Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мәжілістің мәртебесі артты

0 624

Мемлекет басшысы наурыз айындағы Жолдауында қазақстандықтарды елдің саяси жүйесін кешенді жаңғыртудың жаңа бағдарламасымен таныстырды. Оның ішінде Мемлекет басшысы өкілді билік тармағын қайта құруға ерекше мән берді. Мысалы, қазіргі кезбен салыстырғанда, алдағы уақытта Парламенттің рөлін айтарлықтай арттыру жоспарланып отыр. Соған сәйкес, енді заң қабылдау құқығы тек Мәжіліске ғана тиесілі болады.

Мәжілістегі депутаттар санының азайып, Сенаттың жоғары палата ретінде жұмыс істеуін дұрыс әрі орынды деп санаймын. Біздің Сенат әр өңіріміздің мүддесін қорғайтын палатаға айналуға тиіс. Конституцияға сәйкес, Сенаттың Мәжіліс мақұлдаған заң жобаларын қабылдауға немесе қабылдамауға құқығы бар. Бұл ретте Сенатқа Мәжіліс қабылдаған заңдарды тек мақұлдау немесе мақұлдамау құқығын беретін норманың енгізілуі мен заң қабылдау құқығы Мәжіліске ғана тиесілі болатыны құптарлық. Сонымен қатар Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құрылып, оның төрағасы Мәжіліс депутаттары алдында жылына екі рет есеп береді. Алдағы реформалар мәслихаттың мәртебесін де арттыра түседі. Айта кетсек, енді Президенттің облыс және республикалық маңызы бар қала әкімі лауазымына кем дегенде екі үміткер ұсынып, жергілікті мәслихат, солардың ішінен лайықтысын таңдауға құқылы болады. Бұл дегеніміз халықтың өкілді билікке деген сенімін нығайта түсетіні анық.
Президенттің елдегі тыныштық пен ұлтаралық қатынастардың сақталуы үшін өзара диалог, өзара түсіністік пен келісімнің қажеттілігіне назар аударуы егемендігімізді күшейту мүддесін көздегендіктен екені баршаға мәлім. Қасым-Жомарт Кемелұлының: «Мені ең алдымен халқымның болашағы қандай болатыны толғандырады. Қызметіме түрлі адамдардың беретін бағасынан гөрі мемлекетімізді қорғап қалу мен үшін аса маңызды», – деген сөздерінде екінің бірі біле бермейтін, жұртшылыққа ашып айта алмайтын жан сыры жатқанын сеземін.
Мемлекет басшысы қазір өзінің өкілеттігі шегінде халқымен бірлесе отырып, «Жаңа Қазақстанның» стратегиялық іс-жоспарын жүзеге асыруға кірісті. Осы жолда оған қолдау көрсетуіміз керек. Қалай дегенмен де енді қоғам оянды. Осы тұжырымдарға сәйкес іс-әрекет жасап, осы тың ұсыныстарды болашағы үшін ойланатын әр азамат іске асыруға күш салғаны абзал. Тек сонда жаңа Қазақстанның берік іргетасын қалай аламыз.

Гүлнар Тулеушова,
Ш. Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының кітапханашысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.