Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мәдениет – ұлт тұтастығының тұғыры

0 2  098

Қазақ халқы – салт-дәстүрге бай ел. Өз ұрпағын көнеден келе жатқан асыл құндылықтардың мұрагері ретінде өзге ешбір жұртқа ұқсамайтын бөлек бітім-болмысын қалыптастыруға негіз болған салт-дәстүрімізді дамытумен қатар, жаңа мұраларымызды қазіргі заман талабына сай бейімдеп жаңғырту біздің басты мақсатымыз болуы шарт.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында: «Халық өмірінің айнасы – оның болмысы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Сол себепті азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, яғни руханиятымызға баса мән бергеніміз жөн. Қазіргі таңда зиялы қауымның қоғамдағы рөлі аса маңызды. Мәдениет қайраткерлері халыққа әуелі өз туындыларымен танымал болып, қоғамға, әсіресе жастарға жол көрсетіп, үлгі-өнеге болуы қажет. Жұртымыз зиялы қауымнан сабырлықты, парасаттылықты күтеді», – деген болатын.
Әлбетте, қай кезеңді алсақ та, қоғамның дамуы оның экономикалық және саяси институттар жұмысының белсенділігімен байланысты емес екені белгілі. Бүгінде жаһанданумен бетпе-бет келген қоғамның руханияты, әлеуметтік-мәдени өміріндегі өзгерістер айрықша назар аударуды қажет ететіні бәрімізге мәлім. Президент өз Жолдауында мәдениетті дамыту мәселелерін де тілге тиек етіп: «Қоғамды топтастыру, ұлттық бірегейлікті нығайту мәселелерінде елдің тарихи мұрасы мен мәдени әлеуетін тиімді пайдалануға үлкен рөл беріледі. Бұл тұрғыда Қазақстанның мүмкіндіктері кең, оның ішінде халықаралық аренада тиімді жайғастыру мүмкіндіктері де бар», – деді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы бұл мәселедегі біздің саясатымыз қайта қарауды талап ететінін де баса айтты.
– Қазір мемлекет көбінесе бюджетті қуана-қуана алатын белгілі бір қайраткерлердің жобаларын ғана қаржыландыратын болып жүр. Жаңа жанрлық форматтарды игеріп, үнемі тәжірибе үстінде жүретін, солай бола тұра меценаттардың есебінен өмір сүретін жас және талантты мүсіншілер, суретшілер, театралдар, музыканттар, жазушылар төменде қалып қойып жатыр, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Шыны керек, қазір жастарымыз бөгде мәдениетке бой ұрып барады. Мәселен, өскелең ұрпақтың көпшілігі орыс немесе шетел әндерін тыңдайды. Бұған, әрине, ғаламтордағы, теледидар мен радиодағы жат тілдегі қаптаған контент кері әсерін тигізіп отыр. Сарапшылар мәдениетаралық диалог пен рухани құндылықтарды қалыптастыру мәселесіндегі ғылыми рефлексия өткеннің семантикалық шығу тегіне бастап қана қоймай, сонымен бірге қазіргі және болашақ туралы ойлануға мәжбүрлейтінін алға тартады. Халық рухани құндылықтарға және өткеннің рухани мұрасына, сондай-ақ әлем және адамзаттың қазіргі дүниетанымдық көзқарасына бойламай, өзін-өзі шынайы тани алмасы анық.
Адам, қоғам және мәдениет – бұл үшеуі бір-бірінен ажырағысыз, тұтас дүние. Мәдениеттің қоғамдық құбылыс ретіндегі мәні оның ешқашан жеке адамның қолымен емес, тек қоғамның күшімен жасалатынынан көрініс береді. Өйткені кез келген адамның жетістігі оның өзінің жеке табысы бола алмайды. Барлық жағдайда мәдениет пен қоғамның дамуында сәйкестік болып, олар бір-біріне тура ықпал етіп отырады. Мәдени даму – қоғам дамуының мәнді бір саласы. Егер қоғамды тұтас бір дене десек, мәдениет оның бір жанды ағзасы болып шығар еді. Қоғам дамуындағы саяси, экономикалық және әлеуметтік өзгерістер мәдениеттің дамуына да тікелей әсер етіп отырады.
