Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әлімханұлы Андрадені жеңе ала ма?

0 335

Күні бүгінге дейін Қазақстанның кәсіпқой боксшылары арасынан ең белді нұсқалар бойынша бар-жоғы бес-ақ әлем чемпионы шықты. Олар – Василий Жиров, Бейбіт Шүменов, Геннадий Головкин, Жанат Жақиянов және Данияр Елеусінов. Енді солардың қатары Жәнібек Әлімханұлымен толығуы мүмкін. Барша жерлесіміз сол сәтті тағатсыздана күтуде.

Қазіргі кезде америкалық Деметриус Андраде WBO нұс­қасы бойынша орта салмақта әлем чемпионы атанып отыр. Дәл осы боксшымен Жәнібек Әлімханұлы айқасуға тиіс. Қа­зіргі кезде қос тарап келіс­сөздер жүргізуде. Егер олар ор­тақ мәмілеге келсе, аталған жекпе-жек биылғы жылдың алғашқы тоқсанында өтеді. Яғни қандасымыз үшін тамаша мүмкіндік туып отыр. Жәнібек осы бәсекеде жеңіске жетсе, алтын белбеудің иегері атанады. Ал қандасымыздың сол қарсыласы жайында біз не білеміз?

Деметриус 1988 жылдың 26 ақ­панында АҚШ-тың Род-Айленд штатының орталығы – Провиденс қаласында дү­ниеге келді. Бозбала ша­ғы­нан бокс­қа мықтап ден қой­ған ол әуелі әуесқой рингте ар­ман­сыз шайқасты. 17 жасында ере­сектер арасында ел чемпио­ны атанып, одан кейін де ешкімге есе жіберген жоқ. 2007 жылы Рио-де-Жа­нейрода өткен Панамерика ойындарында күміс медальді иеленді. Одан кейін Чикагода ұйымдастырылған әлем чем­пио­натында 69 кило сал­мақ дәрежесінде күш сына­сып, бас жүлдені олжала­ды. Осы жарыста ол грузия­лық Кахабер Жвания, лат­виялық Дмитриус Состакс, бело­руссиялық Магомед Нур­тидинов, германиялық Джек Кулкай, түркиялық Адем Қы­лыччи және таиландтық Нон Мунжимонгты жолынан ығыстырды.

Америкалық боксшының басты арманы – 2018 жылы Бей­жіңде алауы тұтанған Олим­пияда ойындарында атой салу еді. Бірақ оның бұл жоспары жүзеге аспады. Бастапқы бәсекелерде грузиялық Кахабер Жвания мен ресейлік Андрей Балановтан басым түскенімен, ширек финалда ойда-жоқта Оңтүстік Кореяның өкілі Ким Чон Джуға есе жіберді. Дәл осы Бейжің Олимпиадасында дәл осы салмақта Алаштың қос азаматының атой салғаны естеріңізде болар. Қазақ елінің на­мысын қорғаған Бақыт Сәр­секбаев бас жүлдені олжаласа, Қытайдың туы астында өнер көрсеткен Қанат Ислам күміс медальді мойнына ілді. Осылайша, қос қандасымыз жеңіс тұғырында марқайып қатар тұрды. Арада 14 жыл өтсе де сол бір жантебірентерлік сәт күні кешегідей көз алдымызда.

Чикагодағы сәтсіздіктен кейін Деметриус Андра­де кәсіпқой рингте жұдырық­тасуға бел буды. 2008-2021 жыл­дар аралығында 30 кездесу өткізген ол барлығында же­ңіске жетті. 18 қарсыласын есінен тандырды. 2013 жы­лы америкалық Ванес Марти­росян­ды ұпай санымен ұтып, WBO нұсқасы бойынша бірін­ші орта салмақта әлем чемпионы атанды. 2017 жылы гер­маниялық Джек Кулкайды қапы қалдырып, WBА-ның алтын белбеуін иеленді. Келесі жылы орта салмақ дәрежесінде күш сынасуды құп көрді. 20 қазанда намибиялық Уолтер Кау­тондокваны жеңіп, тағы да чемпиондық тұғырға көтерілді. Дәл сол Каутондоква осыдан екі жыл бұрын Алматыда біз­дің Қанат Исламмен айқа­сып, бұл жекпе-жек қазақ бокс­шысының пайдасына шешіл­ген еді.

Андраденің соңғы төрт жекпе-жегіне тоқталар болсақ, ол ресейлік Артур Акавов пен ирландиялық Люк Килэрді техникалық нокаутпен жеңіп, польшалық Мацей Сулецки мен ұлыбританиялық Лиас Уильямстен ұпай санымен басым түсті. Өзінің соңғы кез­десуін АҚШ боксшысы был­тырғы жылдың көктемінде өткізді.

Деметриустың бойы 183 сан­тиметр. Қолдары ұзын. Сола­қай. Ол қарсыластарын джеб соққыларымен жақын­датпай, алыс қашықтықта ұрыс салғанды жақсы көре­ді. Аяғымен өте жақсы қимыл­дайды. Қорғанысы да мығым. Қажет кезде ашық айқасқа барудан тартынбайды. Жылдам қимылдап, бірнеше оңтайлы соққыларын дарытады да лез­де кері шегінеді. Бұл так­ти­касының кереметтігін аңғар­тады. Жекпе-жек барысында Ан­драде дәл осы ұтымды комби­нацияларын үздіксіз қай­та­лап отырады. Оның функ­ционалдық даярлығы да адам қызығарлықтай.

Міне, Жәнібек Әлімхан­ұлы­на осындай мықтымен күш сынасуға тура келеді. Бір­ақ біздің жігіт те осал емес. Боз­­бала шағынан Мұрат Си­қым­баевтай білікті бапкерден тәлім-тәрбие алған қан­дасымыз әуесқой рингте тола­ғай табысқа қол жеткізді. 75 кило салмақ дәрежесінде жұды­рықтасқан Әлімханұлы 2013 жылы әлем және Азия чемпионы, 2014 жылы Азия ойындарының жеңімпазы атан­ды. Елішілік жарыстарда қарсылас шыдат­пады. 2016 жылы Рио Олимпиадасының ширек финалына дейін жетті. Одан кейін кәсіпқой рингте бақ сынауға бел буды. Сол аралықта 11 рет шаршы алаңға шығып, барлығында жеңіс тойы­н тойлады. Жеті қарсыласын нокаутқа жіберді.

Өзінің соңғы жекпе-жегін Жәнібек былтырғы жылдың қара­ша айының соңында Хас­сан Н’Жикамға қарсы өт­кізді. Францияның өкілі кезін­де WBO нұсқасының алтын белбеуін иеленген. Десек те әлемнің экс-чемпионы қазақтың қайсар ұлының қарқынына шыдай алмады. Кәсіпқой рингте 40-тан аса кездесу өткізген сақа спортшыны Әлімханұлы сегізінші раундта сұлатып салды. Бәсеке аяқталған бетте Н’Жикам Әлім­­­­хан­ұлының мықтылығын мойын­дап: «Оның соққысы өте жойқын екен. Техникасы да керемет. Алдағы уақытта қазақ боксшысының әлем чемпионы атанатынына қылаудай да күмәнім жоқ», деп ақтарыла сөй­леді. Сол күнді көруге жазсын, ардақты ағайын!

egemen.kz

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.