Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлттық құндылықтар – бала тәрбиесінің қайнар көзі

0 7  686

Құндылық – мәдениеттің құрамдас бөлігі. Қандай да бір елдің рухани мәдениеті, әдебиеті мен өнері, ғылым мен техникасы, әлеуметтік жағдайы, материалдық өндірісінің ең маңызды жетістіктері ұлттық құндылықтарының мәніне ие болады және өскелең ұрпақтың азаматтық, отаншылдық, рухани-адамгершілік жан-дүниесінің қалыптасуына белсенді түрде ықпал етеді. Ұлтымыздың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай: «Ұлттық құндылықтардан жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды»,- деген болатын. Ал ұлттық құндылық туралы сөз болғанда, отбасы мен бала тәрбиесі туралы айтпай кете алмаймыз.

Халқымыз «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген. Осы жерде қазақ халқының ұлы ақыны, ғалым М.Жұмабаевтың мына сөзі ойға оралады: «Ұлт тәрбиесі – баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші, сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиіс. Және әр ұлттың баласы өз ұлтының арасында, өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесі мен тәрбие қылуға міндетті» деген сөзі соның дәлелі. Сондықтан да сан ғасырлар бойы сұрыпталған ұлттық құндылықтарымызды оқу-тәрбие процесіне енгізу арқылы болашақ ұрпақтардың бойына дарыту керек.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «XXI  ғасырдағы ұлттық сана туралы» бөлімінде : «ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бас­тау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» ,- дей келе,- жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды»,- деп жазды. Расында, «жас ұрпақты –болашағымыз» деп санасақ, өзінің ана-тілімен, салт-дәстүрімен, әдеп-ғұрпымен, туған тарихымен терең тамырланғанда ғана өзінің болмысын сақтап қала алады. Сондықтан жас ұрпақты жастайынан мейірімділік, ізгілік, қайырымдылық, адамгершілік секілді құнды қасиеттерді бойына сіңіре білу, сондай-ақ салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу, рухани бай адам баласын қалыптастыру – басты міндет. Ата-баба дәстүріне құрмет көрсету, жай ғана құрмет көрсетіп қоймай, оны өмірлік салтында берік ұстану, бабалардың аманатын сақтап бойына сіңіру, оны келер ұрпақтарға жеткізу – кез-келген азаматтың парызы. Себебі өзінің дін, тіл, дәстүр бірлігі арқасында қазақ ұлты XIV-XV ғ бастап Еуропаның отаршыл мемлекеттеріне қарағанда дербес халық ретінде қалыптасты. Бірақ елдігімізді жоюды мақсат еткен Кеңестік империя тілімізді құртуға күш салды. Өйткені тарих ғылымдарының докторы, профессор С.Дорженовтың сөзімен айтқанда: «Тілі жоқтың – тегі жоқ, тегі жоқтың- елі жоқ» деген нақыл сөз кездейсоқ шықпаған. Себебі, елі жоқ адамда ұлттық сезім бола ма?» Сондықтан «мәңгүрттенген» адам ел болашағы туралы ойлай алмайды. Бұл туралы М.Әуезов: «Голощекиннің «Кіші Октябрі» – Қазақстанды біржолата қазақтық сипаттан айыруды көздеген ең соңғы, ең шешуші зор майдан еді, – деп жазды, – Қазақстанды түпкілікті ұлтсыздандыру жолында жасалған бірінші зымияндық ірі қадам».

Ата-бабамыз Тәуелсіздік үшін, ұлттың ұлт болып қалуы үшін атқа мініп, ақ білектің күшімен ақ найзаның ұшымен күрессе, әдебиетте ақын-жазушыларымыз қаламының ұшымен күресті. Төгілген тер, аққан қан, жазылған даулы мәселелер жылдар өте келе өз шешімін тауып келеді. Еліміз Тәуелсіздікке қадам басқан жылдардан бастап атқарылған шаруалар көп, алда атқарылар жұмыстар одан да көп. Президент Н.Ә.Назарбаев «2000 жыл – Мәдениетті қолдау жылы» деп жариялады. XXI ғасырға аяқ басқан Қазақ Елі үшін өзінің мәдени құндылықтарын зерттеп, жариялау – үлкен қуаныш. Алда күтіп тұрған жаһандану жас мемлекетіміздің жұтылып кетпей, аяқтан тік тұрып, өз елдігін сақтап қалуы – басты міндет. Түркі халықтарының киелі мекені Түркістан шаһарының 1500 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде  аталып өтілуі, облыс аталуы – халқымыз үшін үлкен қуаныш. 2018 жылдың 21 қарашасында жарық көрген Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Түркістан қаласы «Түркі әлемінің бесігі» деп атап көрсетілді.

