Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мәдениет – өмір мәйегі

0 567

Ерлан ЖҮНІСБАЙ,
облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы

Кез келген ұлттың терең тарихы, салт-дәстүрі, жалпы болмысы мәдениетінде менмұндалап тұрады. Сол себептен де мәдениет үстіртін қарайтын сала емес. Оны жандандыру, тынысын ашу қай кезеңде болмасын үздіксіз жүзеге асып отырады. Ал елдің арманға толы өткені мен үмітті күндерінен сыр шертетін өнер ұғымы мәдениеттің қайнар көзіне айналғандықтан, бұларды бір-бірінен бөле-жарып қарау мүмкін емес.

Жасыратыны жоқ, көлеңкесі мен күнгейі қатарласқан жаһандық кезеңде бір елде бірнеше мәдениеттің тоғысып, ұлттық құндылықтарға кері әсері тиіп те жатыр. Сол үшін де қолда бар алтынның қадіріне жетіп, мәдениетіміздің қазығын берік қалыптастыру осы саладағы мамандардың басты парызына айналды. Ел алдындағы пайымы бөлек парызға адалдық таныту бізді де айналып өтпесі хақ.
Өңіріміздегі мәдениет саласының тыныс-тіршілігі туралы сөз қозғасақ, көңіл көншітетін дүниелер туралы ауыз толтырып айтуға болады. Осы уақытқа дейін облысымыздың түкпір-түкпірінде өтіп жатқан мәдени іс-шаралар легі БАҚ беттерінен баршаға белгілі. Мәселен, 2022 жылдың I тоқсанында да облысымыздың мәдениет, архив саласында жоспарланған шаралар мен көзделген мақсатты индикаторларға қол жеткізіліп, бірқатар нәтижелі жұмыстар атқарылды. Жыл басынан бері әртүрлі деңгейдегі іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтар болсақ, облыс әкімдігінің қолдауымен Жамбыл Жабаевтың туған күні мен «Aq jol» газетінің 100 жылдығына орай «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Жас ұрпаққа Жамбыл шығармалары арқылы өлке тарихын, жер-суын, туған топырақтың қадір-қасиетін ұғындыру мен айтыс өнерін мәдениетіміздің баға жетпес асыл мұрасы ретінде халыққа жан-жақты насихаттап, оның дамуына қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған сөз сайысына 18 ақын қатысып, көрермен қошеметіне бөленді. Сондай-ақ Халықаралық әйелдер мерекесіне орай «Асыл ана» атты салтанатты мерекелік концерті мен Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өңірдің әлеуметтік дамуына ерекше үлес қосып жүрген әйелдердің қатысуымен «Ана – үміт, Ана – жігер, Ана – азамат» тақырыбында сырласу кеші өтті. Сонымен қатар облыстық кітапхана Әулиеата өңірінде дүниеге келген жазушылардың шығармаларын өнеге ету, өмір жолдарын келешек ұрпаққа кеңінен насихаттау мақсатында еліміздің руханиятын дамытуға сүбелі үлес қосып келе жатқан жазушы, драматург, публицист Елен Әлімжанның қатысуымен облыстық кітап пен оқуды қолдап, ілгерілетуге бағытталған «Жазушымен бір күн» желілік акциясын ұйымдастырды.
Бұған қоса, Балалар жылы аясында заманауи ертегілер арқылы ұлттық және рухани құндылықтарды жаңа технологиялар форматына икемдеп, балаларға аңыздар мен ертегілер арқылы рухани тәрбие беру мақсатында «OrdaGen» балаларға арналған ертегілер жобасы іске асырылуда. Жоба аясында Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен балаларға арналған кітаптардың тұсаукесер рәсімі өтті.
Айтулы жылға және қазақ балалар әдебиетіне өзіндік үлес қосқан Ескен Елубаевтың туғанына 80 жыл толуына орай облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы М.Әуезов атындағы №33 орта мектебімен бірлесе «Біздің өлкенің мақтаныштары» атты еске алу кешін өткізді. Іс-шараға М.Әуезов атындағы №33 орта мектеп оқушылары мен ұстаздары және «Болашақ» мектеп-интернатының тұрақты оқырмандары қатысты. Сондай-ақ арнайы кітапханада зағип және нашар көретін жандарды қоғам көшінен қалдырмау, халқымыздың рухани және мәдени мұраларын қастерлеп, жаңғырту үшін «Шебердің қолы алтын» атты тифло-тігін жобасы да жүзеге асуда.
