Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлттық рух – ұлттың асыл қасиеті

0 959

Ұлттық рух – ұлттың мықты қорғанышы. Ол – жеке адамнан бастау алып, тұтас ұлтты қамтып жатуы тиіс асыл сезім. Әрине, ұлттық рухтың көріністері мол. Ол, ең алдымен, тарихыңды терең білу, ата-бабалардың ғасырдан ғасырға жалғасқан озық дәстүр-салтын, әдет-ғұрпын, мәдениетін, өнерін қастерлеу, туған жеріңе, байтақ далаңа деген шексіз сүйіспеншілік болып жалғаса береді. Соның ішінде ана тіліңе деген құрметтің орны ерекше.

Ана тіліңе деген құрмет, ең алдымен, отбасы, ошақ қасынан басталуы қажет. Мұнда бізге не кедергі? Бәрі ата-ана жауапкершілігіне байланысты. Алдымен, ата-ананың өзі ана тілін жақсы біліп, отбасында ана тілінде ғана сөйлеуі шарт. Бірақ, өкінішке орай, бізде барлығы олай емес. Біздің үлкен олқылығымыз да осыдан бастау алады. Шындығына келгенде, ұлы жазушы М. Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөзінде терең мағына бар. Әлбетте, суреткердің бұл ғибратын көбіне қыз тәрбиесімен байланыстырып, ананың қоғамдағы орнымен ұштастырып жатады. Бұған біздің дауымыз жоқ. Осыдан 100 жылдан астам бұрын (1917 ж.) жазылған, бар-жоғы жиырма жастағы публицистің мақаласы «Адамдық негізі – әйел» деп аталады. Біздіңше, жазушының ойы бұдан да тереңірек және кең деп ойлаймыз. Ол – ең алдымен, отбасылық тәрбие туралы, соған үлкен жауапкершілікпен қарау қажеттігі туралы, сол тәрбиенің ұйтқысы – әйел екенін айтып отырған тәрізді. Өйткені, ананың сүтімен, әлдиімен ұрпақ қалыптасады. Әке – түздің адамы, отбасын асыраушы, қамтамасыз етуші болса, үйдегі тәрбиенің басым бөлігі ананың үлесіне тиері сөзсіз. Ана әлдиімен айтылатын «Бесік жыры», алуан түрлі ертегі-хикаяттар, жер-су аңыздары – тәрбиенің алтын парақтары емес пе еді! Біз осыдан бүгінде айырылып қалып отырмыз.

 Оның тарихи себептері болды. Өктем идеологияның ықпалымен орыстанып кетуге аз-ақ қалған ата, аға ұрпақтың кейбір бөліктерін, соның әлі де ықпалынан шыға алмай келе жатқан бүгінгі ұрпақтың кейбір бөліктерін біз жазғырмаймыз. Адамның қалыптасуында заман мен ортаның ықпалы зор екенін талай данышпандар жазған. Құлдық санадан, немесе өз ұлтын жоққа шығарушылық санадан арыла алмаған олар, өкінішке орай, қоғамның әлі де басым сипатына айналып отырғаны тағы шындық.

Қайтпек керек? Біздіңше, отбасылық бала тәрбиесіне мемлекеттік дәрежеде айрықша мән берілуі қажет. Айтыла-айтыла жауыр болған сөз боп көрінер. Бірақ осыған ерекше қарауымыз тиіс тәрізді. Ұлы Мұқаңның сөзін сәл өзгертіп, нақтылап, «Ел боламын десең, тәрбиеңді түзе» деу керек сияқты. Ол үшін мемлекеттік дәрежеде әйелдерге, аналарға тәрбиеден өзге көп жайларға алаңдай қоймайтындай айрықша материалдық-моральдық жағдай жасалуы қажет. Бүкіл идеология, идеологиялық-ақпараттық құралдар адамдық, ұлттық, ата-бабадан жалғасқан халықтық-дәстүрлік тәрбиеге жұмылдырылып, басымдық берілуі тиіс. Бұған бүгінгі таңда кедергілер мол екені белгілі. Алайда, осы бағытта мақсатты да жүйелі жұмыс жүргізілмесе, тығырықтан шығар жол жоқ сияқты көрінеді.