Бізді осы қоғамда ұлт ретінде көрсететін үлкен мәдениетіміздің бірі – тіл. Президент «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында тіл мәселесін де назардан тыс қалдырмады. Расында, тілдің жайы – ұлттың жайы. Ал мемлекеттік тіл дамуы үшін кез келген орта қазақшалануы керек. Президент те тіл мәселесін майшаммен қарамаса болмайтынын жеткізді. Осы орайда тілді дамытуға арналған нақты шаралар да, қоғамдық ұйымдардың белсенділігі де артуы қажет.
– «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді қазақ. Сол үшін осы мәселеде күш біріктіргеніміз абзал. Өйткені тілдің мүшкіл жайы – бәрімізге ортақ түйткіл. Тіл – ұлттың өзегі. Онда халқымыздың бүкіл бітім-болмысы көрініс тапқан. Бай әрі шұрайлы тіліміз ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, елімізбен бірге жасап келеді. Шын мәнінде, тіл жанды ағза іспетті, ұдайы жаңарып отырады. Заман талабына сай жаңа сөздер қосылады. Кейбірі көнеріп, сирек қолданыла бастайды. Бұл – заңды құбылыс. Біз үшін ең бастысы – қастерлі тіліміздің ғасырлар бойы қалыптасып, уақыт сынынан сүрінбей өткен табиғатын бұзбай, одан әрі дамыта түсу. Сауатты жазып, дұрыс сөйлей білетін халықтың тілі ғұмырлы болады. Сондай-ақ кез келген салада емін-еркін қолданылады. Тәуелсіздік жылдарында ана тіліміздің өрісі кеңейе түсті. Білім мен ғылымның, интернет пен бизнестің тіліне айналды, – деп Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді.
Ол үшін жас ұрпаққа тәрбие бере отырып, біздің көздегеніміз жастарға ана тілі құрыса – ұлттың құритынын түсіндіру. Ал егер ұлт құрыса, онда ұлттық мәдениет те, ұлттық дәстүр де, ұлттық сана-сезім де түгелдей құрып, дүниеге тегі, дәстүрі белгісіз бір қасиетсіз дүбәра халық келетінін жеткізу. Сол арқылы қазақ ұлтының дәстүрін, мақсат-мүддесін, бүкіл болмысын қалыптастырып, нәр беріп, қоректендіретін, кемеліне келтіретін ұлттық тіл ғана екенін ұрпаққа жеткізу! Мемлекеттік тіл арқылы қазақстандық патриотизмді жүрегімізге ұялата аламыз. Сондықтан ұлттың сана-сезімімен ана тілін білу де, тарихқа зер салудан төл мәдениетті игеру туындайды. Тілін білмейтін адам өзінің де, ел-жұрт, халқының да қадір-қасиетін бағалай, байыптай алмайды. Ұлттық тәрбие бере отырып, біз осы сияқты отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға әсер ететін факторларды – ұлттық мақтанышты, ұлттық сезімді, ұлттық дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды, дінді, ділді насихаттап, үйретеміз. Осы істі шешуде мынадай мәселелерді қолға алу керек. Қазақ тілді балабақшалардың санын көбейтіп, техника дәуірінің дәуірлеп тұрған кезінде теледидар бағдарламаларының қазақ тілінде көптеп таралуына ықпал ету. Қазақ мектептерінің санын көбейтіп, ғылым, білім тілінің қазақша молаюына жағдай жасау керек. Көшелердің, елі мекендердің аттарын, хабарландыру, жол белгілерін, жарнамаларды қазақшалап өзгертудеміз, ішінара қателер де аздап кездесіп жатады. Бірақ «Көш жүре түзеледі» демекші, оны түзеудеміз. Іс қағаздары қазақ тілінде жүргізілуде, нәтиже беріп жатқандары да бар. Көпшілік қызмет орындарында қызмет көрсетуде, оқу-тәрбие жұмыстарын жүргізуде ана тілінің қолданылуына ықпал ете отырып, орыс мектептерінде қазақ тілі сағаттарын көбейту. Қазақстан – көпұлтты мемлекет, сондықтан өз тіліңнің мүддесін қорғау өзге тілдің мүддесін ұмыту емес екенін ескертіп, оларға да түсіндіріп, қазақ тілін білуді оларға да міндеттеу керек. Тіл білуді қалыптастыра отырып, ұлттық тәрбиеге жол ашамыз. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек.
