Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әлемдік тарихтағы індет іздері

0 325

Адамзат осы күндері күресіп жатқан COVID-19 вирусы да қарқыны жағынан тарихта болған пандемиялардан қалыс қалмай тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сенсек, әрбір адам оқшауланудың қарапайым қағидаларын сақтаса, жағдай түзеледі. Әрине, аурудың жақсысы жоқ. Қай түрі болса да, әйтеуір ағзаңыздың бір бөлігін жалмайды. Жалмамаса да, жұмысын бәсеңдетеді. Өміріңізге қолайсыздық тудырады. Медицина мен техниканың дамыған заманында адамзат көзге көрінбейтін бактериялар мен вирустардан толық сақтанбаған. Салдарынан таралу жолдары сан түрлі індеттер миллиондаған адамның өмірін қиды.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Юстиниан обасы – 91 миллион
Әлемде тұңғыш тіркелген пандемия 91 миллион адамның ғұмырын жалмады. Бұл індеттің шырқау шегі 541-550 жылдарға тұспа-тұс келген. Осы жылдары Шығыс Рим империясын Юстиниан есімді император басқарған. Императордың өзі аталмыш індеттен 543 жылы айыққан. Осы күнге жеткен мәліметтер бойынша бұл вирус империяға тышқанда болатын оба таяқшалары арқылы тарап кеткен. Жерорта теңізі елдеріне сауда кемелері арқылы жеткен. Індеттің көзге көрінетін айрықша белгілері болмаған. Себебі бір қарағанда сау болып көрінген адам сол күні-ақ жан тәсілім еткен. 549 жылы Юстиниан осы елдерден келген саудагерлерді қамауға алып, мемлекеттер арасындағы қозғалысты шектеу туралы жарлыққа қол қойған. Жылнамаларда аталған обамен Рим елі екі ғасырға жуық күрескені айтылады.

«Қара өлім» – 75-200 миллион адам
Адамзат басынан өткерген екінші пандемия «қара өлім» деп аталады. Індет Қытай аумағында күшейіп, кейінірек Еуропаға, Үндістанға тараған. 1340-1350 жылдар аралығында бұл вирус еуропалықтардың 60-70 пайызын жалмаған. Ауру атауы науқас қайтыс болған соң денесінің қап-қара болып кететіндігімен байланыстырылады. Ол кезде инфекцияны емдеудің медициналық тәсілдері болмағандықтан, аурудың өршуінен зардап шеккен қалалар өз азаматтарын карантин шараларымен ғана қорғай алған. Мысалы, басқа елдерден қала жағалауына келген барлық кемелер (тіпті азық-түлікті алып келгендер) 40 күн бойы бір-бірімен байланысты үзген.
Ауру қайта өршіп, екінші толқын XIX ғасырға дейін созылды, ал жекелеген жағдайларды бүгінгі күнде де байқауға болады. Бірақ 1947 жылы Маньчжурияда инфекцияға қарсы стрептомицинді (антибиотик) алғаш рет қолданған кеңестік (соның ішінде украиналық) ғалымдар инфекцияны емдеудің жаңа құралдарын әзірлеуде табысты қадамдар жасай бастады және қазір бұл ауру емделетін дертке жатады.

Тырысқақ
Тырысқақ – ХІХ ғасырдың обасы деп аталады, өйткені адамзат тырысқақтың бір емес, екі емес, тұтас 7 пандемиясын бастан өткерген. Індет 1816 жылдан 1960 жылға дейін Үндістаннан батысқа қарай жылжыды. Нәтижесінде Америка арқылы бүкіл жер шарын айналып өткен. 1860 жылға қарай ауыр диареяның дамуымен және ағзаның сусыздануымен сипатталатын жұқпалы ауру 40 миллион адамның өмірін қиды. Тырысқақ әлі күнге дейін қорқынышты індет болып қалады, оның пайда болуы су тапшылығының, санитарияның, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі мен жеке гигиенаның қарапайым шараларының болмауының салдары болып табылады.

