Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жаңа оқу жылына дайынбыз ба?

0 13

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек». Шәкәрімнің осы өлеңі биылғы біздің жағдайымызға дөп келетіндей. Өйткені 1 қыркүйектен бастап оқушылардың көбі сөмке асынып мектепке бармайды. Тек 1-4 және 11-сыныпта оқитындар ғана партаға отырады. Ал қалғандары үйде, компьютердің алдында немесе ұялы телефон мен планшетке телміріп сабақ оқуға мәжбүр.

Арайлым Шабденова

Сабақ оқиды деген аты ғана. Әйтпесе, WhatsApp арқылы берілген білімнің білім болмайтынын көктемдегі карантинде көрген жоқпыз ба? Амал жоқ, биылғы оқудың сиқы осындай болғалы тұр. Айтпақшы, Үкімет көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға мектептердегі бұрыннан бар 500 мыңдай компьютерді таратып береміз деген. Алғашқы қоңыраудың соғылуына да бір-ақ апта уақыт қалды. Уәде етілген компьютер балалардың қолына тиді ме? Ал үйінде компьютері, планшеті жоқ, тіпті интернетсіз ауылда тұратын оқушы қайтеді?

– Жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Елдегі санитарлық жағдайға байланысты 1 қыркүйектен бастап оқу жылы жалпы қашықтан оқу форматында басталады. Қабылданған шешімге сәйкес, бұл жерде екі ерекшелік бар. Біріншіден, шалғайдағы шағын мектептерде эпидемиялық ахуал жақсы болған жағдайда оқуды дәстүрлі түрде бастайды. Екіншіден, бастауыш сынып оқушылары үшін ата-аналардың өтініші негізінде қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып кезекші сыныптар ашылады. Оған өтініш электронды түрде қабылданады. Сонымен алдын ала болжам бойынша интернет-платформалары мен интернетті пайдалана отырып, қашықтан оқу форматында 2,6 млн оқушы, кезекші сыныптарда 530 мың бала, штаттық түрде ауылдарда 157 мыңнан астам оқушы білім алады деп күтілуде, – деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Иә, жаңа оқу жылы басталмай-ақ республика мектептерін мазалап жатқан сұрақ көп. Қалалық білім бөлімінің берген мәліметтеріне сүйенер болсақ, 2020-2021 оқу жылында Тараз қаласына қарасты 111 білім мекемесі, оның ішінде жалпы білім беретін 60 мектеп, 1 кешкі мектеп, 45 балабақша, 3 қосымша білім беру ұйымы, 2 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті жұмыс атқарады екен. Мектептерде барлығы 77 963 оқушы (2019 жылы – 74029 оқушы) білім алады деп жоспарлануда, оның ішінде 1-сыныпқа баратыны – 8479 (2019 жылы – 8459 оқушы).

– Қазіргі таңда екі мектепте (№17, 20 ОМ) бөлінген қаражат көлеміне байланысты күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. №17 орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына 266616,0 мың теңге қарастырылып, 2019 жылғы 30 сәуірден бастап жөндеу жұмыстары жүргізілуде, аяқталу мерзімі – 2020 жылдың 16 қарашасы. Бүгінгі күні жөндеу жұмыстары 70 пайызға орындалды, мерзімінен бұрын 2020 жылғы 1 қазанына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Жаңа оқу жылының І тоқсанында 4 кезекші сынып оқушылары (46 оқушы) №18 орта мектеп базасында оқытылатын болады. Ал №20 орта мектептің күрделі жөндеуі ағымдағы жылдың тамыз айында басталды. Жөндеу жұмыстарының сметалық құны – 399 746,0 мың теңге. Қазіргі таңда демонтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл мектеп оқушыларының барлығы қашықтан білім алады (ата-аналардан кезекші сыныптарды құруға өтініш түскен жоқ). Ағымдағы жылы жергілікті бюджет есебінен бөлінген қаражатқа 30 мектеп пен 11 бөбекжай-бақшада ағымды жөндеу жұмыстары 2020 жылдың 25 маусымынан бастап атқарылуда. Жалпы алғанда, 41 мекеменің 22-сінде жөндеу жұмыстары аяқталды. 19 мекемедегі жөндеу жұмыстары келісімшартқа сәйкес жүргізілуде, – дейді бөлім басшысы Саясат Есеев.
Сондай-ақ қашықтан оқытуға байланысты дайындық жұмыстары да жүргізілуде екен.