От басы, ошақ қасында дұрыс тәрбие алмаған жас өскінді кейін ана тілін құрметтейді, ұлтын сүйеді, ұлттық рух бойын кернеп, көптеген қиындықтар мен тосқауылдарға төтеп береді деп айта алмаймыз. Жөргегінде берілмеген ұлттық тәрбие, ана тілімен тілі шықпау – кеш қалғандық. Абайша айтқанда, «қолды мезгілінен кеш сермеу». Бұған кім кінәлі? Ең алдымен, ата-ана айыпты. Ұрпақ алдындағы жауапкершілігінің жоқтығынан, тіпті тереңірек қозғасақ, ұлт алдындағы ұпайын жоғалтуынан.

Санасы болса, ол жас кейін өсе келе, азамат бола келе өкінеді. Ішкі жан дүниесінің сыртқа білдіртпеген трагедиясына айналады. Ұлттық тәрбие бермеген ата-анасына ренжиді. Іштей намыстанып, «қорғаныш» реакциясын қалыптастырады.

Ал санасыз, ойсыз болса… Өз қағынан жериді. Өзінің ана тілін, тарихын, салт-дәстүрін білмеген, ұлтынан жеріген ондай пенденің, профессор Мекемтас Мырзахметовтің сөзімен айтсақ, «ада қазақтың» бойында ұлттық рух болмайды. Тіпті бойындағы сеңдей сірескен мінді мін деп санамай, өз ұлтына қарсы тұрады. Ештеңені білмей, баба тілінің құдіретін түйсінбей тұрып, «қазақ тілінің қажеті не, ол тұрмыстық қана тіл» деп көкиді. Өкінішке орай, мұндай құбылыс біздің қазіргі қоғамымызда бар, аз емес мол, тіпті жетіп артылады. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, тағы басқа Алаш ардақтылары қазақ халқының бүгінгі жайын, трагедиясын көрсе не дер еді?!

Осының бәрі «қызыл сөз» деп ойлайсыз ба? Бұл – қоғамның дерті, бүгінгі биліктің дәрменсіздігі, жалтақтығы. Қайта айтуымыз, еселеп дабыл қағуымыз, қоғамдық сананы бағыттауымыз керек сияқты. Өзге ұлтта нең бар, алдымен өзіңді қолға ал, өзіңді қамшыла, өзіңнің бойыңда ұлттық сананы, рухты күшейт. Өршіл де рухы асқақ, ана тілін жақсы білетін ұрпақты өз отбасың, ошақ қасынан тәрбиеле. Кім сіздің қолыңызды қағып отыр. Өмірдің бүкіл тәжірибесінен өткен ата өнегесі, әже тәрбиесі қайда! Барлық тетіктер іске қосылуы қажет-ақ.

Сөйтіп ұрпақтар алмасуында ұлтын жанындай сүйетін, ана тілін ана сүтімен қатар бойына сіңіргенұрпақ келуі керек. Ылайым солай болса деймін, Алла біздің тілегімізді қабыл алса деп тілеймін. Ұлттық рухтың, ана тіліміздің көкейкесті мәселелері өте көп, оның бәрін қоғам, халық терең сезініп отыр. Ішкі бұлқыныс, ұмтылыс бар. Пессимизмге салынуға болмайды. Түңілу – ұлттық рухтың әлсіреуінен шығады. Ататүріктіктің «Дүниеге түрік болып келгеніңе қуан!» деген жалынды да өршіл рухты сөзінің «Дүниеге қазақ болып келгеніңе қуан!» деген жарқын ұғымға айналарына бек сенемін.

Тілегім – Президент Жолдауын бірыңғай мемлекеттік тілде жасаса екен деймін. Сенат, Мәжіліс қазақ тілінде жүргізілсе екен. Мемлекеттік тілді білмейтіндер құлақтарына құлаққаптарын киіп отырсын. Синхронды аударма жұмыс жасасын.Мемлекеттік тіл аяқасты болып отырған мемлекет болудан ұялмаймыз ба?! Кім-кімнің мазағына ұшырау намысқа тиеді емес пе? «Мемлекеттік қызмет – мемлекеттік тілде».Ұлттық рух бізді осыған жетелейді. Рухсыз халық емес едік қой.

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,

филология ғылымдарының докторы,

М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.