Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Әулиеата жастары»: бағдарлама баспанамен қаншалықты қамти алады?

0 776

Елімізде бұқараны баспанамен қамту мақсатында жанданып жатқан жұмыстар аз емес. Алайда олардың барлығы дерлік жастардың сұранысын қанағаттандыра алмауда. Осы бағытта осыдан 3 жыл бұрын облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы «Әулиеата жастары» жобасын қолға алған болатын. Алайда жобаның бағыты айқындалып қойғанымен, жүзеге асуы кешеуілдеген. Енді міне, биыл жағымды жаңалық жетіп, жобаға қаржы қаралатын болды. Алайда бағдарлама жастарды толықтай баспанамен қамти ала ма?
Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының мәліметінше, жоба жоспары 11 бөлім, 94 тармақтан тұрады. Мұны іске асыруға 5 жылға 1,3 миллиард теңге қарастырылған. Өткен жылы бағдарламаның тиімді іске асырылуын бақылау мақсатында зерделеу жұмыстары жүргізілген екен. Нәтижесінде Тараз қаласы мен аудандарда бірнеше кемшіліктер анықталған. Мәселен, аталған әкімдіктердегі салалық бөлімдер тапсырманың мерзімінде орындалуына баса назар аудармаған. Бүгінде олқылықтар бойынша тиісті ұсынымдар беріліп, кемшіліктер түзетілген.

– Осы орайда Сарысу, Жамбыл, Жуалы, Т.Рысқұлов, Мойынқұм ауданының әкімдері бағдарламаның аудан көлемінде іске асырылуын бақылауға алу қажет деп есептеймін. Жоба өңір жастарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету және жас отбасыларды қолдау мақсатында дайындалды. Жоба Тараз қалалық және аудандық жастар істері жөніндегі кеңестерде, үкіметтік емес жастар ұйымдарымен және облыстық қоғамдық кеңесте, жетінші шақырылған облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясында қаралып, мақұлданды. Жуырда облыс әкімінің төрағалығымен бағдарламаның талаптары мен шарттары қаралды. Бағдарламаны әзірлеуде облыстың ерекшеліктерін ескере отырып және Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында оң нәтиже берген пилоттық бағдарламалар негізінде алынды. Бұған дейін облыста жастар мен жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған арнайы бағдарлама болмаған. Қолданыстағы бағдарламалар шеңберінде тұрғын үй сатып алу үшін азаматтарға ипотекалық кредиттеудің әртүрлі құралдары («7-20-25», «Баспана-хит», «Әскери Баспана», «Бақытты отбасы», «Шаңырақ» 5-10-20 және тағы басқа) қарастырылған. Басқарма тарапынан тұрақты түрде әлеуметтік желіде сауалнамалар ұйымдастырылып тұрады, яғни жүргізілген зерттеудің нәтижесінде жастардың 90 пайызға жуығы тұрғын үй алуға ниетті екені және төлеу қабілетінің бар екендігін көрсеткен. Сонымен қатар «Отбасы банк» Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ төрағасы мен облыс әкімі арасында ынтымақтастық туралы екі жақты келісім жасалды. Алдағы күндерде облыс әкімдігі, бағдарлама әкімшісі (жастар саясаты мәселелері басқармасы) және «Отбасы банк» Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арасында үш жақты несие шартына отыру жоспарланған. Бүгінгі таңда бағдарлама аясында өтініш берушілердің өтінімдерін қабылдау платформасы облыс әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасымен әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауда болады. Жастар саясатына қатысты басқа да жұмыстар жүйелі түрде жалғаса береді, – дейді басқарма басшысы Серікбол Берікқожа.
Бүгінде облыс бойынша тұрғын үй алуға – 7 140, жер телімін алуға 10 787 жас кезекте тұр. Өткен жылы ипотекалық несие рәсімдеген жастар саны 318-ді құраған. Бағдарламаға жергілікті бюджет есебінен 500 миллион теңге бөлініп, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінде қолдау тапқан. Жастарға берілетін қарыздың ең жоғары сомасы – 13 миллион теңгеге дейін. Несие беру уақыты – 19 жыл. Ал пайыздық мөлшерлеме – 5 және бастапқы жарна – 5 пайыз. Нәтижесінде жыл сайын 50 жас баспана бақытын сезінбек. Дегенмен мұның да өзіндік талаптары бар. Айталық, бағдарламаға 35 жасқа дейінгі ҚР азаматы және негізгі қатысушы ретінде тек ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алмақ. Ерекше атап өтерлігі, бағдарламада негізінен денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт және журналистика саласының қызметкерлері қамтылмақ. Бұған қоса, бағдарламаға қатысушы конкурсқа өтінімді толтыру кезінде облыс аумағында өзі еңбек ететін салада соңғы бір жылдан кем емес жұмыс істеуі, «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде жинақ шотының болуы, соңғы бес жылда тұрғын үйдің немесе меншік құқығындағы тұрғын үйдің болмауы және әр отбасы мүшесіне бөлінген кездегі кірістің жалпы құны 140 470 теңгеден аспауы аса маңызды.
Әрине, бағдарлама болғаннан кейін оның талаптары болуы да заңдылық. Алайда мұндай шектеулерге жастардың ойы қандай?
– Шыны керек, «Әулиеата жастары» жобасын асыға күттік. Алайда биыл небәрі 50 адам ғана баспана алатындығы іш қынжылтады. Жылдап сарыла күткен жобаға билік қомақты қаржы бөледі деген үміт болып еді. Бірақ бәрі басқаша болып тұр. Десе де, көш жүре түзелетіндігіне сенеміз. Әйтеуір басы тәп-тәуір басталған тірліктің соңы сиырқұйымшақтанып кетпесе болғаны, – дейді Жансерік Мыңжасар.
Ал Сәрсен Өкенов берілетін 50 баспана ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпесе екен деп тілейді.
– Оқу орнын бітіргеннен бері бір баспана алу арманыма айналды. Себебі өз алдыма шаңырақ көтеріп, отау тіксем деймін. Алайда жоқшылық қолбайлау болып тұр. Басқа облыстарға барып жұмыс та жасап келдім. Бірақ онда тұрғын үй бағасы ұшып тұр. Содан туған топыраққа оралып, қазір осында жұмыс істеудемін. Жобаның барлық талаптарымен енді танысып жатырмын. Шектеулерге қарап, өз мүмкіндігімді пайымдап отырмын. Бұйыртса, құжат тапсырып көруге ниет бар. Ең бастысы, 50 баспана «әкесі» мен «жәкесі» барлардың қолында кетпесе болғаны, – дейді Сәрсен.

Иә, биыл берілетін 50 баспана көптің жұмырына жұқ болмайтынын жастардың іші сезіп тұр. Алайда басқарма басшысы Серікбол Берікқожаның айтуынша, ағымдағы жылдың бес айы өтіп кеткендіктен, «Отбасы банкі» уәде еткен 50 пайыздық қаржыландыруды бөле алмаған екен. Алайда банк келер жылы жастар басқармасымен қоян-қолтық жұмыс жасауға ниетті. Сондықтан үмітті үзбей, келер жылы жастарға бұдан да көп баспана беріледі деп сенейік. Ең бастысы, сең қозғалды.

Лаура Абайқызы 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.