– Қала мектептерінде білім алатын оқушылардың отбасы саны – 41 342, оның ішінде жеке компьютері бар отбасының саны – 32943 (55 894 бала). Компьютері жоқ отбасы – 8399, ондағы бала саны – 20998 (бүгінгі күнге 9940 оқушыға мектеп балансындағы компьютерлер берілді). Мектептердің теңгерімінде 5 379 компьютер бар, оның жарамдысы – 4 646 дана. Аталған компьютер 4646 отбасындағы 9940 оқушыға уақытша пайдалануға берілді. Қалған 3520 отбасындағы 11058 оқушы жоспарланған компьютер, планшет, роутермен қамтамасыз етілетін болады. Білім мекемелерін 500 дана компьютерлік техникамен қамтамасыз ету жоспарланып, қазіргі уақытта көрсетілген компьютерлік техникалардың 284 данасы алынды. Қалған 216 дана компьютер бір көзден сатып алу тәсілімен алынады. 1-4 сыныптардағы оқушылар үшін ата-аналардың өтініштері негізінде барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, 52 мектепте 384 кезекші сынып ашылып, онда 1-4 сынып оқушыларынан 4801 бала қамтылатын болады. Бүгінгі күні кезекші сыныптардың жұмысын жүргізуге қажетті санитарлық құралдар алынды. Аталған бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады, – дейді қалалық білім бөлімінің басшысы Саясат Керімбекұлы.

Ал ата-аналар жаңа оқу жылының жылдағыдай еместігін сезінгелі қашан. Тамыз туа базар жағалап, құрал-жабдықтарды сақадай сай дайындайтын ата-ана биыл базардың ашылғанына риза. Олар әдеттегідей киім-кешек алып, барлығын жаңаламайды. Тек оқуға қажеттіні ғана алмақ. Бірақ құрал-сайманның өзі қалтаны қағып тұр.

– Біз жылда бұл уақытта айра-жайра болып, базар жағалап, жеңілдік болған жерлерді жағалайтынбыз. Бұл жолы мектепке баратын 4 баламның 1-і ғана мектепке барып оқиды. Қалғаны қашықтан білім алмақ. Мектеп тарапынан компьютер мен планшетке тапсырыс бергенбіз, бірақ әлі келмеді. Алдағы уақытта әкеліп береді деген үміт бар. Сондай-ақ «Атамекен» кәсіпкерлік палатасына да өтініш қалдырып, жауабын күтіп отырмыз. Мен балаларды қалай оқытатынымды білмеймін. Әрқайсысы әр сыныпта. Мектеп компьютермен қамтамасыз етпесе, үйдегі қалта телефоны 4 баламды оқытуға жетеді деп айта алмаймын, – дейді көпбалалы ана Меруерт Алиева.

Бұл орайда мектеп мұғалімдеріне де түсетін салмақ жоқ емес. IV тоқсанды онлайн оқытып «шашымыз ағарып кетті», «бұдан да мектепте оқытқанымыз жақсы еді», «телефонға телміріп қалдық» деген сынды сан түрлі пікірді естіген едік. Ал жаңа оқу жылының жаңалығына ұстаздар қаншалықты дайын? Оларға қандай жағдай жасалғандығы туралы да сұрастырған едік.

– Жаңа оқу жылына дайынбыз. Алысқа бармай-ақ, өзім жұмыс істейтін №46 орта мектебіне тоқталар болсам, мұғалімдер қашықтан оқуға арнайы дайындықтан өттік. Оны жан-жақты зерттеп, тиімді жолын түсініп, біліктілігімізді арттырып, меңгеріп, тиісті сертификатымызды алдық. Үш ай жазда сынып жетекшілер де қарап жатпады. Әр ата-ана және оқушылармен жұмыс істеп, өткен оқу жылындағы онлайн оқытуда кеткен қателіктердің орнын толтырдық. Бұрын онлайн оқып көрмеген оқушылар мен ата-анаға IV тоқсан ауыр болғаны белгілі. Тіпті ұстаздарға да. Бірінде интернет жоқ, бірінде компьютер жоқ, ал бірінде «Андройд» платформасы қосылмаған. Осындай қиындықтарды ескеріп, біздің басшылық мектеп бойынша тізім жасап, қажетті шараларды толығымен орындадық. Әрине, оқушылармен кездесіп, бір сыныпта оқығанға жетпейді. Алла қалап індеттен құтылсақ, бәрі қалпына келеді деп сенеміз, – дейді №46 орта мектептің тарих-география пәнінің мұғалімі Минура Божымбаева.

Жалпы жаңа оқу жылының жаңалығы көп. Не десек те, әліптің артын бағып, газеттің алдағы нөмірлерінде де аталмыш тақырыпты кеңінен талқылап, ақпарат беруді тоқтатпаймыз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.