Испан тұмауы
Испан тұмауы немесе «испанка» жұқтырғандар саны бойынша да, өлгендер саны бойынша да адамзат тарихында тұмаудың ең үлкен пандемиясы болып саналады. 1918-1919 жылдары (18 ай) бүкіл әлемде испан тұмауы 550 миллион адам немесе ғаламшардың 29, 5 пайызына жұққан. Шамамен 50-100 млн адам немесе жер халқының 2,7-5,3 пайызы қайтыс болған. Осылайша, жұқтырғандар арасында өлім-жітім 10-20% құрады. Эпидемия Бірінші дүниежүзілік соғыстың соңғы айларында басталды. Пандемияның дамуына соғыс кезіндегі қиындықтар – антисанитария, нашар тамақтану, әскери лагерьлер мен босқындар лагерьлерінің нашар халі ықпал етті деп саналады. Алғашқы науқас 1918 жылдың сәуірінде Францияда пайда болғанына қарамастан, тұмау өз атауын Испания аурудың пандемиясы туралы бірінші жариялағаны үшін алды. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде соғысқа қатысқан елдердің әскери цензурасы халық арасында басталған эпидемия туралы хабарламаларға жол бермегендіктен, ол туралы алғашқы хабар 1918 жылдың мамыр-маусым айларында бейтарап Испания баспасөздерінде пайда болды. 1918 жылдың мамыр айында Испанияда 8 миллион адам немесе халқының 39% осы індетті жұқтырған. Тұмаудың негізгі құрбандары 20-40 жас аралығындағы жас және дені сау адамдар болды. Аурудың белгілері ретінде беттің көк түске енуі, цианоз, пневмония, жөтелгенде қанның пайда болуы тіркелді.
Алғашқы 25 апта ішінде тұмау салдарынан 25 миллион адам көз жұмған. Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы елдердің әскері тұмаудың таралуын жеделдетуге себепкер болды. Аляскадан Оңтүстік Африкаға дейінгі тұтас ауылдар жойылды. Бірде-бір сау дәрігер қалмаған қалалар болды. Кейптаунда пойыз машинисі бар болғаны 5 шақырым жол жүріп, 6 жолаушының қайтыс болғаны туралы мәлімдеген. Австралияда дәрігер бір сағат ішінде бір көшеде 26 жерлеу процесін өткізген. Тіпті зираттар өлгендерді жерлеу үшін ескі зираттарды қазып, экскаватор пайдаланып, адамдарды табытсыз және он-оннан жерлеген. Пандемияға ұшырамаған жалғыз елді мекен Бразилиядағы Амазонки сағасындағы Маражо аралы болды.

Бөртпе сүзек
Ең қауіпті аурулардың бірі риккетсия – бактериясы қоздыратын дерт. Оның атауы гректің typhos (тұманды, буалдыр) деген сөзінен шыққан. Бұл ауру туралы 1489 жылы мавританиялық Гранаданы испандықтардың қоршауға алған кезінде жазылған. Онда сүзекпен ауырғандардың қолдары, арқасы қызарып жараға айналатыны, дене іріңдеп, саси бастайтындығы жазылған. Сол соғыс кезінде испандықтар 3 мың әскерін ұрыста жоғалтса, 17 мың адамын бөртпе сүзек ауруы жалмаған. XVI мен XIX ғасырлар аралығында бұл індетпен бүкіл Еуропа ауырып шықты. Бұл ағылшындардың азамат соғысы, Отыз жылдық соғыс, Наполеон соғыстары кезінде бірнеше мәрте қатты өршіді. Тек қана 1618-1648 жылдардағы Отыз жылдық соғыс кезінде 8 млн неміс без обасы (бубонная чума) мен бөртпе сүзектен қырылып қалған.

Шешек
Шешек қазір табиғатта жоқ. Бұл – адам толығымен жеңген алғашқы инфекция. Алғаш рет шешек індеті Таяу Шығыста егжей-тегжейлі сипатталған. IV ғасырда ауру Қытайда басталып, содан кейін Кореяға жетті, ал 737 жылы індет Жапонияны талқандады, онда кейбір дереккөздер бойынша халықтың үштен бірі қаза болған.
Шешек санаулы күнде дененің бөртуімен сипатталады. Бұл ретте тек ауа тамшы жолымен ғана емес, сонымен қатар киім, төсек-орын, ыдыс-аяқ арқылы жұққан. Орта ғасырлық Еуропада шешек бір сәтте адамның тұрақты серіктесіне айналды. Кейбір дәрігерлер бұл індетпен әр адам ауыруы керек деп айтқан, ал полиция қызметкерлері шешек іздерінің жоқтығын күдіктіні іздеуде ерекше белгі ретінде көрсеткен. Шешектен әрбір сегізінші адам өлді, ал балалар арасында өлім-жітім 30 пайызға жетті. Сауығып кеткендерді өмір бойы қалған жарадан басқа, соқырлыққа да әкеп соқтырды. Еуропалықтардың иммунитеті аурумен таныс болса, үндістер үшін жаңа вирус қауіпті тосынсый болды, кейбір тайпаларда шешектен 80-90 пайыз адам қаза тапты. Еуропалықтар іс жүзінде биологиялық қару ретінде шешек, сондай-ақ безгек, сүзек және қызылша сияқты басқа да ауруларды қолданды. Инков империясының дамыған империясында шешек алты миллиондық халықтың кемінде 200 мыңын өлтіріп, империяны әлсіретіп, испандықтар бұл елді шағын отрядымен жаулап алған. Шешекпен ауырған соңғы науқас 1977 жылы Сомалиде тіркелді. Бүгінгі күні шешек табиғатта жоқ, вирустың үлгілері АҚШ пен Ресейдің екі зертханасында ғана сақталады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.