Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өлең – сөздің патшасы

0 453

Жамбыл облысы Полиция департаментінің полицейлері арасында Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» атты байқау ұйымдастырылды.

Диляра ДАРХАН

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының негізгі қағидаларын орындап, елімізде жарияланған Жастар жылы аясында ҚАПБ қызметкерлері дана Абайдың шығармашылығын насихаттау барысында сынға түсті.
Бұл берері мол байқауға Жамбыл облысы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Б.Бегалиев, Жамбыл облысы ІІО Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары А.Арқабаев, Жамбыл облысының «Рухани жаңғыру» жобалық офисі директорының орынбасары Қ.Бекжан, Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Абдинова қазылық етті. Алғашқы сөз кезегі Жамбыл облысы ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бақытжан Ералинге берілді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абайдың 175 жылдығын тойлау туралы Заңға қол қойғаны – болашақ үшін өте маңызды әрі бәріміз үшін қуанышты жағдай. Халқымыз ел болып, ұлы ақын Абайдың рухына тағзым етіп, айтулы эстафетаны мемлекеттік деңгейде жер-жерлерде өткізіп жатыр. Біз де өз үлесімізді қосқанды жөн көрдік. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді.
Сайыс барысында қатысушылар көрікті ой мен кемел сөздің зергеріне айналған Абайдың тәлім-тәрбиеге толы қара сөздерін, өлеңдерін мәнерлеп оқып, көрермендердің көзайымына айналса, қатысушылардың енді бір легі «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай» және тағы да басқа әндерін нақышына келтіре шырқап, көрермендердің зор қошеметіне бөленді.
Сайыс соңында сөз алған Жамбыл облысы «Рухани жаңғыру» жобалық офисі бастығының орынбасары Қадірбек Бекжан қатысушыларға ризалығын білдіріп, басшылық атынан Алғыс хат пен арнайы сыйлықтар табыс етті. Қазылар алқасы үміткерлердің таудай талабы мен өнерін бағалап, жеңімпаздарды анықтап, шешім шығарды. Нәтижесінде Сарысу АПБ учаскелік полиция инспекторы Руслан Мусаев өзгелерден оқ бойы озық көрініп, үздік деп танылса, 2-орын ПД Жедел криминалистикалық басқармасының аға криминалисі Ақбота Махамбетоваға бұйырды. Ал жүлделі 3-орынды Шу АПБ учаскелік полиция инспекторы Бауыржан Төлеубай иеленді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.