Мемлекеттік мерекелер де мәдениет қызметкерлерінің тарапынан тыс қалған емес. Атап айтсақ, биылғы Ұлыстың ұлы күніне орай «Амал» мерекесін айрықша атап өтумен басталды. Бұдан соң мейрам 18 наурызға дейін басқармаға қарасты театр, кітапхана, филармония және архив мекемелерінде жалғасын тапты. «Тұсау кесу», «Сыңсу», «Құрсақ шашу», «Бесікке салу», «Сүйек жаңғырту» сынды салт-дәстүрлер дәріптеліп, аңыз-ертегі кейіпкерлері Алдар көсе мен Қожанасырдың қатысуымен Наурыз мерекесінің мән-мағынасын ашатын театрландырылған қойылымдар көрсетілді. Осы орайда «Амал» мерекесі қарсаңында «Үміт» балалар үйіндегі 4 тәрбиеленушінің тұсауы кесіліп, мәдениет саласының ардагерлері балаларды өз қамқорлықтарына алғанын ерекше атап өткен жөн. Осы арқылы жетімін жылатпаған халқымыздың дәстүрі мен құндылығы көрініс тауып, көпшілікті сүйсінтті. Ұлыстың ұлы күнін Әулиеата жерінде кеңінен атап өту шаралары мұнымен шектеліп қалған жоқ. Әсіресе облыс әкімдігінің қолдауымен, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Қош келдің, әз Наурыз!» мерекелік іс-шарасы көпшіліктің есінде көпке дейін сақталары сөзсіз. Шара барысында мәдениет қызметкерлерінен жасақталған «Наурыз-көш» керуені Тараз көшелерін жүріп өтті. Олар тек мұнымен тоқтамай, балаларға арнаған арнайы қоржын әзірлеп, базарлықтар жол бойы кездескен балғындарға үлестірілді.
Бар ғұмырын киелі өнер жолына арнап, қазақ киносы мен театрының Құлагеріне айналған Асанәлі Әшімовтің 85 жылдық мерейтойы да Жамбыл төрінде дүркіреп өтті. Алдымен мерейтой иесі туған жері Таразға ат басын бұрып, өзі жетекшілік ететін «Жаңа ғасыр» театры ұжымымен бірге шығармашылық есеп берді. Екі күнге созылған өнер сапарында «Жаңа ғасыр» театры А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының сахнасында көрермен назарына «Соңғы қоңырау», «Жарқанат», «Тағдыр тақтасы» атты үш қойылым ұсынды.
Аты аңызға айналған абызды облыс әкімі Нұржан Нұржігітов пен шаһар тұрғындары зор қошеметпен қарсы алып, сый-сияпаттарын тарту етті. Асанәлі Әшімов жерлестеріне зор ықыласын жеткізіп, облыс басшылығына алғысын білдірді. Бұл облыс мәдениеті үшін де абыройлы іс болды десем артық айтқандық емес.
Өңірдегі жас таланттарды іздестіру, оларға қолдау көрсету, дарынды жастардың орындаушылық шеберлігінің шыңдалып, танылуына мүмкіндік жасау мақсатында облыс аудандарында «Жаңа Есім-2022» жобасы өткізілді. Сондай-ақ облыстық іріктеу кезеңі де ұйымдастырылып, алдағы уақытта гала-концертпен қорытындылау жоспарлануда.
К.Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның құрамындағы шығармашылық ұжымдар жыл басынан бері 67 концерт ұйымдастырып, оған 12 728 көрермен қамтылды. Сонымен қатар наурыз айында «Балауса» циркі Меркі, Шу аудандарының елді мекендерінде гастрольдік концерттер ұйымдастырса, енді Ақмола облысы Көкшетау қаласында «Алатау» фольклорлық ансамблінің «Әулиеата әуендері» атты гастрольдік концертін өткізу жоспарлануда. Мұндай концерттер облыс аудандарына да ұйымдастырылатын болады. Ал А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры Меркі ауданының ауылдарына гастрольдік сапармен барып, қойылымдар сахналады. Жамбыл облыстық орыс драма театры болса, 19-23 сәуір күндері Қарағанды облысына гастрольдік сапармен аттанып, өнерлерін ортаға салды. Театр ұжымы эксклюзивті сапар барысында қарағандылықтарды репертуарларындағы қойылымдарымен қуантты. Атап айтқанда, К.С.Станиславский атындағы Қарағанды облыстық орыс драма театрының сахнасында «Я хочу домой», «Фараоны», «Ходжа Насреддин», «Сеньорита Рита» қойылымдары мен «Жила-была сыроежка», «Зайка-зазнайка» ертегілері көпшілік назарына ұсынылды.
