Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлық мерекеде шалынатын малдың құны қанша?

0 534

Ертең бүкіл мұсылман халықтарының ең басты мерекесі Құрбан айттың алғашқы күні. Үш күнге жалғасатын ұлық мейрам жыл сайын хижра – мұсылман күнтізбесі бойынша Зүлхижа айының оныншы жұлдызында (Арафа күнінен кейін) және Ораза айт мейрамынан 70 күн өткеннен кейін басталады.

Ислам дінінде қастерлі екі мереке болса, соның бірегейі және ұлығы – Құрбан айт. Бұл мерекенің негізі сонау пайғамбарлар атасы саналатын Ибраһим пайғамбардың әулетінен бастау алады. Тарих пен тағылымды ұштастырған қасиетті мерекенің құндылығы да тереңде жатыр. Құрбан айтты қазақ халқы да ерекше атап өткен. Құрбан айтта ренжіскен туысқандар болса, бір-бірінен кешірім сұрап, татуласатын болған. Жамбыл облысы әкімдігінің Дін проблемаларын зерттеу орталығының инспекторы Ерзат Жақыповтың айтуынша, Құрбан айт мейрамы – мейірімділік пен кешірімділікке, қайырымдылық пен жақсылыққа үндейтін мейрам.
– Әрбір діннің қасиетті мейрамдары болады. Қазақстан – көпконфессиялы мемлекет. Елімізде 18 конфессия тіркелген. Халқымыздың көпшілігі Ислам дінін ұстанады. «Құрбан» сөзі араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Құрбан айтта құрбандыққа мал шалу – Ханафи мәзһабына шамасы жеткендерге ғана уәжіп, яғни міндет. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Раббыңның разылығы үшін намаз оқы және құрбандық шал» («Кәусар» сүресі, 2-аят), – деп бұйырған. Құрбандық шалудың хикметі байлардың кедейлерге, кедейлердің байларға деген мейірімін оятатын құндылық жатыр. Қазіргі кезде бұрынғыдай үй-үйге айттап бару деген азайып барады. Бұның себебі – үй-үйге айттап бару деген дәстүрімізді дұрыс насихатталмауда. Үлкен ақсақалдар бір үйді қалдырмай айттап, құран оқып, жақсы тілек тілеп, дұға жасап шығатын. Қазақ халқы «Жаңбырменен жер көгерер, батаменен ел көгерер» деген мақалды жанында ұстаған соң, айт күні үш күн дастарқан жайылып тұратын, – дейді дінтанушы.
Сонымен қатар Тараз қалалық орталық «Әулие ата» мешітінің бас имамы Ержан Аманбаев Қасиетті Құрбан айтта Алла Тағаланың бұйрығын дұрыс орындап, құрбандығымыз қабыл болуы үшін оған қатысты мәселелерді білуіміз қажет екенін ескертеді.
– Құрбандық шалатын адам ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған, мұсылман болу, Құрбан айт уақытында жолаушы болмау, негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу керек. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын яки құнына тең келетін ақша. Зекет ғибадаты сияқты құрбанның уәжіп болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толуы шарт емес. Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Өйткені мал құлшылық мақсатында сойылады. Ал нисап мөлшерінде артық қаражаты болмаса да, кедей мұсылман кісінің құрбан шалуына болады.

– Сонымен қатар бір көзі соқыр, сойылатын жерге жете алмайтын дәрежеде көтерем, құлағы немесе құйрығы тумадан жоқ немесе басым бөлігі кесілген, тістерінің көбі түсіп қалған, емшектерінің басы жұлынып қалған, бір мүйізі немесе екеуі де түбінен сынған малдар құрбандыққа жарамсыз болып саналады. Әрі Құрбан шалынатын жердің таза болуына көңіл бөлуі тиіс. Малды соятын жерге ұрмай-соқпай апарып, оны құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызылады. Құрбан шалатын адам малды қинамай, жұмсақ бауыздауға мән беруі керек. Қой немесе ешкі іспетті ұсақ малды құрбандық ретінде тек бір адам ғана шалады. Ал түйе немесе сиыр секілді ірі қара малдарды бір кісіден жеті адамға дейін бірігіп немесе бір адам жеке өз атынан да соя алады, – дейді Ержан Маханұлы.
Халыққа, әсіресе үлкен қалаларда тұратын жамағатқа оңтайлы болу үшін биыл да құрбан шалу офлайн және онлайн форматта жүзеге асады. Ол үшін qurban2024.kz сайты іске қосылды. Онлайн түрде құрбан шалам деушілер сайт арқылы құрбандық малын таңдап, Kaspi QR арқылы қажетті қаражатты аудара алады. Тапсырысыңыз сәтті өтсе, ұялы телефоныңызға SMS-хабарлама келеді. Құрбандық шалынған соң, оның фото және видеоесебі тапсырыс беруші көрсеткен нөмірге жіберіледі. Ал биыл Жамбыл облысы мен Тараз қаласының тұрғындары үшін Алла жолына арнап 7 адам бірігіп шалуға рұқсат етілген түйе – 800 000 теңге, ірі қара – 500 000 теңге. Сонымен бірге жеке адамға арнап шалынатын уақ малдардың қатарындағы қой – 70 000 теңге, ешкі – 45 000 теңге. Бұл аталған бағаға мұқтаж жандарға құрбандық етін жеткізу үшін барлық қызмет түрлері кіреді. Айталық, қасапшының еңбек ақысы, тоңазытқыш көліктерде етті сақтау, пакетке салу, тағы басқа қызмет түрлері қамтылған.
Еске сала кетейік, Құрбан айт намазы ертең, яғни 16 маусым күні, сағат 06:00-де облысымыздағы барлық мешітте оқылады.

Жұматай КӨКСУБАЙҰЛЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.