Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлу жылы ұлт руханияты ұлықталмақ

0 1  461

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде шыққан «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты сұхбатында еліміздің тарихи маңызы зор оқиғаларды нақтылай атап өтіп, зерттеуге көп көңіл бөлуді тапсырды.

Аталған сұхбатта Президент: «Ұлттық құрылтайдың отырыстары идеология саласындағы мәселелерді, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру ісін, қоғамның құндылықтар жүйесін жаңғырту жайын талқылайтын тиімді пікірталас орнына айналды. Бұған дейін жаздыгүні шақырылып келе жатқан Құрылтайдың отырысын биыл сәл ертерек, көктемде өткізетін шығар- мыз», – деді.
Бәрімізге мәлім, тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет ұлт ұясы Ұлытауда бастау алған Ұлттық құрылтайдың маңыздылығы еліміздің болашағы үшін алар орыны ерекше болды. Құрылтай – ата-бабамыздан келе жатқан аса маңызды шешім қабылдайтын ұлық жиын. Ол – дала демократиясының жарқын көрінісі. Біз ата-баба аманатын арқалап, жолын жалғап, көне дәстүрді жаңғырттық. Арада ғасырлар өтсе де, мақсатымыз ортақ – бірлікті бекем етіп, алқалы жиында ұлтымыздың болашағын айқындайтын шешімдер қабылдауда осы құрылтайдың маңызы зор.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұлттық құрылтай бұл – арқаны кеңге салып отыратын жиын емес. Сән-салтанатпен өткізетін той да емес. Бабаларымыз маңызды шешім қабылдар кезде немесе елге қатер төнген сын сағатта құрылтай шақырған. Ел басына түскен қиындықтар, ең алдымен, біздің береке-бірлігімізді сынға салады. Осындай күрделі сәттер, ең бастысы, шынайы жанашырлық және терең жауапкершілік таныту қажет екенін айқын көрсетеді. Мұны өздеріңіз өте жақсы түсініп отырсыздар. Ұлттық құрыл- тай – халқымызды ортақ мақсатқа ұйыс-тыратын бірегей құрылым», – деген болатын.
Ұлытау демекші, Мемлекет басшысы өз сұхбатында биыл сол Ұлытау топырағында мәңгілік тұрағын тапқан Жошы ұлысының іргесі қаланғанына 800 жыл толғанына тоқталды. Естеріңізде болса, өткен жылы Түркістан төрінде өткен Ұлттық құрылтайда Президент: «Біз қазір бабаларымыз кеңес құрған әйгілі Күлтөбенің іргесінде отырмыз. Әбіш Кекілбаев «Қазақ рухының қағбасы» деп атаған Ордабасы осы жерге тиіп тұр. Осынау әйгілі төбелерде халқымыздың игі жақсылары сан рет бас қосқан. Ұлт тағдыры сынға түскен сәттерде бәрі ақылдасып, елдің болашағын айқындаған. Қалың жұрт салиқалы сөзге тоқтап, ел бастаған ерлеріне көш тізгінін ұстатқан. Бір ел, бір халық болып, сыртқы қатерге қарсы тұрған. Қазақтың бірлігі мен тұтастығының ордасы болған киелі Түркістан болашақта да осы мәртебелі миссиясын атқара береді. Сондықтан осы аймақты басқарып отырған басшыларға зор жауапкершілік жүктеледі. Қанша дәуір өтсе де, ұрпақтар сабақтастығы үзілмейді», – деген еді. Әрине, 1223 жылы Шыңғысхан Сыр бойында Түркістан маңындағы Күлтөбе деген жерге құрылтай шақырғаны тарих беттерінде сайрап тұр. Тарихи маңызы зор басқосуға батырлар, әскер, ру-тайпа басшылары және Шыңғысханның ұлдары жиналады. Осы құрылтайда Шыңғысхан жаулап алған жерлерін бәйбішесі, қоңыраттың қызы Бөртеден туған ұлдарына бөліп береді.
Хан Шыңғыстың шешімі бойынша сол құрылтайда кіші ұлы Төле ата-баба жолымен қара шаңыраққа ие болып, ішкі Моңғолияны алады. Екінші ұлы Шағатайға Алтайдан Әмударияға дейінгі жерлер, Қашқария, Самарқан мен Бұхараға дейін, Солтүстік Жетісу, Шығыс Түркістан жерлері беріледі. Үшінші ұлы Үгедейге Моңғолия жерінің батысы мен Тарбағатай аймағы үлестіріледі. Үлкен ұлы Жошыға Ертіс пен Орал тауының аралығы, Каспий, Арал теңіздерінің маңы, Жетісудан Оңтүстік Ресей, Еділ, Жайық бойы, Азов даласы, Солтүстік Кавказ, қазіргі Омбы, Томбы, Орынбор, Астрахан жерлері тапсырылады да, Дешті Қыпшақ мемлекеті немесе Жошы ұлысы атанады.
Жошы осы Дешті Қыпшақ мемлекетінің немесе бүгінгі қазақ жерінің бірінші ханы болды. Жошы бақилық болған соң осынау кең-байтақ далаға оның ұлы Бату билік жүргізеді. Ол әкесінің иелігіндегі жердің көлемін ұлғайтты. Бүкіл Ресейді, Батыс Еуропаны, Кавказды, Иран мен Иракты, Ауғанстанды бағындырды да, Алтын Орда мемлекетін құрды. Осы Алтын орда мемлекетіне 300 жылдай уақыт Жошы ұрпақтары билік жүргізіп, хан болды. Атап айтқанда, Батудан кейін Берке хан, Тоқта хан, Өзбек хан, Орыс хан, Барақ хан. Одан соң қазақ хандығы құрылған кезден бастап, Жәнібек, Керей, Есім, Қасым, Тәуке, Абылай сынды хандар және қазақтың соңғы ханы Кенесары болғанын жұрт жақсы біледі.