Әлбетте, мәдениет ұғымы өнермен ғана шектелмейді. Бұл саланың дамуына архив қызметкерлерінің де қосып отырған үлесі зор. Бүгінде облыс көлемінде жалпы саны 12 мемлекеттік архив бар. Ведомстволық архивтердің құжаттарының құндылығы сарапталып, нәтижесінде есептік кезеңде мемлекеттік архивтердің сақтауына 3154 сақтау бірліктегі құжаттар қабылданды. Іс жүргізу, құжаттарды есепке алу, сақтау, сараптау тәртібі бойынша архивтердің Ұлттық архив қорының құжаттарын жинақтау көзі болып табылатын 154 мекемеге әдістемелік көмек көрсетіліп, 14 семинар өткізіліп, 206 мекеменің істер номенклатурасы келісілді. Архив құжаттарының «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру мақсатында облыстағы мемлекеттік мұрағаттармен осы тоқсанда 4848 сақтау бірліктің 477 646 парағы цифрлы форматқа көшірілді. Бұл сақтауда тұрған құжаттың 18,4 пайызын құрайды. Осы жылдың І тоқсанындағы сұраныстардың негізінде 4458 архивтік анықтама беріліп, мемлекеттік қызмет көрсетілді.
Жыл бойы басқарма мен оған қарасты мекемелердің 2022 жылы ұйымдастыратын іс-шараларының жоспары пысықталып, бірқатар ауқымды жобалар жоспарланған. Атап айтсақ, М.Әуезовтің 125 жылдық мерейтойына орай халық театрларының «Театр – өмір айнасы» облыстық фестивалі, Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай «Рухани көсем» атты театрландырылған қойылымын дайындау, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына облыстық тарихи өлкетану музейінің қорынан көрмелер ұйымдастыру, «Ұрпақтар сабақтастығы: тарихпен болашақ жамбылдық суретшілерінің көзімен» көрме-байқауы, «Өлкелік туризм – кітапхана жұмысының инновациялық түрі ретінде» жобасы тағы да басқа іс-шаралар кезең-кезеңімен ұйымдастырылмақ. Балалар жылына байланысты да облыстық мәдениет және өнер ұжымдары тарапынан ауқымды жобалар өткізу көзделуде.
Биыл өнер саңлақтарымыз көптеген толағай табыстарға қол жеткізді. Күні кеше Өзбекстан Республикасының Хива қаласында өткен би фестивалінде К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының «Ақкербез» би ансамблі еліміздің атынан өнер көрсетіп, облысымыздың ғана емес, барша халқымыздың мерейін асқақтатып қайтты. Нақтырақ айтсақ, ансамбль мүшесі Гүлнұр Қасымбек «Аққу» биімен барша фестивальге қатысушыларды таңғалдырып, жүлделі I орынды олжалады. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан ұйымдастырылатын «Рухани қазына» фестивалінде биыл да өңіріміздегі кітапхана, музей, архив қызметкерлері бақ сынауда. Бұған дейін фестивальден біздің кітапхана, музей қызметкерлерінің құр қайтпағаны баршаға мәлім. Биылғы байқаудан да жақсы жаңалық күтудеміз.
Ауылды жерлердегі мәдениетті дамыту да назардан тыс қалмауы тиіс. Осы мақсатта елді мекендерді заманауи сұраныстарға сәйкес, мәдени нысандармен қамту жұмыстары жалғасын табуда. Мәселен, мамыр айында Т.Рысқұлов ауданының Өрнек ауылының тұрғындары қуанышқа кенелді. Ауылда жаңа мәдениет үйінің есігі айқара ашылды. Алдағы уақытта аталмыш өнер ордасында тұрақты түрде әрі ақысыз негізде домбыра, би, көркем сөз, ән үйірмелері жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ биыл Жамбыл облысында 4 мәдениет нысанының құрылысы, 32-сінің күрделі және ағымдағы жөндеуі жоспарланып отыр.

Түптеп келгенде, мәдениет саласындағы ауқымды шаралар легі де, жоспарлар да жалғасын таба береді. Өйткені аталған саланың ауқымы кең және мұнда қызмет етіп жүрген мамандарға артылған жауапкершіліктің де жүгі жоғары. Сол себепті, жылдың бір күнін мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі деп бекітіп, атап өтуін сала мамандарының еңбегін бағалау деп білеміз. Бұл да мәдениет және өнерге деген құрметтің көрінісі. Сөз соңында барша әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтап, шалқар шабыт, шығармашылық табыс тілеймін.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.