Қалалық қоғамдық-саяси газет

Құмар ойынның қызығынан зияны көп

0 1  930

Құмар ойын – адамның біліктілігіне қарағанда, сәттілік арқылы жүзеге асатын, жеңіл жолмен байлыққа кенелудің жолы.Алайда, бұл оңайлықпен келетін нәрсе емес. Әуелі ұйымдастырылған сәттілікпен жеңіске жеткен ойыншы, қанағатсыздық танытып, олжасын еселегісі келеді. Әйткенмен, стратегия бойынша, адам ақыры соңында қалай болмасын жеңіліске ұшырауы керек.Барынан айырылғанымен қоймай, келесі жолы айым оңынан туады деген соқыр үміттің арбауында қалып, тоқтаусыз келе беретіндер  азаяр емес.Құмар ойындардың тарихы ежелден бастау алады. Бүкіл әлемдегідей, көне Үндістанда да ертеде сүйек ойыны белгілі болған. Ол жайында «Бхавишья-пурана», «Махабхарата» қолжазбаларында деректер сақталған. Мәселен, осы кітаптардың бірінде сүйек ойынына берілген ханзаданың мал-мүлкінен, билігінен, тіпті, әйелінен айырылғандығы  жазылған. Грек-рим тарихы да құмар ойындардың болғанын дәлелдейді.Ал, немістерде жеңіліс тапқан ойыншы өз азаттығынан да айырылып, ортаға тігер ешнәрсесі қалмағанда, құл болып кетуге де барған .Қытайда құмар ойындардың арқасында бүкіл бір армия қаржыландырылып отырған екен. Құмар ойындардың дамуы кез-келген адамның ойнау құқығы бар ғимараттардың іске қосылуынан басталды. Оның кең етек жайғандығы соншалық, құмар ойындар турасында әдебиет пен өнер де құр алақан емес. Әлемде  ең үлкен ойын бизнесінің орталығы АҚШ-тың Невада штатында орналасқан. Ол әлемде ең үлкен ойын бизнесінің орталығы болып табылады. 80-ге тарта казино мен 1000-ға жуық ойын павильондары, күн сайын болатын шоу бағдарламалар мен ұтыстар қалаға ағылған туристер санын арттыруда.Ойын автоматы ең алғаш 1887 жылы Англияда ойлап табылған. Өз жұмысын ойыншы қаржысын апаратқа салғаннан кейін ғана бастайды. Адамды қызықтыратын ең тартымды тұсы өміріңде жеңіп ала алмайтын, бос сандырақ «джекпот» екен. Букмекер орталықтары – ақша тігу арқылы жүзеге асады. Әсіресе, спорт, саясат тұрғысынан жасалатын бәстердің негізінде пайда болған.

 Казино – Еуропада 1638 жылдан бастап ойналып келеді. Бертін келе Венецияда, 1765 жылдан Францияда кең етек жайған. Бұл құмар ойындарының барлығының жиынтығы, топтық құмарлық болып саналады. Жоғарыда айтылған құмар ойындардың әрбір түрінің айтарлықтай қауіпі бар.Психологиялық тұрғыдан қараған мамандар, бұл дертке «лудомания» деген ат қойған. Оған көбінесе жастар ұшырайды. Лудомания – жасөспірімдердің психологиясына, рухани дамуына, сапалы білім алуына кері әсерін тигізеді. Осы ойындарға құмар болған адам түрлі қылмысқа барып, сол ойындарды ойнау үшін қарызға да кіріп жатады. Бала түгілі, қазіргі уақытта, үлкен адам да тәуелді болып жатыр. Әйелдер арасында да жиған-тергендерін ойынға құйып жіберетіндер көптеп кездеседі. Олар өздері қалай тәуелді болып қалғанын білмей қалады. Бұл олардың мінез-құлқына кері әсер тигізеді. Адамды құмар ойынға жетелейтін бірнеше факторлар бар. Біріншіден, өз-өзіне деген сенімсіздік, төмен бағалау. Шынайы өмірден гөрі, виртуалды өмірге жақын болу, эмоцияны басқара алмау. Екіншіден, өз-өзіне көңілі толмаушылық, жалғыздық, ешбір еңбексіз бірден байып кету тілегі, психикалық ауруға деген бейімділігі және басқа да тәуелділіктер.Тәуелді адамның ішкі проблемасына, жасырын комплекстеріне, конфликтілік ситуацияларына, сенімге және адамның терең, ішкі балалық шақтағы психологиялық жарақаттарын емдеумен қатар жүреді. Сонымен қатар, әлеуметтік қолдау да маңызды орын алады. Яғни, достары мен жақын туыстарының қолдауы, эмоционалдық жылы қарым-қатынас, сүйікті ісімен айналысу, еңбекке және спортқа бейімдеу, ең негізгісі – өзінің емделуге деген жоғары мотивациясы мен сенімділігі. Бұл дертке шалдыққан адамдардың өз еркімен емделуге келетіндері бірен-саран ғана. Алайда, бар екен. Дегенмен, оларға бірден айығып кету қиындық тудыратын болуы керек.