Еліміздің мәдениетін әлем алдында асқақтататын тағы бір сала – спорт саласы. Бір қуанатынымыз, еліміздің спорт саңлақтары әлемдік жарыстардан абыроймен оралуда. Алдағы үлкен аламанда жас спортшылардан да күтетін үміт көп. Бұл туралы Президент құнды құжатта жас буын арасында бұқаралық спортты насихаттау керектігін тілге тиек ете отырып: «Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту пирамидаға айналуы тиіс. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз», – деді. Осыған орай аталған бағытты заңнамалық тұрғыда нақтылап, бұқаралық спортты дамытуда кешенді бағдарлама қабылдау керектігін тапсырды. Алдағы уақытта бұл тапсырма бойынша нақты шаралар қабылданбақ.
Сондай-ақ Қазақстанның бай тарихын, өзгеше мәдениетін көрсететін саланың бірі – туризм. Қазір кенжелеп тұрған бұл саладағы түйткілдердің түйінін тарқатуға бағытталған тапсырмаларды Мемлекет басшысы шегелеп берді. Оның: «Туризмді дамытуға айрықша мән беріледі. Әсіресе экологиялық және этнотуризмге экономиканың маңызды бағыты ретінде көңіл бөлінуі тиіс», – деуі – осының айғағы. Жолдауда айтылғандай, жеріміздің табиғатына туристердің назарын аударту – салаға серпін берудің жолы. Ол үшін Шыңғыс хан тұлғасын тиімді пайдаланып отырған Моңғолияның тәжірибесін негізге ала отырып, Алтын Орданың іргесін қалаған, өзіміздің Ұлытауда жерленген Жошы ханның есімін кеңінен насихаттауымыз тиіс.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев аталған Жолдауында мәдениет қызметкерлеріне қолдау көрсету керек екенін де айтты. Әрине, мәдениеті өскен мемлекеттің діңгегі берік, ділі нық. Сол үшін осы бағытта аянбай жұмыс істеуіміз қажет-ақ.
Мәдениет – қоғамның қозғаушы күші, халық болмысының айнасы. Әрі бұл сала ән-бимен ғана шектелмейді. Кітапхана, музей, театр сынды руханият ордаларының да бұл салаға қосатын үлесі қомақты. Алайда ондағы қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы көңіл көншітпейтіні жасырын емес. Бұл Мемлекет басшысының Жолдауында да көрініс тапты. Яғни бұл құжат мәдениет пен руханиятқа үлкен қозғау салып, көптеген игі шараның бастамасы болғалы тұр. Президент мәдениет саласының қызметкерлеріне ерекше көңіл бөлінбей отырғандығын айта отырып, олардың еңбекақысын көтеруді тапсырды. Бұл тапсырма еліміздің мәдениет саласына жанашыр кез келген жанды қуантқаны анық. Расында, бүгінде елімізде мәдениет саласында жұмыс істейтін азаматтарға жеткілікті түрде көңіл бөлінбеген. Бұл әуелі кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселе.
Жалпы тәуелсіз, тұғырлы мемлекет өз ұлттық тәрбиесін ұрпағына еркін дарыта отырып, танытар болса, ол елдің болашағы жарқын деген сөз. Ендеше, бүгінгі егемендігімізді алып отырған заманда мақтан тұтарлық өз ұлттық тәрбиемізді насихаттап, халыққа таныту жолында ұстанып отырған жолымыз дұрыс деп ойлаймыз. «Отан отбасынан басталады» деген де ұлттық тәрбиенің түп төркіні. Ел келешегі жас ұрпақ тәрбиесіне тікелей байланысты. Өйткені бүгінгі күннің жастары ертеңгі халқына қызмет ететін азаматтар болады. Сондықтан да намысы, қажыр-қайраты бар ұрпақ тәрбиелеуіміз қажет. Жаңа ұрпақтың көкірегіне білім нәрін еге отырып, елдігімізді қайта жаңғыртып, адамгершіліктің дәнін ексек, ұлттық рухта тәрбиелесек, нұр үстіне нұр жауып, еліміз көркейіп дамитынына сенім молая түседі. Сол себепті, білім алу қаншалықты маңызды болса, жақсы, өнегелі тәлім-тәрбие алу да соншалықты маңызды. Қыран болып аспанға қалықтап шығуымыз үшін бізге екі қанат қажет, ол қанаттың біріншісі – жақсы білім болса, екіншісі – ұлттық тәлім-тәрбие арқылы берілетін адами құнды қасиеттеріміз. Егер қанатымыздың біреуі майырылып, сынған болса, көкке самғай алмай, құлдилап, басқаларға жем болуымыз мүмкін. Тек білім алып қана қойып, ұлттық құндылықтарымызды бойымызға