Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мейірім сыйла балаға!

0 139

«Мектепке жол» республикалық акциясы аясында облыстық іскер әйелдер қауымдастығы алғаш мектеп табалдырығын аттағалы отырған балаларға мектепке қажетті құрал-жабдықтарды сыйлады.

Арайлым БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Жаңа оқу жылы жылдағыдан ерек басталмақ. Бұл уақытта базар жағалап, тапқан-таянғанын баласына жұмсайтын ата-ана биыл тіпті мектеп формасын да алмайды. Себебі елдегі пандемия жағдайы әлі тұрақталар емес. Ертең не боларын білмей дал болып, карантиннің кесірінен жұмыссыз қалған көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен ата-аналардың жағдайы мәз емес. Осыны ескерген Жамбыл облыстық іскер әйелдер қауымдастығы «Інжу-Маржан» мейрамханасында көпбалалы, жағдайы төмен, жалғызілікті отбасылардың 1-сынып оқушыларына мектепке қажетті құрал-саймандарды үлестірді. Жалпы 50 баланы қамтыған акция аясында қауымдастық мүшелері қолдарынан келген көмекті аямады.

– Барлықтарыңызды келе жатқан Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын. Үміт артып отырған ұл-қыздарыңыз сенімдеріңізді ақтап, жақсы оқысын. Құрамында 350-ге жуық қыз-келіншек бар облыстық іскер әйелдер қауымдастығы балаларды қуанту мақсатында «Мектепке жол» акциясы аясында өз белсенділіктерін көрсетіп отыр. Осындай қиын-қыстау кезде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бір-бірімізді қолдап, қорғап жүрейік, – деді қалалық мәслихаттың депутаты Эльмира Мырза-Ғали.

Сонымен қатар акцияда облыстық іскер әйелдер қауымдастығы төрайымының орынбасары Меруерт Лештаева да сөз алып, пікір білдірді. Ал осы істің басы-қасында жүрген «Ақжүніс» аналар тобының төрайымы Жанат Естаева шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Акция аясында мектеп құралдарынан өзге, тұрмысқа қажетті киім-кешектер де тегін таратылды. Сондай-ақ «Би-Дәулет» ЖШС-нің төрайымы Туғанай Жолақова 100-ге жуық тегін бетпердені ата-аналар мен оқушыларға арнайы тігіп алып келді.

– Жалпы менің 8 балам бар. Оның алтауы мектеп оқушысы. Егіз ұлдарым Ерқанат пен Нұрқанат биыл мектеп табалдырығын алғаш аттағалы тұр. Көпбалалы аналардың атынан ұйымдастырушыларға алғысымды айтамын, – деді көпбалалы ана Индира Қалменова.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.