Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қ. Мәдібек: Қуаңшылықтан зардап шеккен шаруаларға 2,7 млрд теңге төленді

0 1  719

Жаз айларында орын алған суармалы су тапшылығы мен құрғақшылық салдарынан зардап шеккен Жамбыл облысының шаруалары толығымен өтемақы алды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек мәлімдеді.  

Қанатбек Қайшыбекұлының айтуы бойынша, суармалы су тапшылығы, құрғақшылық салдарынан зардап шеккен 358 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушінің шығынын өтеп беру үшін елдің төтенше резервінен 2,7 млрд теңге мөлшерінде өтемақы қаралған. Аталған қаржы ұсынылған құжаттар және арнайы комиссияның зардап шеккен нысандарды кешенді зерделеуі негізінде төленіпті.

 – Өңірлік ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай нәтижесінде суармалы егіс алқаптарындағы 9 мың гектардан астам жерге егілген өнім жазғы кезеңде суармалы су тапшылығы мен құрғақшылықтан жарамсыз деп танылды.

 Облыс шаруаларына келтірілген шығынды өтеу үшін ҚР Үкіметінің қаулысы негізінде елдің төтенше резервінен 3,7 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылданды.

Арнайы комиссия зардап шеккен ауыл шаруашылығы нысандарын аралап, шаруалардың ұсынған растайтын құжаттары бойынша өтемақы төленетін тізімге 358 шаруа қожалығы енді. Оларға төтенше резервтен 2,7 млрд. теңге өтелді.

Бөлінген 3,7 млрд теңгенің 890 млн теңгесі ауыл шаруашылығы тауларын өндірушілер тарапынан растайтын құжаттарды ұсынбауы, кейбір жағдайларда олардың сәйкес келмеуі себебінен мемлекеттік бюджетке қайтарылды, – деді облыс әкімінің орынбасары жиында жасаған баяндамасында

Аталған жайтқа бірнеше себеп болған. Мәселен, Жамбыл ауданының алты шаруа қожалығы тиісті құжаттарын мүлдем ұсынбаса, Байзақтық екі шаруа өтемақы алудан бас тартқан көрінеді. Сондай-ақ Меркі және Байзақ ауданының үш шаруа қожалығы субсидиялар бөлінген дақылдардан басқа дақыл түріне субсидия беруді талап еткен. Бұл ретте өзге дақылдар бойынша субсидия алынған.

Сонымен қатар қордайлық – 9, байзақтық – 4 шаруа қожалығы талаптарға сай келмеуі, яғни жерге меншік құқығын растайтын құжаттардың болмауына байланысты өтемақыға қол жеткізе алмапты. Арнайы комиссия Меркі және Т.Рысқұлов ауданының 6 шаруа қожалығына өз ұңғымаларының болуы себебінен және Талас ауданының 1 шаруашылығына «Қазсушар» РМК-мен келісім шарттың болмауына байланысты өтемақы беруден бас тартыпты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.