Бұл ойын Қазақстанға қалай келді? 1917 жылға дейін елімізде құмар ойындардың карталық түрі жеке клубтар мен орталықтарда ғана ойналып жүрді. Қалталылар мен профессионалдардың заңсыз ойындары әсте қадағаланбаған болатын. 1989 жылдан бастап, КСРО аумағына ойын автоматтары таратыла бастады. Оның ішінде Қазақстанға да бұл дерттің басы жетті. Ал, 1993 жылдары казинолар ашылып, 2000 жылға қарай Қазақстанның ірі қалалары ойынханалар желісіне айналып, тәжірибесіз азаматтарды өзіне тарта бастады. Мемлекетімізде адам бойында пайда болатын бұл дертке байланысты заң да қалыптасқан. Құмар ойындар жайында қарастырылған арнайы заңнама 17 баптан тұрады. Заңның 15-бап 1-тармағы бойынша, жиырма бір жасқа дейінгі азаматтардың құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуына тыйым салынады. Мемлекетімізде казино, ойын автоматтары залы, букмекер кеңсесі, тотализатор сынды ойын бизнесі саласындағы қызметтің түрлері жүзеге асырылады. Электронды және интернет казино қызметіне, өзге мүлік түріне ұтыс беруге жол берілетін казино қызметін қоспағанда, ақшадан басқа өзге мүлік түріне мөлшерлемелер қабылдауды және ұтыс беруді көздейтін құмар ойындарды, бәс тігуді ұйымдастырып, өткізуге, ойын мекемелерінен тыс жерде бәс тігуге және мөлшерлемелерді қабылдауға тыйым салынады.

 Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы заңнамасын бұзу ҚР-ның заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады. Қазіргі таңда елімізде заңды түрде 16 казино тіркелген. 8 ойын автоматы залы, 37 букмекерлік компания, 2500-ге жуық ставка қабылдау пункті мен бір тотализатор бар. Казиноның жылдық айналымы 810 млн ақш долларын құраса, букмекер мен тотализаторлардың табысы 162 млн ақш  долларына жеткен. Бұл тіркелген, заңды орталықтардың ғана есебі. Дегенмен, қай қалада болмасын кез-келген дүкеннің алдында, үлкен сауда үйлерінде автоматтар үймелеп тұрады. Күнде көріп, біліп жүргенімен, жанынан мән бермей өте барамыз. Бұларды тексеріп, қарап жатқандар да жоқ. Бірен-сараны ғана құзырлы органдардың көзіне түскені болмаса, айыпталмағандары қаншама. Мәселен, қарапайым химиялық киім тазалау орталығының атын жамылып, жасырын казино жұмыс жасаған. Тұрғын үйдің қарамағынан ашылған бұл жерге адамдар ұсыныс арқылы ғана кіріп отырған. Ойын алаңдары дүкендердің бүркеншік аттарымен, компаниялардың есімдерімен жұмыс істеуі мүмкін. Кейбір жағдайларда оны да қажет етпейді. Оларды анықтау қарапайым халықтың арқасында жүзеге асырылуда. Көлеңкелі бизнеспен айналысатын қалалардың екінші орынға соңғы жылы 130-ға жуық ойын автоматтары, 50 шақты заңсыз ойындар анықталған . Күнделікті дүкендерде, сауда орталықтарында, тағы да басқа мекемелерде, ойын автоматтарының маңайында үймелеп тұрған адамдарды жиі көреміз. Бұл – біріне бизнес болса, біріне құмарлығын қанағаттандыратын іс болып есептелетіні хақ. Соған қоса, ол қазақ қоғамының тамырын кесетін, қасіретті әрекеттердің бірі. Тек қазақ қоғамы ғана емес, адамзаттың індеті, дерті. Сондықтан, әр адам өз құмарлығы мен нәпсісін тыя білуді үйренсе деймін.

Нұргүл Оразбек,

Тараз өңірлік университетінің 3-курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.