Қалалық қоғамдық-саяси газет

Есті келін енеден

0 658

Үйдегі берекенің бастауы, ізгіліктің, мейірім мен аналық махаббаттың тізгінін ұстап отырған әйел заты екендігі белгілі. Ене мен келіннің арасындағы мәселе бағзыдан келе жатыр. Бұрынғының келіндері үлкеннің алдын кеспей, әсіресе енеге артық сөз айтпай, үйдей бәледен құтылған. Бүгінгінің келіні қандай? Ене мен келіннің арасындағы қарым-қатынас ше? Ене мен келін бір-біріне қаншалықты дос?

Құралай ІЗЕТБАЕВА

Ене мен келіннің ынтымағы, бір-біріне деген көзқарасы – бүгінде көп еститін тақырыбымыз. Бірі үлкен, екіншісі кіші, бірі егде, екіншісі жас, екеуі екі елдің аяулысы болғанымен, бір отанның ошағын түтетіп, бір отбасының ұйытқысы болған соң, екі әйелдің бір-бірімен қырғи қабақ болғаны, шаңырақтың шаттығын ұрлап, үйге кіріп тұрған берекені бездіріп жіберетіні рас.
Ене мен келіннің жарасым табуы, келін кішілігін, ізгілігін танытып, енесінің қабағынан танып отырса нұр үстіне нұр. Осы екі аяулы жанның бір-бірінің көңілінен шығуы отбасында өте үлкен рөл ойнайды. Өйткені осы екі асылдың сөзінен нәр алып, осы екі адамның тәрбиесін алған ұрпақ, сол шаңырақтың айнасы, сол үйдің үмітін ақтайтыны белгілі. Ал үміттің үкісі кірлесе, күдіктің бұлты сейілмейді, ашудың аспаны ашылмайды.
Жаңа түскен келіннің қандай болмағы ең алдымен ененің ақыл-парасатымен астасып жатады. «Осы үйдің келіндерін-ай! Енесінің асты-үстіне түсіп отырады» деп аузынан бөзі түсіп, үнемі мақтаулы, тату үйдің шаңырағына бас сұқтым.
Дастарқаны аққа, жүздері нұрға толы үш келін шаңырағына бас сұққан үлкендердің бәріне инабатпен иіліп сәлем салып жүр. Жүзі қартаң тартып, самайын ақ шалған ене төрде отырған жоқ. Келіндерінің қасында жылы жымиып, келген қонақтарды төрге оздырып жүр. Бала күнімнен байқағаным, бұл шаңырақтан қонақ үзілмейді. Бұл да берекенің, жақсы қасиеттің бірі деп ойладым. Үйдің үш ұлы да әкелерінің алдына шығып сөз бастамайтынын аңғардым. Ұлдар жағы «әкем біледімен» өссе, бұл үйдің келіні, әрине, ененің сөзіне құлақ асады. Қазақ мұндайда «Әке тұрып ұл сөйлегеннен без, шеше тұрып қыз сөйлегеннен без» деуші еді. Бұл үйде үлкеннің сөзін ешкім бөлмейтіні көрініп тұр. Тіпті босағада ойнап жүрген балалар да немеренің үлкеніне «аға» деп қарайды. Бұл шаңырақтың шаттығы неде екенін ұқтым. Сыйластықта!
Үлкен келін күлімсіреп келіп, енесінің ай сырғасын түзеп, ақ жаулығын жөндегенсіп, әлдебір ақыл сұрап, құлағына сыбырлап, өз ойын айтып тұрып-ақ енесінің ойын оқып, көзінің қиығымен қабағын бағып тұрғаны бесенеден белгілі еді. Әйел ақылды үйде береке, еркек сыйлы үйде ынтымақ бар.
– Үш келінім ошақтың үш бұтындай. Келін түсірген күннен оларға ақыл айтудан аулақпын. Бұл жаңа түскен келінді бетімен жіберемін дегенім емес. «Енемін» деп төрде отырмаймын. Есіктің аузында, босағада жүремін. Қазан көтеріп, от жағамын. Сонда олар осы ісімнен үлгі алып, өздері-ақ менен көргенін жасайды. Мен ене болып үлкенге сәлем салсам, оны көрген келіндер, әрине, ізетті болады. Бұрын менің де енем болды. Мен келін болып түскенде, енем менің қас-қабағыма қарайтын. Әрине, кейін мен енемнің қабағына қарап-ақ бәрін ұғатын болдым. Ол кісі менің қабағыма қараса, көзінде «жаңа түскен үйде абыржып қалмады ма?» деген жазуды оқитынмын. Мәселен, енем маған «сиыр сау» деп айтқан емес. Таңертең шелегін алып, сиыр сауып, өріске айдап бара жатады. Кейін сүт пісіріп, қазан көтеріп, түскі ас дайындауға кірісетін. Мен алғашында бақылаушы сияқты сыртынан қарап тұратынмын. Сөйтсем, тәрбиенің үлкені сол – үйрету емес, үлгі болу екен ғой. Және «неге мені енем жұмсамайды?» деп ойлайтынмын. Сөйтсем, өзім ұғынбаған нәрсені ол менің санама қалай құйсын? Санасында миы бар адам өзі-ақ түсінеді екен. Кейін өзім-ақ бәрін меңгеріп алдым. Басында ол кісі мені оятпай-ақ істеген істі кейін мен енем оянғанша істеп қоятын болдым. Бұл – санаға сіңіру тәрбиесі. Ұқтырудың модулі. Қазір таяқпен, ақырып ұрысумен ештеңе түсіндіре алмайсың. Қолыңнан келсе, үлгі бол. Жақсылық жаса. Үлкенді сыйла. Бітті! Оны көрген бала мен келін қайда барады? Біздің үйде ешкім бір-бірімен дауыс көтеріп ұрыспайды. Бір-біріне ренжігендер сыртқа шығып, «қыдырып» келеді. Жұрт бізді сондықтан ренжісіп көрмеген деп ойлайды. Негізі біз ренішімізді естіртпейміз. Еркелеп, назданып жеңеміз. Әйел – сонысымен әйел, – деді Биғайша әжей.
Бұл күнде алыс-жақын туыс, абысын-ажындар келін түссе, Биғайша әжейді іздейді. Себебі жаңа түскен келін осы кісідей болсын деп орамал жаптырады екен. Баланы бесікке салу, қазан көтеру, тұсау кесудің бәріне Биғайша әжей шақырылады. Бүгінде үлкен келінге бәрін үйретіп жүргені сол, «үйрен» деп айтпай-ақ, қайда барса да қасында үйдің үлкен келіні енесіне еріп жүреді. Иә, бұл үйдің шаңырағына шаттық ұя салғаны көрініп тұр.
Ене мен келіннің қарым-қатынасы туралы қалам тербеуде қатты ойландым. Көз алдыма мен танитын барлық қара кемпір мен келін болып түскен қара қыздардың бәрі келді. Бірақ олардың енемен қарым-қатынасы қандай екені бесенеден белгілі. Бірі енесін сырттай жамандап, көзінше күлімсіресе, енді бірі енесін мүлде сыйламайтыны сарт-сұрт сөзінен көрініп ұрады. Енді бірінің қарым-қатынасы көз бояу. Яғни жүрегімен сыйламайды. Жай ғана қадірін қашырмаудың амалымен жүргендер.
Бірде қоғамдық көлікте жолға шыққан әжеймен сапарлас болғаным бар. Сонда қарт ананың қасында келіні болды. Күн ыстық еді. Әжейді шөл қысса керек, көлік тоқтаған сәтте маған тиын беріп, сусын әкеліп беруімді өтінді. Ал қасындағы келінін жұмсай алмады. Жұмсайтын еді, батпады. Сонда көрші орындықта басқа отбасының ене мен келіні отырды. Келін енесін алдына жатқызып, жол-жөнекей жадырай күліп, екеуі әңгіме айтумен болды. Біресе бірге пісте шағып, бір-біріне әңгіме айтқанын көрген әженің көзінен ыстық жас бұрқ ете қалды. Сонда сыр етіп маған айтқаны: «Мен келініммен сырлас, мұңдас болмаппын. Мен келініме адуынды ене болып, қадірімді арттыруды ғана ойлаппын», – деді.
«Келін ененің топырағынан жаралады» деген сөз бар. Ененің илеуіне көніп, дегенімен жүрген баяғының қыздары жоқ. Қазір заман өзгерді. Адамның ой-санасы биік. Кім болса да өзін төмендеткісі келмейтін ішкі «мені» дамыған кезең. Барлығы мектеп көрген, оқыған, тоқыған. Ененің алдында құрдай жорғалауды ескіліктің сарқыншағы деп біледі. Бұл жағдайда тек сыр ұқтырып, үлгі болып қана сыйластыққа жетуге болатынын ұғуға болады.
«Жақсы келін – келін, жаман келін – келсап» деген де аталы сөз бар. Жақсы келінді жақсы ене тәрбиелеп алады. Қыз оң босағадан алған тәрбиесін, барған үйіне ала кіргенімен, енесінің ықпалы ойын он орап алуға қауқары жетеді. Жанарға тұнған мейірім, жүректен шыққан ізгілік жауапсыз қалмас. Ол үшін асқан ақылдың, толассыз табыс пен сый-сияпаттың немесе мінездің түкке де қажеті жоқ. Ол үшін ене емес, ана бола білу керек-ау. Себебі енесін ұната қоймайтын келіннің бірде-бірі анасын жек көрмейді. «Әкенің берген тәрбиесін он мектеп бере алмайды» деуші еді, ененің берген тәрбиесі де он мектепке татиды. «Қызым» деп келінінің кекілін сипай алмаған енені «енем» деп келіні емірене қоймасы анық.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.