ҚР Президенті Н.Назарбаев «Қазақстан – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «…Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болады! Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйтқысы ете білгеніміз жөн…», – деп жазды. Өйткені Қазақстан халықтарының  рухани, саяси, мәдени және дәстүрлік топтасуына Тіліміз жағдай туғызады. Қазақ тілінің болашағы – қазақ отбасында. Себебі ана тілін сақтай алғандар елі мен жерін де сақтай алады. Елбасымыз 2020 жылға қарай халықтың 95 пайызы қазақ тілінде сөйлеуі керектігін баса айтқан еді. Тіл тағдыры – ел тағдыры. Ұлттық тәрбиені бала бойына сіңіруде, халық ауыз әдебиетінің үлгілерін балаларға үйретуде «ой өсіретін» ана тілінің рөлі орасан.

Елбасы осы Жолдауда жастарға дәстүрді ардақтап, дәстүрге сай діни сана қалыптастыру қажеттігін айта келіп, қаракөз қазақ қыздарын өзге елдің киімін үлгі тұтпай, ұлттық болмысқа сай киінуге, қазіргі заман ағымына сәйкес өмір салтын ұстануға шақырды. Елбасы Қазақстан халқының алдына Мәңгілік ел болу идеясын ұсынды. Бұл идеяның мұраты – тіл, дін, жер, мәдениет, ғылым, еңбек, адам секілді құндылықтарға табан тірей отырып, білімді ұрпақ тәрбиелеп, зиялы ұлт пен зайырлы мемлекет құру – басты міндет.

Болашақ жастар – рухани құндылықтарды жалғастырушы алтын көпір. Н.Ә.Назарбаев: «Бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұр. Жастарымыздың бір бөлігі осы өмірге жат, жалған діни көзқарасты көзсіз қабылдайды, өйткені, біздің қоғамның бір бөлігінде шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіз», – деп атап көрсеткен болатын.  Шындығында, дін зайырлы қоғамымыздың ажырамас бөлігі болып табылады, сондықтан құзырлы мемлекеттік мекемелер еліміздегі діни қатынастарды одан әрі дамытуға әрқашанда мүдделік танытады. Оның себебі кешегі, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, адамдардың ойы мен санасында әлеуметтік – экономикалық мәселелер бірінші орынға шығып, рухани құндылықтар кейінге  ысырылғандықтан, қоғамда пайда болған  рухани олқылықтың орнын басқа елдерден келген әртүрлі діни идеялар толтыруға тырысып бақты. Соған байланысты әлемде орын алған діни экстремизм мен терроризмнің ұшығы біздің елге де жетті. Өз дінінен безгендер қазақ халқының ата-бабамыздан келе жатқан салт-сана, дәстүр, әдет- ғұрпымызды жоққа шығарып, теріс қылық таныта бастады. Олар той-томалақ, өлім-жітімде атқарылатын дәстүрлер мен беташар, келіннің сәлем беруі, қайтыс болған адамның артынан жасалатын діни рәсімдер, Наурыз мерекесін тойлау және т.б. салттарды дін негіздеріне қайшы келетін әдеттер ретінде қарады.

«Бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ізгі дін – ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы, – Қазір кейбір сыртқы күштер жастарымызды ислам дінінің хақ жолынан адастырып, теріс бағытқа тартуға тырысады. Оларға еретін болсақ, біз апа-қарындастарымыз бен қыздарымыздың бетін тұмшалағанды былай қойғанда, олармен бір дастарқанда отырып, тамақ ішуден қаламыз». Біз діни құндылықтар туралы білмейінше, халықтың мәдени тұтастығын қалыптастыратын құндылықтар рөлін анықтай алмаймыз. Сондықтан қазіргі таңдағы дәстүрлі діндер мемлекеттің, елдің тұрақтылығын сақтауына негіз бола отырып, діни конфессиялары арасында рухани келісімді, халықтар арасындағы бірлікті нығайтуға себепші болуы тиіс.

