Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Ұлы дала» шағын ауданында жол жөндеу жұмыстары басталды

0 271

«Ұлы дала» шағын ауданындағы тұрғындарды жол мәселесі көптен бері мазалап келеді. Қала әкімдігі олқылықтың орнын толтыру мақсатында ілкімді істерді қолға алуда. Биыл төрт көшеде орташа жол жөндеу жұмыстары жүруі керек болатын. Алайда, мердігер тиісті талаптарды орындамағандықтан келісімшарт бұзылды.
Мердігер ретінде танылған «DAUREN BUILD» ЖШС жұмысты бастау актісі, өндірістік жұмыс және қаражатты игеру кестесі тапсырыс беруші, мердігер және техникалық қадағалаушымен бекітілген болатын. Алайда, мердігер құрылыс-монтаж жұмыстарды кестеден кеш мерзімде бастады. Өндірістік кестеге сәйкес, ағымдағы жылдың 31 тамызына дейін бірде-бір көшеде асфальт жабындысы салынбаған және 106,0 млн теңге қаржы игерілмеген.

Сонымен қатар, аталған мердігер «Жібек жолы және Балуан шолақ көшесін (Жібек жолы көшесінен Аққозиев көшесіне дейін) орташа жөндеу» нысаны бойынша келісімшарт жасағанымен, құрылыс-монтаж жұмыстары мұнда да мүлдем басталмады.
Тапсырыс беруші тарапынан мердігерге тиісті хабарлама 7 рет жолданған. Талаптарды орындамағаны үшін мердігер сотқа беріліп, 5 қыркүйекте келісімшарттар (екі жоба бойынша да) бұзылды.

Қазіргі таңда екінші жеңімпаз «B grass» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, жұмыстар басталуда.
Құрылыс жұмыстары жүріп жатқан жолдың ұзындығы 6 шақырым 620 метрді құрайды. Техникалық қадағалаушысы – «КЦУП» ЖШС.
Бүгінде «Ұлы даладағы» төрт көшеде жол негіздемесі дайындалуда. Құрылыс басында сегіз техника мен оннан аса жұмысшы еңбек етуде.

Осы орайда құрылыс жұмыстарының барысы қала әкімінің қатаң бақылауында екенін айта кеткен жөн.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.