Қолымызда бір құжатымыз болмай, тіпті үйде ұмыт қалдырсақ алаңдап, ойымыз бөлінеді. Бір күн құжатсыз жүрудің мұңы айтпаса да түсінікті. Ал жылдар бойына құжатсыз өмір сүріп жатқан азаматтығы жоқ адамдар қайтпек?

Арайлым Шабденова

Жалпы құжатсыз азаматтар қаламызда да көп кездеседі. Ал он жылдан астам уақытта азаматтық ала алмаса да, елде шаңырақ көтерген тұрғындардың балалары қайтпек? Не туу туралы куәлігі, не әкесі мен шешесін растайтын құжаттары болмаса олардың күні не болады? Осы сауалдардың жауабын облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот іздеді. Бұл орайда «Шөлдала» алқабында орналасқан №59 орта мектебінде «Мектеп және отбасы» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Аталған іс-шараға ювеналдық соттың төрағасы Ербол Дүйсенбаев, соттың судьясы Айгүл Бексұлтанова, Тараз қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры Нұрсұлтан Нұрымбетов, қала әкімдігінің білім бөлімі басшысының орынбасары Уәлихан Байдуанов, сондай-ақ Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гаухар Олжабаева мен қала әкімі аппаратының азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімшесінен, қала әкімдігінің жұмыспен қамту орталығының мамандары қатысты. Жиында алдымен өмірлік қиын жағдайларға тап болған отбасыларымен құқықтық, әлеуметтік және оңалту жұмыстарын жүргізу жолындағы «Отбасы және мектеп» пилоттық жобасын жүзеге асыру бойынша меморандумға қол қойылды.

– Облыстық сот мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар арасында «Мектеп және отбасы» пилоттық жобасы негізінде Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімінің №55, №59 орта мектептерінде өмірлік қиын жағдайларға тап болған отбасыларымен құқықтық, әлеуметтік және оңалту жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Бізге қайырылған азаматтардың мәселелерін заң аясында қарап, қажетті сала мамандарына жолдап, қолдан келгенше көмек көрсетеміз, – деді ювеналдық соттың төрағасы Ербол Мизанұлы.

Іс-шара барысында меморандумға сәйкес №55, №59 орта мектептерінде балалары оқып жүрген әлеуметтік оңалтуға мұқтаж 25 отбасының мәселесі қаралды. Алдымен Гүлзада Қодыжанова өзін таныстырып, Ташкенттен келгеннен кейін құжаттарын жоғалтып алғанын айтты. Ұлты қазақ, Өзбекстаннан Қазақстанға келген ықтияр хаты ғана бар. 15 жасында босанған ол қызына туу туралы куәлікті ала алмай жүргенін айтады. Екі қызы да №55 орта мектепте білім алады екен. Бірақ құжаттары жоқ. Ал Өзбекстаннан келген Рысаулы Есенәлиева болса құжаттарын жоғалтып алған. Екі баласында құжаты бар, екеуінде жоқ екен. Жалпы қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігі – Өзбекстан мен Қырғызстан азаматтары. Балалары мен өздерінде құжат толық емес. Бәрінің айтатыны бір: «Қақпаған есік, бармаған жер қалмады. Шарасызбыз. Он жылдан астам уақыт құжатсыз жүрміз», – дейді. Дейтұрғанмен олар балаларын мектепке беріп, емханадан қажетті ем-домдарын алып жүр. Білім бөлімінің мамандарына «Құжатсыз баланы мектепке алуға болады ма?» деген сауалға:

– Туу туралы куәлігі жоқ балалар заң бойынша орта білім алуға құқылы болғандықтан, мектепке қабылданады. Балалардың орта білім алу бойынша шаралар қабылданады, ары қарай құжаттандыру бойынша жұмыстарды құзырлы сала атқарады. Құжаттандыру акциясы аясында жиналған мәлімет бойынша 20 балада туу туралы куәлік жоқ болды, – дейді қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Уәлихан Байдуанов.

Жалпы қала бойынша 60 мектеп пен 1 кешкі мектеп бар. Ювеналдық соттың берген мәліметтеріне сүйенер болсақ, тек екі мектептің өзінде 25 балада құжат жоқ. Ал білім бөлімінің сандары басқаша дейді.

«Шөлдала» алқабы №11 округке қарайды. Аталмыш округтің инспекторы Мұрат Аққұлиевтің айтуынша, округте 18 мың 177 адам тұрады. Ал «олардың құжатсыздарын құзырлы сала мамандарына жолдаймыз» деген инспектор бұл жұмыста көші-қон полициясымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайтындықтарын жеткізді.

– Жоғарыда аталған пилоттық жоба бойынша шешімін тапқан мәселелер баршылық. Мысалы, біздің мекемеге қайырылған азаматтардың ішінде 3 адамға құжаттарын қайта қалпына келтіру, 1 баланың ЖСН-ін алып беру, 3 адамға елшіліктен анықтама келсе, қажетті құжаттарды рәсімдейміз. Бұл жерде мәселе – көшіп келген азаматтар өз елдерінен тек туу туралы куәлігімен ғана келгендер. Ал олар тұрған мемлекеттің елшілігінде анықтама алуда мәселе туындауда. Көп азаматты өз елдері мақұлдамай жатыр. Ал анықтама келсе, біз құжаттарды заң аясында рәсімдеуге қашанда дайынбыз, – дейді Тараз қалалық көші-қон қызметі бөлімінің инспекторы, полиция майоры Ербол Қойшыманов.

Бүгінде көптің көңіліне үміт ұялатқан «Мектеп және отбасы» пилоттық жобасы аясында талай есіктің табалдырығын тоздырып, есігін қаққан азаматтар құжаттарын түгендеп, ел қатарлы өмір сүріп, мемлекет тарапынан берілетін барлық көмекке қол жеткізеді деп сенеміз.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған