Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мейірім сыйла балаға!

0 670

Жетімнің жанарындағы мұңды өшіріп, жүрегіне нұр сыйлау оңай іс емес. Оған тек балаға деген кіршіксіз махаббат пен мейірім болу керек. Бұл қасиеттер өзгенің баласын бауырына басып, болашағын жарқын еткен қамқоршыларға тән.

Арайлым Шабденова

2009 жылдан бастап Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бастамасымен 29 қазан – Қамқоршылар күні мерекесі болып белгіленген. Жыл сайын осы мерейлі күнге орай іс-шара ұйымдастыру біздің өңірде бұлжымас дәстүрге айналған. Қалалық білім бөлімінің ұйытқы болуымен Мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылығы орталығының мәжіліс залында дәстүрге сай «Балаға мейірім сыйла!» атты мерекелік кеш өтті. Қамқоршылар күні мерекесінің басты мақсаты – жүректері мейірімге толы жандарға құрмет көрсетіп, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың мәселесіне қоғамның назарын аудару. Кештің шымылдығы мың бұралған қыздардың биімен түріліп, қалалық білім бөлімінің басшысы Мүбарак Жинақбаева көпшілікті мерекемен құттықтады.

– Кең жүрек, мейірімді, жанашыр жандар. Елімізде 29 қазан – Қамқоршылар күні аталып өтеді. Бұл күні жетім балаларды асырап алған отбасыларға құрмет көрсетіледі. Өмір тауқыметін ерте тартқан баланың күтімі қамқоршыдан үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қазіргі таңда қала бойынша жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 400 балаға қорғаншы және қамқоршы берілген. Соның ішінде 89 бала патронаттық тәрбиеге, отбасы үлгісінде 30 бала және қабылдаушы отбасында 5 бала тәрбиеленіп келеді. Олар өзгенің баласын өзінікіндей қабылдады. Балалардың аталған санаты мемлекет тарапынан барлық қолдауға ие болуда. Бірі баланы өрімдей кезінен, басқасы есейген шағында асырап алған. Бірақ барлығы да қаймықпай жауапты қадам жасады. Ата-аналық міндеттерін мінсіз орындап та жатыр. Сонысымен де оларды қоғам қамқоршылар дейді, – деген Мүбарак Қасымқызы қамқоршыларға құрмет көрсетіп, 74 адамға Алғыс хат пен сыйлық тапсырды.
Мерекелік кеш концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.