таратпасақ, аталарымыз арқылы ғасырдан ғасырға жалғасып, мұра болып келе жатқан ата-бабаларымыздан қалған тілімізді, дінімізді, ділімізді, мәдениетімізді, тарихи шежірелерімізді ұмытсақ, осынау жаһандану аузын арандай ашып отырған тұста жұтылып кетеріміз анық. Сондықтан да алдыңғы қатарлы елдерден білім жағынан үлгі ала отырып, ұлттық ерекшеліктерімізді ұмытпаған жөн. Қазақ халқының ғасырлар тұңғиығынан келе жатқан ұрпақ тәрбиелеудегі тәжірибелерін, маңдайына біткен ұлттық құндылықтарымызды, өшпес мұра болып қалыптасып келе жатқан дархан халқымыздың насихаттарын өзіміздің талмай, қажымай еткен еңбегіміздің арқасында дарынды да тәрбиелі оқушылардың бойына сіңіріп, ұлттық мәдениетімізді әлемдік деңгейдегі мәдениетке жеткізіп, қалыптастыруға қолымыздан келгенше атсалысуымыз шарт.
Сонымен қатар қазақтың ұлттық киімі – қазақ мәдениетінің ажырамас бөлігі. Бұрынғы заманда ата-бабаларымыз ұлттық киім арқылы жанындағы адамдардың мәртебесін, дәулетін, тіпті шамамен жасын да аңғара алған. Қазақ халқының ұлттық киімдерінің өзіндік ерекшеліктері бар. Олардың кейбірі бұрынғы заманнан сақталып тек қана кішігірім өзгерістерге ұшыраған, ал кейбіреулері, өкінішке қарай, мүлде сақталмаған. Халқымыздың ұлттық киімдерінің түрлері өте көп. Кең байтақ даламыздың табиғатына, ауа райына байланысты киім түрлерінде де ерекшеліктер бар.
Өкінішке орай, қазір қоғамда не көп, діни ағымдар мен секталардан, жат пиғылды насихаттаушылардан шатасасың. Қазақ мұсылмандығының өзі бірнеше бағытқа бөлініп, салт-дәстүрге шүйлігіп, ел ішін бүлдіруде. Мәселен, кісі жерлеуде, туысқанмен араласуда қатты байқалады. Қазақ мұсылмандарына қандай Исламның керектігі мемлекет тарапынан нақты жолға қойылып, шешімін тапса, елдің діни бүлінушіліктен аман қалары сөзсіз. Бұл мәселеге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та баса назар аударып келеді. Мемлекет басшысы өткен жылы Ақордада берген ауызашарында халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі Исламды дәріптеу қажет екеніне ерекше атап өтті.
– Қазақтың әдет-ғұрпы әрдайым ізгілікке шақырады. Әрбір салттың терең тәрбиелік мәні бар. Мысалы, ақсақалдарымыз жастарға батасын береді. Жастарымыз үлкеннің алдын кесіп өтпейді, құрметін көрсетеді, ешкімнің ала жібін аттамайды. Халқымыз қашанда қыз баланы сыйлап, қадірлеген. Мұның бәрі дәстүрлі Ислам құндылықтарымен тығыз үндеседі. Осыны жастарға түсіндіру қажет. Жұрттың діни сауатын арттыру керек. Азаматтарымыз шынайы Исламның құндылықтарын білуге тиіс. Сол құндылықтарды халық арасында түсіндіріп, дәріптеу қажет. Әсіресе өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген жөн. Көзі ашық, көкірегі ояу, білімді, санасы сергек ұрпақ ұлтқа адал қызмет етеді. Ұлттық мәдениет дегеніміз бұл – мағынасы терең, көпқырлы ұғым. Халқымыздың төл мәдениеті салт-дәстүрден, әдет-ғұрыптан бастау алады. Ұлттық киімнің өзі – ұлт мәдениетінің жарқын көрінісі. Сондықтан ұл-қыздарымыз ұлттық киімді Наурыз мейрамында я болмаса басқа мерекелерде жиі киіп жүрсе, керемет болар еді. Тек мерекеде емес, ұдайы киіп жүрсе де, жарасымды болатыны сөзсіз. Жалпы ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы, оның болмысы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Осыған орай, ағымдағы жылдан бастап 18 наурыз – Ұлттық киім күні болып бекітілді. Ұлттық киімге арналған бұл күн ата-бабамызды, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан әдет-ғұрыптарды еске алатын ерекше кезеңге айналады. Бұл – халық рухының шағылысын бейнелейтін ұлттық дизайнның көркемдігі мен қайталанбас өрнегіне тамсанып, бұл өнердегі бай мұраны зерттеп, одан шабыт алатын күн. Қазіргі заманғы ұлттық киім ұлттық мінез пен ұлт бірлігін айшықтай отырып, ел мәдениеті мен тарихының ажырамас бөлігіне айналды.
