Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жүректерінен жылулық төгілген жандар

0 285

Мұң, өкініш пен қайғы, үміт пен күдігі арпалысқан жарық дүниеде жалғыздық деген қасірет жанды өртейтіні бар. Адам қашанда жылулыққа зәру. Ал сүрінгенде сүйеуі, құлағанда демеуі, адасқанда жол, қамыққанда жөн көрсетер жақыны қалмағандар қайтпек? Мұндай өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету саласында еңбек етіп жүрген жандар бар мейірімін төгіп, аялы алақанын тосады.

Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында панасызға бала, анасызға ана болып, қызмет алушылардың отымен кіріп, күлімен шығып жүргендер жайлы не білесіз? Иә, олар басына қиын-қыстау күн туғандардың арқасын сүйеп, қамқорлық танытып, ас-ауқатын беріп, киімін түзеп қана қоймайды. Олар жылағанның жасын сүртіп, маңдайын сипап, мұңын да бөліседі. Ал мұндай қызмет үшін мейірімді жүрек қажет.
Қазан айының соңғы жексенбісі – Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні. Осыған орай Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында қызмет етіп жүргендермен тілдескен едік.
– Пандемия кезінде жұмысқа қонып, ата-апалардың күтімімен болдық. Мұндағы қарттарды өзімнің ата-әжемдей көремін. Ол кісілерге қызмет етіп, қамқорлық таныту аз, ол кісілерді жақсы көру керек деп ойлаймын. Әр ата мен әженің әжімінен өз әке-шешемнің жүріп өткен жолдарын, жәутеңдеген көздерінен ата-анамның жанарының жарқылын байқап қаламын. Бұл кісілерге жасап жатқан қамқорлығымды анам мен әкеме жасап жатырмын деп қабылдаймын. Мен ешқашан ол кісілерден «Қарттар үйіне қалай түстіңіз?» деп сұраған емеспін. Қастарына отырып тілге тартсаң, өздері-ақ айтып береді. Бөлмелеріне кіргенде «Қызым, қалайсың?» деп күлімдеп қарсы алады. «Немерелерім қалай?» деп балаларымды сұрайды. Ешкімге бермей, қолына екі тәтті ұстап отырады. «Мынаны немерелеріме апарып берші» деп тығып отырған тәттілерін қолыма ұстатқанда елжіреп кетемін. Бұл кісілердің разылығын алған сайын өз ата-анамның рухы да шалқып, разы болғанын елестетемін. Бір әжейді қыздары алып кетпекші болғанда, бармай қойды. Бұл кісілер ешкімге масыл болғысы келмейді. Біз мүгедектерге, жасының ұлғаюына, сырқатына байланысты өзін-өзі күте алмайтын, түрлі себептермен қараусыз қалған жандарға қолғабыс етуге қашанда дайынбыз. Әрқашан жаны жаралы жандарға көмек қолын созып, оларды мейірім құшағына бөлеп, қамқорлығымызды аямаймыз, – дейді №1 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының әлеуметтік қызметкері Ғазиза Шигенбаева.
Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығында әлеуметтік ұстаз, аға сарапшы қызметін атқарып жүрген Жеңіскүл Есеналиеваның да жүрегінен тек жылулық еседі.
– Менің атқарып отырған қызметім – балаларды отбасына орналастыру және сүйемелдеу. Бұл өте сауапты іс деп мақтанып айта аламын. 4 баладан 10 балаға дейін ережеге сәйкес қамқорлық таныта алады. Ата-ана құқығынан айырылғанымен, уақыт өте келе түзеліп, туған әке-шешесі өз қамқорлығына алған балалар да бар. Бала үшін туған ата-анасымен тұрудан асқан бақыт жоқ.Тұрмыс-тіршілігіне демеу болып, жеке құжаттарына да қол ұшын береміз. Үш ағайынды бала біздің орталықта тәрбиеленді. Анасы құқығынан шектелген болатын. Біз тығыз байланыста жұмыс жүргізіп, ол кісінің балаларын қайтаруға ниеті бар екенін білдік. Бұл жағдайда анасы ішімдік ішпейді, тек материалдық тұрғыдан мүмкіндігі жоқ еді. Осы отбасыға көмек қолын создық. Жұмысымның ләззат сыйлайтын сәт-тері – бізден кеткен балалардың бақытты өмір сүрген кезеңдері. Мемлекет тарапынан біздің орталықта балаға барлық жағдай жасалған. Мәселен, бес мезгіл ас ішеді, ақ төсекте ұйықтайды, яғни тамағы тоқ, киімі көк, бірақ әрбір бала отбасында өмір сүруге лайық, – дейді Жеңіскүл.
Иә, әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің еңбегі ерен. Өзгені өз баласындай бауырына басып, егде жасқа келген қариялардың қабағын бағып, тілін табу оңай шаруа емес. Тіпті олардың арасында өздігінен қимыл-әрекеттен айырылғандардың күнделікті тұрмыстық қажеттілігін өтеуіне де еш қиналмай қолғабыс етеді. Жүрегінен жылулық, алақандарынан мейірім сезілген сала мамандарына мың тағзым дейсің!

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.