Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мағжан – поэзия падишасы

0 117

Абай атындағы орталық кітапханада Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған «Мағжан – поэзия падишасы» атты кездесу кеші өтті.

Іс-шараға Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев атындағы Жоғары колледж директоры Жандильдин Ерлік Борисұлы, мағжантанушы, тарих пәнінің оқытушысы, Мағжан Жұмабаевтың немере інісі Тасболат Бекеновтің қызы Бекенова Гүлмира Тасболатқызы, Мағжан Жұмабаевтың немере інісі Тасболат Бекеновтің әйелі, Мағжан Жұмабаевтың келіні Бекенова Сара Ғабдулғазизқызы қатысып, Мағжан Жұмабаевтың азаматтық үні, ұлттық рух пен патриоттық тәлім-тәрбиенің қайнар көзіндей өлең деген құдірет арқылы ұлт руханиятына қосқан үлесі туралы кітапхана оқырмандарымен ой бөлісті.
Сонымен бірге кітапхана оқырман-дары Аяна Ким, Айзере Бақытжанқызы, Күнтөре Нұрай, Аликеева Таңшолпан, Еркінбекқызы Кәусар, Жиенғали Исламали, Байдаулетова Меруерт, Сапарбай Жанна Мағжан Жұмабаевтың қазақ халқының ұлттық тұрмыс-тіршілігіндегі жақсы қасиеттерін жырлаған, сырға толы «Хакім Абай», «Әжесі мен немересі», «Түркістан», «Қазақ тілі», «От», «Р…ға», атты өлеңдерін оқып, кеш көркін қыздыра түссе, Халықаралық Тараз инновациялық институтының 1-курс студенті Өсер Едіге ақынға арнаған өлеңін оқыды.
Кітапхана ұжымы ұйымдастырған «Ұлт рухының кемеңгері» атты кітап көрмесіндегі Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» атты жыр жинағын кітапхана қызметкері Гауһар Бименова таныстырып, Мағжан Жұмабаевтың жай ғана ақын емес, ұлт болашағы үшін күрескен қайраткер, өмірден өз орнын үнемі іздеумен өткен, бар білген-түйгенін соған сарп еткен суреткер ретінде халқының есінде екенін атап өтті.

Абай атындағы орталық кітапханасы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.