі болып жүргендігі көңілімді қуантты. Ал басына сынақ түссе, он екі мүшесі сау, аяқ-қолы балғадай жандардың сағы сынып, морт сынатындығын талай көрдім. Айналайын, Мадияр, талабыңа нұр жаусын! Отбасылы болуды қалап жүр екенсің, Алла қаласа тойыңның төрінде тұрып тілек тілеуді нәсіп етсін! – деді Оразкүл Асанғазықызы.
Ашық, еркін форматта өткен кездесуде студенттер Оразкүл Асанғазықызына көкейдегі сауалдарын қойды.
Ертеңгі ұрпақты тәрбиелейтін – қыз. «Қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол», «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» деп көңілі мен жүрегі таза, әдемілікке, нәзіктікке құмар, өзінің емес, өзгенің өресін көтермелейтін қыз бала келешекте іргелі үйдің шаңырағын жоғары көтереді емес пе?! Ақыл да анадан дариды, дана да әйелден туады. Қыз бала тәрбиесін ұрпақ тәрбиесі деп қарау қажет. Бүгінгі қазақ бойжеткендері ертеңгі еріне адал жар, болашақ ұрпақтың анасы екенін ұмытпайық!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.