Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мектеп оқушыларының жаппай улануы: Күдікті кәсіпкерді кім қорғап отыр?

0 230

Өткен жылы Байзақ ауданында мектеп оқушыларының астан жаппай улануы жұрттың жағасын ұстатқаны жасырын емес. Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясының 44 оқушысы мен екі мұғалімі улану белгілерімен ауруханаға түсіп, бүкіл облыстың атқамінерлері аяғынан тік тұрған болатын. Емханаға аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің өзі барып, арнайы құрылған комиссия да жұмысын бастаған. Ал құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғап, күдіктілерді тергеуге алған. Осы оқиғадан кейін білім саласына жауаптылар етек-жеңін жинап, бір сабасына түседі деп күткенбіз.

Алайда күні кеше оқушылардың жаппай улануы орын алған Н.Киікбаев атындағы орта мектептің директоры қылмыстық іс бойынша күдікті деп танылған кәсіпкермен қайта келісімшартқа отырып, бас шайқатты.
Жалпы Байзақ ауданындағы оқиғаға қайта бір оралсақ, өткен жылдың 7 қарашасы күні 33 оқушы мен екі ұстаз орталық ауруханаға улану белгілерімен түседі. Оларға «тамақтан улану, жіті ішек инфекциялары» деген диагноз қойылады. Сол күні мобильді бригадалар ұйымдастырылып, дәрігерлер мен учаскелік медбикелер үй-үйді аралап, аталған мектепте оқитын оқушылардың барлығын тексеріп шығады. Нәтижесінде, үй жағдайында тексерілген 350 баланың 11-інен тамақтан улану белгілері анықталып, олар да амбулаториялық емге жатқызылады. Осылайша астан уланған оқушылардың саны 44 балаға жетеді.
Білім саласына жетекшілік ететін Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Талғат Жамалов аталған мектепті ыстық тамақпен қамтамасыз ететін «Тоқсейітов» жеке кәсіпкерлігі аудандағы тағы 12 мектепке қызмет көрсететінін айтқан. Алайда балалардың өзін жайсыз сезінуі тек осы мектепте байқалған. Сондай-ақ сол күні мектеп асханасынан 463 бала тамақтанған болса, соның 44-інен ғана улану белгілері анықталып отыр.
Негізі, Байзақтағы оқушылардың улануына байланысты түрлі болжамдар айтылды. Әсіресе тамақтанған 463 баланың тек 44-і ғана өзін жайсыз сезінуі көптің көкейіне күдік пен сұрақ ұялатты. Желіде желдей ескен болжамдардың бірі – «мектеп оқушылары асхана асынан уланбаған» деген болды. Осы салада жүрген мамандардың айтуынша, егер астан улану болса, сол күні тамақтанған барлық баладан белгілері байқалуы керек екен. Оған қоса өзге мектеп директорлары ұстаздар балаларға арналған тамақты ішпейтінін айтады. Оларға ондай мүмкіндік қарастырылмаған. Сондықтан мұғалімдердің улануы тіптен түсініксіз. Десе де, директорлардың бірі балалар сол күні мектепке асты сырттан әкелуі мүмкін деген болжамды алға тартады. Оқушылардың бірінің туған күні болып, қуаныш иесі пицца, торт сынды тәтті тағамдар әкеліп, сыныпта отырыс ұйымдастыруы мүмкін көрінеді. Міне, сол астан мұғалімдер де ауыз тиіп, оқушылармен бірге улануы ғажап емес. Бұл әзірге санаға сыятын әрі шындыққа жанасатын болжам болып тұр. Алайда мұны құзырлы органдар не растаған жоқ, жоққа да шығармады. Тек ҚР ҚК 304-бабы, 1-бөлігі («Адамдардың жаппай ауруға шалдығуына немесе улануына әкеліп соққан санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормативтерді бұзу») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанынан хабардар етті. Қазір іс сотқа жеткені айтылуда. Ал онда негізгі күдікті ретінде аспаз қаралып жатқан көрінеді.
Негізі, о баста күдікті ретінде танылған жеке кәсіпкермен мектеп байланысын үзіп, өзара әріптестіктерін тоқтатқандарын айтқан болатын. Алайда күні кеше Н.Киікбаев атындағы мектептің басшылығы «Тоқсейітов» жеке кәсіпкерлігімен 76 миллион теңгеге қайта келісімшарт жасағаны туралы ақпар тарап, сананы сан саққа жүгіртті.
Сонда оқушылардың улануына тікелей күдікті ретінде танылған кәсіпкермен мектеп директоры қалай келісімшарт жасасып отыр? Әлде істе аспаз да күдіктілер тізіміне ілінгені Байзақтағы оқиғаны түбегейлі өзгертіп отыр ма? Ал, ең бастысы, ертең «Тоқсейітовтің» тамағынан балалар қайта уланып жатса, кінәні кімнен көреміз? Тағы да аспаздан ба, әлде азық-түлікті жеткізген кәсіпкерден бе?
Осы тұста назар аударатын тағы бір қызықты жайт, Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясының директоры Гүлбахрам Ермекова аудандық мәслихаттың депутаты ретінде дәл осы балаларды ыстық тамақпен қамту мәселесін қарайтын комиссияға жетекшілік етеді екен.
Алайда өзгені жарылқайды деген халық қалаулысы өзі басқаратын мектепте балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмай, еріксіз бас шайқатуда. Егер мектеп директоры аудандық мәслихаттың депутаты ретінде ыстық тамақ мәселесін тікелей өзі қарап отырса, «Тоқсейітовке» ешкімнің тісі батпай отырғаны содан ба?» деген де ой келеді. Енді оны құзырлы органдар анықтай жатар.

Алайда Байзақтағы оқиғадан кейін не аудандық білім бөлімі басшысының, не мектеп директорының қылы қисаймағаны таңғалдырады. Есесіне, елді шулатқан оқушылардың жаппай улану фактісінен кейін облыстық білім басқармасының басшысы Мейірхан Азатұлы былғары орындығын босатты. Оның артынан өзге де басшылар қызметінен кете ме, әлде жоқ па, әзірге белгісіз. Алайда бір анығы, қылмыстық іс бойынша тергеліп жатқан жеке кәсіпкермен қайта келісімшарт жасасу ешбір санаға сыймайды.
Бұл жағдайға байланысты облыстық білім басқармасына сауал жолдағанымызда, олардан екіұшты жауап келді.
– Байзақ ауданында болған жағдайға байланысты облыстық білім басқармасы тарапынан 5 жұмыс тобы құрылып, 37 мектеп тексерістен өтті. Нәтижесінде, 20 мектептің директоры мен аудандық білім бөлімінің мамандары тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Ал балалардың улануына тікелей күдікті ретінде танылған өзге азаматтарға қатысты Байзақ аудандық прокуратурасы тергеу жұмыстарын жалғастыруда. Осы ретте министрлікпен бекітілген ережеге сай әрі балаларды ыстық тамақпен қамтуды үзбеу мақсатында «Тоқсейітов» жеке кәсіпкерімен келісімшарт уақыты ұзартылды. Сот шешімі шыққанға дейін аталған серіктестік мектепті тамақпен қамтамасыз етеді, – дейді облыстық білім басқармасының мамандары.
Иә, білім саласына жауаптылар осылайша «қасқырға қайта қой баққызып» отыр. Енді оның арты не боларын уақыт көрсетеді. Әйтеуір мектеп оқушылары асхана мәзірінен қайта уланып, бармақ тістеп жүрмесек болғаны.

Саян ТІЛЕУЖАН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.