Сонымен қатар ұлу жылы ұлықталатын тұлғалардың қатарында қазақ ғылымының қазынасы Қаныш Сәтбаевты ерекше атап өтті Мемлекет басшысы. Баянауылда туып, бар әлемге танытқан Алаш арысын ардақ-тау – өскелең ұрпақ үшін үлкен өнеге. Әрине, «Сүйер ұлың болса, сен де сүй» демекші, халқына қалтқысыз қызмет қылуды мақсат тұтқан Қаныш туған жерінде дендеп қелген туберкулез дертімен күресіп жүріп, қазақ мектептеріне арналған алгебра оқулығын жазған болатын. Кітапты Қаныш 1924 жылы араб графикасымен жазып шықса, 1929 жылы латын графикасына көшіреді. Бұл бастаманы тарихшылар Алаш зиялыларының қазақтың сауатын ашу мақсатында жұмыла кіріскен жобалардың бірі санайды. Мысалы, Әлихан Бөкейхан география, Мағжан Жұмабай педагогика, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған тіл мамандары тіл білімі, Халел Досмұхамедов анатомия, Әлімхан Ермеков математика бойынша оқулықтар дайындаған. Ал eң күрделі пән бойынша оқулық дайындау Қаныш Сәтбаевқа жүктелген екен. Ол қазақ КСР Ғылым академиясының алғашқы президенті ретінде ел есінде.
Сонымен бірге Президент ағымдағы жылы Кеңес Одағының Батыры, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов пен Рейхстагқа бірінші болып Жеңіс туын желбіреткен Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толғанын атап өтті.
Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Абай Тасболатов өз ұстазы Сағадат Нұрмағамбетов туралы өз еңбегінде: «Қан майданға бозбала боп аттанып, жиырма бір жасында Кеңес Одағының Батыры атанған майдангер, министр әскер ісін ұйымдастыруда кіші офицерлер легін дайындап шығаруға басымдық берді. Осы сөзімізге тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында офицерлік құрам санатында «кіші лейтенант» шені қолданыста болғаны дәлел. Бұл соғыс жылдарында жауынгерлік құрамының үздіксіз легін қамтамасыз ету әдісі еді десек, Сағадат Нұрмағамбетов тап осы үлгіні тәуелсіз Қазақстандағы әскери саланың нығаюына сәтті пайдаланып, тиімді реформа жүргізе білді», – дейді «Сыпайы генерал, шын сардар» атты мақаласында. Ал Рақымжан Қошқарбаев туралы: «Ол үнемі бірінші болды. Қауіп төнгенде ойланбастан бұзып жарар әрекет ететін. Осындай ерекшеліктері оны батыр етті. Ерлік жасауға итермеледі. Ол әділетсіздікпен күресті. Мұндай кезде ол тіпті шыдамсыз болып кетеді екен», – дейді Қошқарбаевтың немересі Дәурен Қошқарбаев.Әрине, қос тұлғаның алар орны тарихта ерекше. Фашистерді жою жолындағы күресі тарих бетінде тайға таңба басқандай сайрап жатыр. Жалпы Екінші дүниежүзілік соғысқа Кеңес әскері қатарына 1 миллион 200 мың қазақстандық шақырылып, оның 601 мыңы туған жерге оралмаған екен.
Сонымен бірге осы сұхбатта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл елімізде алғаш рет қөшпенділер ойыны елімізде өтетіні туралы тоқталды. Түгел түркі жұртының басын қосатын ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне кірген бұл ойын алғаш рет Қырғыз Республикасында ойластырылып, жүзеге асырылған халықаралық спорттық шара әлемдік мәртебеге ие болып, барған сайын Еуразия кеңістігін ғана емес, басқа да көптеген елдерді қамтып, кең аудиторияның назарын аударды. Дүниежүзілік ойындарды өткізу құқығының Қазақстанға берілуімен ойындарды өткізетін елдердің тізімі де кеңейді. Дүбірлі доданың шымылдығы осы жылы 8-14 кыркүйек аралығында Астана қаласында түрілмек. «Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен еліміз келесі жылы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізеді. Бұл – әлем жұртшылығына көшпенділердің даналығы мен дәстүрін, мәдениеті мен өнерін паш ететін халықаралық деңгейдегі айтулы мереке. Қазірдің өзінде елімізде өтетін Көшпенділер ойындарына 73 мемлекеттің өкілдері қатысуға ниет білдірді. Демек, әлем елдерінің қызығушылығы әлі де артып, қатысушылар саны едәуір көбеюі мүмкін. Жарысты жоғары деңгейде өткізу үшін ұйымдастыру комитеті бар күшін салады», – дейді ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.
Қазақстанның жарқын болашағының болуы бізге әрдайым даму мен жаңалық пен өзгерістерге дайын болуымызды талап етіп отырғандай. Мемлекетіміз әрдайым бейбітшілік, татулық, достыққа негізделген саясатын ұстанып келеді, алдағы уақытта да еліміздің әлемдік саяси аренада алар асуы биік болары анық.

Майра Алимханова,
Балтабай Адамбаев атындағы тірек орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.