Қалалық қоғамдық-саяси газет

Медицинаға бақылау күшеюде

0 363

Таразға жұмыс сапарымен қоғамдық бақылау тобының республикалық үйлестірушісі Саида Тәуекелова келді. Ол өңірлік топпен бірге бірқатар медицина мекемелеріне мониторинг жүргізіп, медициналық қызмет көрсету және дәрілік заттармен қамтамасыз етуге байланысты проблемаларға шағымданған бірнеше отбасына арнайы барды.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Қоғамдық бақылау Қазақстанның барлық облыстарында өз жұмысын бастап, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауына ие болды. Бүгінде қос тарап бірлесе атқаратын қоғамдық қызмет меморандуммен бекітілген.

Қоғамдық бақылау тобы – бұл азаматтық бас-тама. Топ құрамындағы қоғам қайраткерлері, еріктілер, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен БАҚ өкілдері дәрігерлердің жағдайын және пациенттерді медициналық мекемелерде емдеу, гуманитарлық көмекті бөлу мониторингі, сондай-ақ пандемия жағдайында әлеуметтік және медициналық көмек алуда азаматтардың құқықтарының сақталуын бақылаумен айналысады.

Жұмыс тобының мүшелері алдымен жұқпалы аурулар ауруханасына бас сұқты. Мұнда қоғам белсенділері бөлімшелерді аралап, емделушілердің жағдайымен танысты. Қорғаныс костюмін киген Саида Тәуекелова коронавирустық инфекция диагнозы расталған науқастар емделетін қызыл аймаққа өтіп, медицина қызметкерлерінің ем жүргізу шараларына куә болды.

– Міне, қараңыздаршы, жаңа ғана киген киімім аз уақыттың ішінде терден су болып кетті. Енді дәрігерлердің күн сайынғы жұмысын көзіңізге елестетіңізші. Олар сағаттап осындай киіммен жүруге мәжбүр. Басқа амалдар да жоқ. Дәрігерлер болмаса, бізді кім емдейді? – дейді Саида Тәуекелова.
Бақылау барысында дәрі-дәрмектер сақталатын қойма мен тамақ блогы да тексерілді. Жалпы топ мүшелері ауруханаларды қажетті заттармен қамтамасыз ету жағдайы жақсара түскеніне куә болды.

Бақылаудың келесі нысаны Жамбыл жедел жәрдем станциясы болды. Топты бас дәрігер Венера Балқыбекова өзі қарсы алды. Ол шақыруларды қабылдау алгоритмі туралы баяндап, қосалқы станцияның жұмысымен таныстырды. Сондай-ақ дәрігер бүгінгі таңда қоңыраулар саны айтарлықтай азайғанын атап өтті.

– Инфекцияның таралу жылдамдығы күшейген кезде жұмысымыз өте ауыр болды. Жасыратыны жоқ, секунд сайын станцияға вирус жұқтырды деген күдікпен екі науқастан келетін. Көліктер үлгере алмай, кейде станцияның көлік тұрағы екі сағатқа дейін бос тұратын. Бірде-бір көлік бос болмаған сәттер көп болды. Кейінірек СЭС-пен бірігіп жұмыс істеу арқылы жүктемені азайттық. Уақыт өте келе науқастар саны да кеми түсті. Қазір ақырындап қалыпты жағдайдағы жұмыс режиміне ауысып жатырмыз. КВИ-мен ауырған науқастармен байланыста болған барлық қызметкерлер жалақысына қосымша үстемақы алды, – деді Венера Балқыбекова.

Сондай-ақ ол наурыз айының соңында және сәуір айының басында КВИ-мен ауыратын науқастарды ауруханаға арнайы көліктер тасымалдағанын айтты. Олар 13-ші шағын аудандағы қосалқы станцияда орналасқан және негізгі станциядан оқшауланған. Вирус белгілері бар науқастарға барлығы 15 бригада жұмылдырылды. Бірақ қоңыраулардың күрт өсуіне байланысты шақыруларға станциядағы барлық бригадалар барады деген бұйрық шығарылды. Қоғамдық бақылау тобының мүшелері жедел жәрдемге бөлінген дәрі-дәрмек қорларымен танысты. Әр бригада қазіргі таңда қорғаныс құралдарымен, соның ішінде жүргізушімен, қажетті пульсоксиметрлермен және барлық қажетті құрылғылармен жабдықталған.

Одан әрі Саида Тәуекелова облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары және «СК Фармация» өкілімен бірге инфекциямен күресіп жатқан отбасының шаңырағына бас сұқты. Белгілі болғандай, балалардың анасы дәрігер жазып берген «Метотрексат» препаратын ала алмай отыр.

Онкологиялық орталықтың дәрігері жазып берген препаратты науқас жолаушылар арқылы Ресей мен Беларусь елдерінен алдырып отырған. Бірақ қазір оны сатып алу мүмкін емес: ресейлік зауыт оны шығаруды тоқтатқан, ал Беларусьтегі зауыт жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бақылау тобының мүшелері тікелей науқастарға өз аумақтары бойынша қарайтын дәрігерге хабарласып, препараттың аналогын алдыру туралы сөйлесті. Алайда маман бұл мүмкін емес екенін жеткізді. «СК Фармацияның» өкілі бұл мәселені реттеуге уәде берді.

Сол күні кешке облыс аймақ басшысының орынбасары Ержан Жылқыбаевтың төрағалығымен дөңгелек үстел өтті. Жиын барысында Жастар саясаты басқармасының жанынан еріктілерге штаб бөлмесін ұсыну мәселесі талқыланды. Саида Тәуекелова еріктілерге тұрғындардан келіп түскен барлық шағымдарды баяндап берді. Жауапты мамандар мәселелердің шешілу барысын бақылауға алатынын жеткізді.

Топ мүшесінің айтуынша, келіп түскен өтініштер мен арыздардың дені дәрігерлік-еңбек сараптама комиссиясының жұмысына байланысты. Мүгедектік тағайындау барысындағы түрлі бопсалау әрекеттері аталған комиссия жұмысында шикіліктер бары анықталған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік өкілдері бұл жайды жіті назарға алатынын айтты. Жиын барысында медицина нысандарын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, дәрігерлерге төленетін төлемдер және аймақтағы вируспен күрес бойынша жалпы жағдай туралы баяндамалар тыңдалды.

Келесі күні еріктілер тобы облыс орталығындағы №5 емханаға барды. Бас дәрігер ем алуға келген науқастарды қабылдау тәртібімен таныстырып, фильтр жұмысын көрсетті. Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, олар пандемия кезінде дәрі тапшылығын сезінбегенін, ең бастысы, қызметкерлердің ешқайсысы жұмыс орнында вирус жұқтырмағанын айтты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.