Қалалық қоғамдық-саяси газет

Малшылардың «маршалы»

0 365

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ұлыларды ұлықтамай, баянды болашаққа қадам баса алмайтынымызды баса айтқаны белгілі. Иә, тарихи тұлғалардың ерен еңбегі мен есімін кейінгі ұрпақтың санасына сіңіріп, жадында жаттату – сіз бен біздің азаматтық парызымыз. Еңбекпен есейіп, абырой биігіне көтерілген халқымыздың даңқты перзенттері хақында сөз қозғағанда, алғашқылардың қатарында Жазылбек Қуанышбаевтың есімі еске оралады. Аты аңызға айналған шопан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың өмір жолы жастарға үлгі-өнеге екені даусыз.

Редакциядан

Жазылбек Қуанышбаев 1896 жылы төменгі Шу бойындағы қазіргі Жамбыл ауылында дүниеге келген. Әкесі Қуанышбай мен анасы Айткүлден жастай жетім қалған қаршадай бала еңбекке ерте араласады. Мойынқұм өңірінде алғашқылардың бірі болып ұйымдасқан Кеңес ауыл шаруашылық артеліне мүше болып кіреді. 1936 жылға дейін аталған колхозда шопан болып еңбек етеді. Жаз-атаның әсіресе Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарындағы ерен еңбегі баршаға үлгі болды. Ел басына күн туған шақта мал басын аман сақтап, ет пен жүнді артығымен өндірді. Майданға азық-түлік, киім-кешек жіберу ісінде де белсенділік көрсетті.
Төл алудағы үздік жетістіктері үшін шопанға 1948 жылы «Социалистік Еңбек Ері» атағы берілді. Жоғары марапат шопанды алға қарай ұмтылдыра түсті. 1957 жылы отардағы әр жүз саулықтан 144-тен қозы алынып, әр қойдан екі келіден жүн қырқылды. Қаракөл елтірісінің сапасы артты. Мұндай көрсеткіш ол кезде биік белес еді. Ол кісі келер жылы да жаңа жетістікке жетті. Мал басын толық аман сақтап, әр жүз саулықтан 145-тен қозы алды, әр қойдан 3,3 келі жүн қырықты, қаракөл елтірісінің бірінші сорттылығын 86,5 пайызға көтерді. Мұндай үздік жетістіктері үшін Жаз-атамыздың омырауына 1958 жылы Социалистік Еңбек Ерінің екінші Алтын жұлдызы тағылды. Екі рет Еңбек Ері атағын алуына байланысты СССР Жоғарғы Советі Президиумының Жарлығымен Бірлік селосында Жазылбек Қуанышбаевтың бюсті биік тұғырға қойылды.
Мал шаруашылығында ерен еңбегі жоғары бағаланған, жаңашыл шопан атамыздың даңқы туған өлкеміз Қазақстанға ғана емес, бұрынғы бүкіл Одақ көлеміне мәлім болды. Бұл жоғары атақ Жаз-атамызды жаңа жетістіктерге жетеледі. Сол жылдары әр жүз саулықтан 140-тан 155-ке дейін төл өргізді, әр қойдан 4 келіден жүн қырықты. Сөйтіп, ол өзі қой баққан отыз жыл ішінде бір ғана өз отарында 17,5 мың төл алды, мемлекетке 9 046 елтірі мен 546 центнер жүн өткізді.
Отар бойынша 5 317 центнер қосымша ет өндірді. Отардан 8 548 қозы өргізіп, мал басын 98,3 пайыз аман сақтады. Осы жылдары мемлекетке 704 мың сом табыс келтірді. Бұл бір ғана еңбеккердің қажырлы еңбегімен келген ұшан-теңіз байлық еді.
1963 жылы Жаз-атаны аудан жұртшылығы құрметті еңбек демалысына шығарып салды. Әйтсе де, еңбекпен етене жақын болып кеткен ол үйінде қарап отыра алмады, ата кәсіп – мал шаруашылығында қала беруге ниет білдірді.
1968 жылы қайтадан демалысқа шықты. Жаз-атамыз еңбек майталманы ғана емес, тәлімгер бола отырып, өзінің мол тәжірибесін жастарға жалықпай үйретті. Шопанның жолын қуып, ісін жалғастырған шәкірттері жүздеп саналады. Малшылардың «маршалы» қоғамдық істерге де белсене араласты. Екі дүркін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. КПСС-тің ХХІІ съезіне және Қазақстан Компартиясының ХІ съезіне делегат болып қатысты. Колхозшылардың Бүкілодақтық ІІІ съезіне де барды. Жаз-атаны Шымкент қаласында дендросаябақты ашу салтанатына сол кездегі Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаров арнайы шақырып, облыстың еңбеккерлерімен кездесу өткізгені есімізде. Сол сапарында ол замандасы, күріш өсіруден рекордтық көрсеткішке қол жеткізген екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевқа барып, сәлем беріп қайтты. Қызылорда облысының еңбек адамдарымен кездесті.
Жаз-ата мен Ыбырай Жақаевтың 1972 жылы Алматыда кездесуі туралы Асқар Тоқмағанбетов:
Міне, осылай бас қосты екі батыр,
Боп қалды кездескендей екі ғасыр.
Бірі тау, бірі теңіз секілденіп,
Екеуі жұбын жазбай келе жатыр, – деп өлең жазды.
Ж.Қуанышбаевтың Одаққа белгілі екі мәрте Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергеновпен кездескені де жұртшылыққа мәлім.
Жаз-атамыздың есімі Үлкен Совет энциклопедиясына, Қазақ Совет энциклопедиясына енді. Ол кісі туралы деректі мәліметтер сол кездегі «Правда» газетінен бастап, барлық газет-журналдарда басылып тұрды. Әйгілі шопан туралы көптеген материалдар музейлерде жинақталған. Мойынқұм ауданында Жазылбек Қуанышбаев атындағы музей жұмыс істейді. Аудан орталығында дала академигінің шопан таяғын ұстап, қиырға көз тіккен бейнесі биік тұғырда тұр.
Жаз-ата атында шаруа қожалығы, елді мекендерде көшелер бар. Алматыда бір көше Жазылбек есімімен аталады. Артында қалған ұрпағы өсіп-өніп жатыр. Иә, шопандар атасы Жазылбек Қуанышбаев сияқты еңбектің ерен ерінің халық санасында сақталып, жасай беретіні сөзсіз. Жаз-ата өзінің бейнеткештігімен шопан кәсібінің абыройы мен даңқын асырды, мал шаруашылығы тарихында өшпес із қалдырды.

Ләйлә ҚОЖАГЕЛДИЕВА,
Жазылбек Қуанышбаев атындағы музейдің директоры,
Мойынқұм ауданы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.