Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлттық құндылықтарды ұйыстырған орталық

0 360

Әр ұлттың өзіне тән ерекшелігі, даралап тұрар болмысы болады. Ұлттың болмысының негізін құрайтын – оның дүниетанымы, тіл мен діл, дін мен дәстүр, мәдениет және т.б. Ал осы дүниелердің ұлттың бойында бірігуін, бірігіп қызмет атқаруын ұлттық болмыс дейміз. Өз кезегінде ұлттық болмыс ұлттың ішкі және сыртқы келбетінің тұтастығын сақтап, бейнелеп отырады.

Ұлттық мінездің қалыптасуы отбасы тәрбиесінен бастау алған. Салмақты әке бейнесі, мейірімді ана, данагөй ата мен әже образдары арқылы ұлттық тәрбие берілген. Сондай-ақ бесік жыры, ертегі, жыр-дастандар, ата-баба ерлігінен сыр шертетін әңгімелер баланың есті болуына, сөзді ұғынып өсуіне ықпал еткен. Ал ұлттық ойындар бала логикасының жүйрік болуына, батырлық рухтың бойға сіңуіне жол ашқан. Одан бөлек, салт-дәстүр, ұлттық құндылықтар да ұрпақ тәрбиесінің өзегі болып табылады. «Атадан балаға мирас болып келе жатқан сан ғасырлық тарихы бар мәдениетіміз бен әдет-ғұрпымыздың ғұмыры ұзақ болуы үшін не істеу керек немесе не істеліп жатыр?» деген сұрақ туралы айтар болсақ, аталған бағыттағы жұмыстардың жандануына сүбелі үлес қосып келе жатқан «Анаға тағзым» орталығының тындырымды тірліктерін айтуға болады.
«Анаға тағзым» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2021 жылдың 11 қазаны күні ашылды. Орталық ашылған күннен бастап қыз балаларына рухани-адамгершілік тәрбие беру, отбасылық құндылықтар мен міндеттерге үйрету, әйел-аналарға қолдау көрсету, қазақ әйелінің озық образын қалыптастыру мақсатында жұмыстар атқарып келді.
Орталықтың ашылған уақытынан бері рухани-адамгершілік тәрбие беру және әлеуметтік дағдыларды дамыту мақсатында 377 іс-шара өткізіліп, оған 10 465 адам қатысты. Атқарылған жұмыстың нәтижесінде, ашылған күннен бастап бүгінге дейін орталықтың үйірмелері мен курстарына барлығы 958 адам қамтылды, оның 411-і әйел-аналар болса, 547-сі қыз балалары, әйел-аналар мен қыздар. Курс оқып, құжат алған қыз-келіншектер саны 165-ті құрайды.
Оның ішінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Анаға тағзым» республикалық форумы мен Іскер әйелдер қауымдастығымен бірлескен «Еңбегі жанған арулар» атты облыстық әйелдер форумы өтті. Тараз қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Анаға тағзым» орталығының алаңында өткен «Тәуелсіздікке тәубе» акциясында түрлі ұлт өкілдерінің тағамдарынан көрме қойылды. Ал көпбалалы аналар бауырсақ пісіріп, 30 метр дастарқан жайылды. Сонымен қатар «Анаға сәлем» республикалық онлайн байқауы (2023 жылы екінші рет), облыстық «Киелі кимешек» жас тігіншілер байқауы (ағымдағы жылы «Үкілі кәмшат» тақырыбында екінші рет) мен қалалық «Пай-пай, қазақтың келіндері-ай» атты келіндер байқауы, «Анаммен бірге кітап оқимын» отбасылық байқауы (биылғы жылы екінші рет), «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» мақал-мәтел жарысы, Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойына орай әдебиет пен көркем өнерді ұштастыра білген «Ай мен Айша» жас қылқалам шеберлерінің байқауы, «FUD-FEST» анасы мен қызы қатысатын фестиваль, «Ерте, ерте, ертеде…» театрландырылған қуыршақ театрының қойылымы, «Ұлы дала кереметі» тимбилдингі, «Табиғатым – махаббатым» арт-терапиясы, «Желсіз түнде жарық ай…» атты әдеби-сазды кеш, «Көрпе-FEST» фестивальдері ұлттық болмысымызды аша түскен, ұлттық тәрбиенің негізі болған іс-шаралар деуге болады.
«Анаға тағзым» мерекелер мен мерейтойларды назардан еш тыс қалдырған емес. Биылғы жыл басынан «Қасірет пен қасиет» республикалық ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылса, «Мейірім» акциясы аясында орталық қызметкерлері жас сарбаздармен кездесу кешін өткізіп, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдер және өмірлік қиын жағдайдағы балаларға қуаныш сыйлап қайтты. «Бірлігіміз жарасқан» достық фестивалі мен дәстүрлі байқаулар жалғасын тапты. Сонымен қатар «Анаға тағзым» орталығы «Достық дастарқаны», «Tiflo-асхана», «Tiflo-тігін», қазақ тілін үйренушілер үшін «Ынтымақ», анасы мен қызының бірге ас әзірлеуі арқылы отбасы ынтымақтастығын нығайтуға арналған «Ана көрген…», «Әжемнің ертегісі» жобаларын жандандыра түсті. Ал «Белсенді ұзақ өмір сүру» (Клуб Активного долголетия), «Сырғалым» жеңге мен қайынсіңлілердің сырласу клубтары да көптеген іс-шараларды ұйымдастырып, өткізді. Одан бөлек, әр үйірме, курс қатысушыларының мамандықтарына сәйкес, түрлі бағыттағы шеберлік сағаттары, мотивациялық кездесу кештері ұдайы өткізіліп тұрады.