Көрнекті ғалым, қоғам қайраткері Амангелді Айталы «Ұлттың рухани мұралары мен дәстүрлерін, қаһармандық ерлік салтын қастерлеу – ұлттық идеяның басты көзі болады, оның дүниежүзілік өркениеттер арасындағы өзіндік дербестігін нығайтады», – дейді. Бүгінгі жас ұрпақты бала шақтан, яғни ерте жастан ұлт құндылықтарына сүйене отырып тәрбие жүргізу керек. Себебі компьютер мен ұялы телефонға телмірген баланың  үйден шықпай-ақ теріс жолға кетіп қалатынына таң қалуға болмайды. Әр ата- ана баласының ғаламтордан нені көріп, нені оқып жүргенін, кімдермен сөйлесіп, қарым- қатынас жасап жүргенін  бақылауда ұстаған жөн.

Ы.Алтынсарин ислам мәдениетінің тазалық, адалдық, ізгілік, адамгершілік, бауырмалдық сияқты Лев Толстой мен Гете де бас иген шынайы тәрбие үлгілерін өз қолымен жазған «Шариятул–ислам»» деп аталатын оқу құралы арқылы қазақ балаларының санасына таза күйінде беруге тырысты. «Аталған кітапты жазып бастырудағы мақсат: дін мен құранды жақсы білмейтін дүмше молдалардың ықпалынан арылып, ислам дінінің шарттарын жастарға үйрету, дұрыс бағыт беру … Оқулық жастарды шала сауатты молдалардың әсер- ықпалынан бөліп алып, оларға дінмен бірге сондағы адамгершілік мәселесін де насихаттауға жағдай жасағанын танытады», – деп жазды филология ғылымдарының кандидаты М.Жармұхамедов. Сондықтан әрбір отбасы бала тәрбиесінде дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарының тиімді жақтарын ұрпақтар санасына сіңіріп, оларды заңды құрметтеуге, әділеттілікке, турашылдыққа түсетіндей етіп тәрбиелеу керек. Ол үшін жас ұрпақтарымыз ежелгі қазақтың тілін, салт-дәстүрін (қыз ұзату, құда түсу), заңдарын, халық ауыз әдебиетін (мақал-мәтелдерін, билердің әділ билігін, тұрмыс-салт жырларын, батырлар жырын) т.б білгені жөн. Отбасы тәрбиесіндегі ұлттық ерекшеліктер, туыстық қарым-қатынас, жеті ата туралы түсінік, перзенттік парыз бен қарыз, ұлттық намыс, сана-сезім, отансүйгіштік, еңбексүйгіштік қасиеттер ұлттық тәрбиенің негізгі бағыттарына арналған туындылар да қазақ халқының ауыз әдебиетінде молынан көрініс тапқан.

Халық батыры Бауыржан Момышұлы былай деген екен: «Біздің тарихымыз – батырға бай тарих, халқымыз батырлықты биік дәріптеп, азаматтық пен кісіліктің символы, үлгісі санаған. Батырлық деген, ерлік деген ұрпақтан ұрпаққа ата дәстүр болып қала бермек. Өткенін білмеген, тәлім – тәрбие, ғибрат алмаған халықтың ұрпағы – тұл, келешегі тұрлаусыз. Біздің қазақ халқы – батыр халық». Отаншылдықты дәріптейтін бірден-бір мұра – батырлар жыры. Отанын сүйген, елін жаудан қорғау үшін қасық қаны қалғанша аянбай шайқасатын Қобыланды, Қамбар, Ер Тарғын, Алпамыс тұлғалары туралы М.Тілеужанов: «Сыртқы шапқыншылық кезеңінде халық күшінің символы ретінде көрінген қаһармандықтың бейнесі олардың әлеуметтік тұрмысына қарамай, қызметі арқылы бағаланады (жыр қаһармандарының бәрі бай балалары болып келеді. Бұл образдар халық патриотизімінің негізін қалайды», – дейді.

Бір ұлтты екінші бір ұлттан ерекшелеп тұратын жақтары: тілі, халық ауыз әдебиеті, әдет- ғұрпы, салт-санасы, менталитеті, мәдениеті, өнері, тағамдары, ұлттық қолөнері, тұрмыстық бұйымдары, ұлттық ойындары, т.б.

Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын: «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы», – деген сөзбен қорытындылаған екен. Ендеше, халқымыздың ұлттық құндылықтары – «Мәңгілік Ел» болудың рухани негізі.

Абдыханова Ғ.Т.

 М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Филология және журналистика» кафедрасының аға оқытушысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.