Сонымен бірге өткен жыл Түркістан төрінде өткен «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбындағы Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Бүгінгі интернет дәуірінде бұл оңай шаруа емес. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі…», – деген болатын.
Әрине, казіргі заман бала тәрбиесіне ерекше мән беруді қажет етеді. Себебі ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы. «Ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле», – деген екен Платон. Бұрынғы ата-бабаларымыз бұл замандағылардан білімі, мәдениеті төмен болған дейміз. Десек те, ұрпақ тәрбиесіне келгенде оларды көреген, тәжірибелі десек қателеспейміз. Еліміздің ертеңі саналатын ұл-қыздарын салт-дәстүрлермен сусындатып, туған елін, жерін адал сүюді және көзінің қарашығындай сақтап, қорғауды әрбір азаматтың аяулы борышы деп түсіндірген.
Жоғарыдағы мәселені іске асыруымен бірге ел іргесінің мықты болуы ондағы шағын мемлекет әр отбасының беріктігімен сипатталады. Бүгінде қоғамның өзгеруі мен дамуы барысында жанұядағы құндылықтар туралы мүлде жаңа түсініктер қалыптасуда. Мұндай қате ұғымдар бірқатар отбасының мансапқа деген тәуелділігін тым арттырып, атадан балаға мирас болып келе жатқан бай қазыналарымыздың бой тасалауына әкеліп жатқаны да рас. Ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғырту өте маңызды. Бұл екінші міндет! Және өте өміршең! «Дамыған мемлекеттің бәрі толық зерттелген төл шежіресін дәріптеуге айрықша мән береді», – дей келіп Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан тарихының жаңа ғылыми ұстанымдарға сай әзірленген көптомдық жинағы әлі күнге дейін жарыққа шыққан жоқ. Өкінішке қарай, стратегиялық маңызы бар осы мәселе тәуелсіздік жылдарында толық шешімін таппады», – деген қынжылысын да алға тартты.
Сонымен қатар құнды құжатта жедел атқарылуға тиісті жұмыстарды да нақтылы атап көрсетті. Президентіміз алдағы уақытта жарық көруге тиісті жинақтың бірыңғай үлгіде безендірілуінен бастап, «көптомдықтың тілі жеңіл, мәтіні кез келген жастағы оқырманға түсінікті болуы керек» деп мұның аса маңызды мәселе екендігін тіпті де орынды айтып отыр.
Жалпы ұлт мәдениеті – тамыры тереңде жатқан, ұрпақтар сабақтастығының қайнар бұлағына айналған ұлттың рухани болмысы. Өнер – халықтың жаны. Мәдениет – қоғамның қозғаушы күші, мемлекет дамуының басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың: «Мәдениет саласына қамқорлық – болашаққа инвестиция. Төл мәдениетті, ұлттық өнерді сақтау және дамыту үшін жағдай жасау мемлекеттің маңызды міндеттерінің біріне айналуы тиіс», – деуі жоғарыдағы сөзімізді айғақтай түседі. Президенттің бұл Жолдауы алдағы атқарылатын істерде басшылыққа алынатын негізгі құжатқа айналмақ. Бұл өз кезегінде тәуелсіздігіміздің тұрақтылығын сақтауға және еліміздің өркендеуіне жол ашатыны сөзсіз.

Анель ТОТАНБАЕВА,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз өңірлік университеті «Конвергентті журналистика» білім беру бағдарламасының 3-курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.