Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өңір медицинасының мүмкіндігі мол

0 730

Жанар Оспанова,
Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында ұлт саулығы жақсы болса ғана қоғам орнықты дамитынын баса айтқан еді.

– Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек. Мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін тиімді пайдаланған жөн. Медицина – инвестиция салуға қолайлы сала. Тек оған дұрыс жағдай жасау қажет, – деген Президент нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Еліміз егемендік алған сәттен бастап отандық медицинаны дамытуға айрықша назар аударылып келеді. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде, шалғай елді мекендердің тұрғындары да сапалы медициналық көмекке қол жеткізуде. Бұл бағытта Жамбыл облысында қолға алынған ілкімді істер жетерлік. Бүгінде облыстағы денсаулық сақтау ұйымдарында барлығы 15 168 медицина қызметкері жұмыс істеуде. Оның ішінде 3 350 дәрігер, 11 818 орта медицина қызметкері еңбек етіп жүр. Сонымен қатар мемлекеттік ұйымдарда 12 781 медицина маманы болса, оның 2572-сі дәрігер, 10 209-ы орта медицина қызметкері. Ал статистика басқармасының соңғы деректеріне сүйенсек, облыстың 1 222 811 тұрғынына 392 денсаулық сақтау нысаны медициналық қызмет көрсетіп отыр.

Ерекше атап өтерлігі, ауылдың шалғай елді мекендерінде орналасқан халықты қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету мақсатында 10 жылжымалы медициналық кешеннің көмегімен ағымдағы жылы 289 елді мекендегі 131 753 адамды медициналық тексерумен қамту жоспарланған болатын. Нәтижесінде, 1-тоқсанның өзінде 31 712 адам дәрігерлерге қаралып үлгерді. Сонымен қатар 7 878 диагностикалық зерттеу, 1 376 зертханалық тексеру, 32 583 бейінді маманның консультациясы көрсетілді. Тұрғындарды қарау барысында 928 науқас анықталып, оның ішінде 134 МСАК ұйымына есепке алынды. Оның 15-і бала екенін айта кеткен жөн.
Жамбылда «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында да атқарылып жатқан айшықты жұмыстар аз емес. Айталық, аталған жоба аясында 20 медициналық-санитарлық нысанның құрылысы жоспарлануда. Бүгінгі күнде бюджеттен 3 нысанға 682,3 миллион теңге бөлініп отыр. Сондай-ақ Қордай ауданының 1 517,1 миллион теңге сомасына өткен жылдан өтпелі 2 нысаны аяқталуға тиіс. Сонымен қатар 2025 жылға арналған өтпелі жоба ретінде 1 105,0 миллион теңгеге Меркі ауданының орталық аудандық ауруханасы ғимаратының бір бөлігін (литер А) қабылдау бөлімшесінің қосымша құрылысымен қайта жаңарту бастау алады. Бұған қоса орта мерзімді перспективада Байзақ, Қордай, Жуалы аудандарында 3 ірі аудандық аурухананың құрылысын салу, сондай-ақ Меркі, Шу және Талас аудандарында 3 ауданаралық көпсалалы ауруханаларды қайта жаңғырту көзделуде.
Осы ретте, 2024 жылдың I тоқсан қорытындысымен медициналық құрал-жабдықтармен жарақтандыру көрсеткіші 91,88 пайызды құрап отырғанын айта кетейік. Жыл соңына дейін бұл межені меморандум бойынша 100 пайызға жеткізу жоспарлануда.
2024 жылдың 1-тоқсанында тындырылған тірлік тек мұнымен шектелмейді. Мәселен, ҚР ДСМ «Инновациялық технологияларды енгізу туралы 18.04.2023 ж. №288 бұйрығының негізінде Үздік тәжірибе орталықтары құрылып, бүгінде Меркі, Жамбыл, Талас, Қордай аудандық орталық ауруханаларында және №2 мен 5 қалалық емханасында жұмыс істеуде. Сондай-ақ Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы, «ҚР Дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлестігі», «Рrimary Health Care» Ұлттық қауымдастығы Қырғыз Республикасының отбасылық медицина орталығымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Сонымен қоса, денсаулық саласының Ақылмандар кеңесінің құрамы бекітіліп, төрайымы болып денсаулық сақтау ісінің үздігі, алтын дәрігер, еңбек ардагері Абылгазина Жумакуль Даулетовнаның кандидатурасы қолдау тапты. Медициналық ұйымдарда «Қоғамдық мониторинг және халықпен кері байланыс тетігі» жобасы (МИОМОС) енгізіліп халықпен тығыз жұмыс орнатылды. Бұған қоса, Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының «Ахуалдық орталық» ашылды, сонымен қатар барлық медициналық ұйымдарда науқастарды қолдау қызметі жұмыс істейді. Тағы бір айта кетерлігі, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығына сәйкес, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері және халық белсенділерін тарта отырып бастапқы медико-санитарлық көмек көрсететін медициналық ұйымдардың көпшілігінде 30-ға жуық Халық кеңесі құрылды.
Байлауын тапқан тірліктің нәтижесінде, облысымызда 1 000 тұрғынға шаққанда туу көрсеткіші – 19,92, өлім-жітім 6,07-ні құрады. Сонымен қатар туберкулезбен аурушаңдық көрсеткіші – 20,5, туберкулезбен болатын өлім-жітім көрсеткіші 100 пайызға төмендеді. Есепті мерзімде нәресте өлімі 7,0-ді құрағанымен, бірде-бірі ана өлімі тіркелген жоқ.
Облысымызда медицина мамандарының тапшылығы да шешіліп келеді. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау үшін гранттар бөлінеді. Айталық, жергілікті атқарушы органның грантымен С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінде жоғары білімі бар кадрларды даярлау үшін «Жалпы медицина» мамандығы бойынша 42 студент оқиды. Мысалы, жергілікті бюджет есебінен жоғары оқу орнынан кейінгі білім алып (резидентура), оқу бітіргеннен кейін Жамбыл облысының мемлекеттік медициналық ұйымдарында 5 (бес) жыл жұмыс істеу міндеттемесімен 35 дәрігер өңірге жұмысқа келді. Одан бөлек, 56 дәрігер резидентурада оқиды. Өңірге жұмысқа келген және келетін мамандарды тұрақтандыру мақсатында әлеуметтік қолдау көрсету үшін «Жамбыл облысының ауылдық жерге және кенттерге, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсету тәртібі мен мөлшерін айқындау туралы» Жамбыл облысының мәслихатының шешім жобасы бекітілді.
Бұл атқарылған жұмыстардың бір парасы ғана. Алдағы жоспарымыз жұмыр, мақсатымыз айқын. Әрине, салаға серпін беретін әрбір жетістікке жамбылдық медицина қызметкерлерінің қосқан үлесі өлшеусіз.
Баршаға белгілі, елімізде маусым айының үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің төл мерекесі. Осы орайда, барша жамбылдық ақ халатты абзал жанды кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. «Медицина кәсібі – адамгершіліктің асылы» дейді ұлы ойшылдар. Сондықтан Сіздерге өңір тұрғындарының денсаулығын жақсарту жолындағы қажырлы еңбектеріңіз бен игілікті істеріңіз, өз кәсіптеріңізге деген адалдықтарыңыз үшін зор алғысымды білдіремін. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Босағаларыңыздан бақыт, шаңырақтарыңыздан шаттық үзілмесін. Жамбыл медицинасының мәртебесі биіктей берсін!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.