Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Мәдениет – адамзат әлемінің айнасы»

0 602

Мәдениет – ұлт өмірінің айнасы, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан халықтың рухани келбеті, мейірімі мен парасат-пайымы. «Мәдениет – елдің ең басты рухани байлығы, асыл мұрасы. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі де биік болады» деген есті сөз ел жадында. Бүгінде Еуразияның ең бай да бірегей мәдениетінің қатарына қазақ мәдениетінің де кіргені біз үшін үлкен мақтаныш. Дана халқымыз «Өнер – ұлттың жаны» деп бекер түстемесе керек. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен танылып, бағаланады.

Бұл тұрғыдан келгенде біздің көсіле сөйлеуімізге болады. Арғы ата бабаларымыздан қалған асыл мұралар, Қазақ хандығының іргесі қаланғаннан бергі жиналған жауһар дүниелер әлем алдында абыройымызды биіктетіп келеді. Соларды насихаттап, көкке көтеріп жүрген мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбегі орасан. Әрине, өнерді құрметтеп, мәдениетті өркендету – баршамыздың ортақ мақсатымыз. Десе де, мұражайлар мен кітапханалардың, театрлар мен концерттік ұйымдардың, халық шығармашылығы орталықтарының және мәдениет үйлерінің, қалалық және ауылдық клубтардың қызметкерлерінің, сондай-ақ ақындар мен жазушылардың рөлі ерекше. Олар қоғамымыздағы руханиятты дамытуға, игілікті, адам-гершілікті, қайырымдылық пен өзара түсіністікті өрістетуге жол ашып, үздік мәдени дәстүрлерді сақтауға һәм молайтуға ерекше мән беріп келеді.
Бүгінде мемлекет барынша мәдениет саласына көңіл бөліп, халықтың мәдени өмірінің жандануына күш салып келеді. ҚР Президенті Қ.Тоқаев мәдениет саласы қызметкерлеріне барлық жағдай жасалуын тапсырған болатын. Міне, соның нәтижесінде еңбекақымыз былтырдан бері 45 пайызға өсті. Әрине бұған дейінгі жалақыларымен салыстырғанда бұл әлдеқайда жоғары. Халқымыздың бай мəдени мұрасы мен руханиятының дамуына үлес қосып келе жатқан мəдениет қызметкерлерінің еңбегін бағалау – басты мақсатымыз.
Мәдениет – әлеуметтік фактор, қоғамның қозғаушы күші. Мәдениеттің дамуы қоғамды ілгері жылжытады. Жеке адам мәдениеті мен қоғам талабы тікелей байланысты. Сол себептен елімізде мәдениетке айтарлықтай көңіл бөлініп, бірқатар бағдарламалардың тетіктері қарастырылған. Нәтижесінде өңірде аталған саланың адымы ауыз толтырып айтарлықтай, жоспары жұмыр. Нақтырақ айтқанда, облыс орталығындағы Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде клуб құрылымы – 25, оған қатысушылар саны – 941 адамды құрайды. Соның ішінде «Халықтық», «Үлгілі» атақтары бар – 15 ұжым, қатысушылар саны – 811. Балаларға арналған үйірмелер саны – 10. Оған қатысатын балалар саны – 130.
Қаланың мәдениетіне жауапты мамандар тұрғындардың рухани сұраныстарын қанағаттандыру мақсатында үстіміздегі жылдың қаңтар-наурыз айларында көптеген мәдени іс-шара өткізді. Мысалға алсақ, Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдығына орай «Шәкәрім мұрасы – мәңгілік мұра» атты әдеби кеші, 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне арналған «Шуағын шашқан мереке», «Рақмет саған, ана», Наурыз мерекесіне арналған «Ер қаруы-бес қару», «Ұмыт болған оюлар», Көрісу күніне арналған қойылым, «Наурыз жаршысы», және басқа да көптеген мерекелік іс-шаралар, қалалық «Кішкентай ханзада мен ханшайым» байқауы, өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығында, мүгедек балаларға арналған мектеп-интернатта демалыс концерттері секілді іс-шаралар ұйымдастырылды.
Әлбетте, қалалық мәдениет үйі халыққа мәдени қызмет көрсету бағытында нақты жоспармен жұмыс істеуде. Сәуір айынан бастап тұрғындардың уақытын тиімді пайдалану мақсатында әр сенбі сайын мәдениет үйінің ауласында, саябақтарда демалыс концерттері, жаз айларында балалардың демалысы дұрыс арнада өтуі үшін лагерлерде, саябақтарда мәдени іс-шаралар, киноқойылым, мульттоптамалар көрсетуұйымдастырылады деп жоспарланып отыр. Жыл бойы айтулы даталарға, мемлекеттік мерекелерге арналған іс-шаралар, түрлі байқаулар мен фестивальдер, кездесулер өткізілмек.
Ұлттық сананың кемелденуі жолында мәдениет саласының мамандарының қосатын үлесі орасан. Мұның барлығы – өнер адамдарының еселі еңбегі, жүйелі жұмысы. Өмір айнасы өнер болған соң, ол жарыққа шықпай тұра алмайды. Олай дейтініміз, мәдени шаралардың өзі – өмірдің бір бөлшегі және ұрпаққа берер тәрбие.

М.Жақсыбаева,
Ы.Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінің
бөлім меңгерушісі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.