«Жан дауа» психологиялық көмек және кеңес беру бағытында 367 адамға психологтың жеке кеңесі беріліп, 364 психологиялық тренинг өткізілді. Заңгер маманына 76 әйел түрлі сұрақтарымен жүгініп, заң шеңберінде жауап алды.
Орталықтың жасап отырған еңбегінің қазақы салтымыз бен қоғамның тарихи дамуының сабақтастығын бұзбай, құндылықтарымызды сақтау үшін өскелең жас ұрпаққа дәстүріміздің озық үлгілерін насихаттауда маңызы зор.
Осы уақыт аралығында жеткен жетістіктер де айтарлықтай көп. Түрлі өнер байқауларында үйірмеге қатысушы қыздарымыз Астана қаласында Германия мен Қазақстанның бірлескен жобасы аясында ұйымдастырылған би байқауында үш бас жүлдені және бір 1-ші орынды, Щучинск қаласында өткен халықаралық би байқауына қатысып, бір бас жүлде, екі 1-ші орындарды иеленді. 2023 жылдың 1-жартыжылдығында орталықты ақпараттандыру бойынша БАҚ беттерінде 33 мақала шығып, орталықтың әлеуметтік желідегі парақшаларында 778 жазба салынды.
Әр өңірде отбасын қолдау орталықтарын құру ҚР Президентінің 2016 жылдың 6 желтоқсанындағы №384 Жарлығымен бекітілген. ҚР 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік тұжырымдамасының қосымшасы «ҚР 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының» 7-бөлімі 30 тармағына сәйкес көзделген.
Сонымен бірге 2022 жылы «AMANAT» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасында 2025 жылға дейін барлығы 234 отбасы қолдау орталығын ашу жоспарланған. «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы Үкіметтің алдағы 5 жылға арналған нақты іс-қимыл жоспары болып табылады. Бағдарлама аясында жоспарланған барлық шараны сапалы жүзеге асыру халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді. Жол картасына сәйкес, аудандарда Отбасыларға қолдау көрсету, отбасылық жанжалдарды шешу және балалы әйелдерді уақытша тұрғын жаймен қамтамасыз ету орталықтарын ашу қолға алынуы тиіс.
Жоғарыда аталған шараларды іске асыруға байланысты Жамбыл облысы әкімі Н.Нұржігітовтің төрағалығымен 2023 жылдың 19 қаңтарында «Жомарт түлек», «Мейірім» жобаларын іске асыру барысы және отбасын қолдау орталықтарының ашылуы бойынша өткен кеңес отырысының хаттамалық тапсырмасының 4.2.3 тармағын орындау мақсатында «Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің «Анаға тағзым» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің негізінде «Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Жамбыл облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесін құру қажеттігі туындады.
Хаттамалық тапсырмаға сәйкес, 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап «Анаға тағзым» орталығы ҚР Әділет министрлігі Жамбыл облысы Әділет департаментінде Жамбыл облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығы» КММ болып қайта тіркелді. Орталықтың қайта құрылуына байланысты төмендегідей өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, өңірдің барлық тұрғынына қызмет көрсететін болады.
Ол нақты қандай көмек? Қиын жағдайға тап болған әрбір отбасыға психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек беру, отбасы институтының дамуына жан-жақты қолдау көрсете отырып, әлеуметтік сүйемелдеу мақсатын ұстанады. Атап айтқанда: өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылармен жұмыс істеу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, ажырасулардың санын азайту, әлеуметтік жақтан қорғалмаған отбасы балалары мен жанұя мүшелерін қосымша білім беру бағдарламаларына тарту (клубтар, үйірмелер, курстар, саналы ата-аналар мектебі); отбасындағы психологиялық жайсыздықты төмендету, әлеуметтік жақтан қорғалмаған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі мүгедек балалары бар отбасыларды әлеуметтік және психологиялық қолдау, сонымен қатар көп балалы, аз қамтылған, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға кешенді консультациялық қызметтер, т.б. ұсынатын болады.
Осы жұмыстармен қатар, ұлттық құндылықтарды ұлықтау мақсатындағы іс-шаралар легі тоқтап қалмайды. Керісінше, жаңаша бағытта өрбіп, жалғасын таппақ. Өйткені, ұлттық кодты сақтай отырып, берілген тәлім-тәрбиенің ғұмыры ұзақ болмақ. Қыз тәрбиесі тұтас бір ұлттың тәрбиесін қамтыса, ұрпақ тәрбиесі ұлт тағдырын шешеді. Отбасын сақтап қалудың өзегі де ұлттық болмыс пен ұлттық тәрбиеде жатқаны сөзсіз.
Алдағы жұмыс жоспарында аймақ халқына қалтқысыз қызмет етуді мақсат тұтқан «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының жұмысы жандана түседі деп сенім білдіреміз.

Эльмира Мырза-Ғали,
«Анаға тағзым» орталығының директоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.