Экономика ғылымының кандидаты Сланбек Алдаберген – өмірде көрген-түйгенін өлеңмен өрнектеген жан. Жуырда ғана қазыналы қарттың «Жұртта қалған шындық» атты өлеңдер жинағы жарық көрді.

Құралай ІЗЕТБАЕВА

Сланбек Алдаберген балауса шағын Шу өзенінің төменгі жағындағы алты арнаға бөлініп ағатын аралда өткізгенін ыстық ықыласпен еске алады. Адам қолының «уы» дарымаған тұмса табиғат аясында Заготскот ауылында өмірге келген жас нәрестелердің ішінде қатал табиғаттың зәрінен аман қалған жалғыз нәресте болып есейгені көз алдында. Міне, сол балалық шағының естелігі көз алдында қылаң беріп, өкініші мен жеткен жетістігі, үміті мен күдігі өлең болып төгілген. «Жұртта қалған шындық» кітабы сол қиын-қыстау кезеңдегі адам жанының сан алуан сәттері мен қуанышты кезеңдерін қоса өлеңмен өрнектеген. Автордың жанына сая болған сұлу табиғат, балалық шақ, аяулы кезең, қимас сәттер жыр шумақтары болып жинаққа енген. Бұл кітап «Менікі айту сөзін дана елімнің», «Келші, жүрек, сырласайық!» және «Сағынышым жылап отыр қасымда» атты бөлімдерден тұрады. Автор өлеңдерінде өлеңге ғашық көңілмен адамдарға жылу төксем, өмірдің мәнін ұқтырсам деп шарқ ұрады.
Ешкімнің септігінің керегі жоқ,
Қалса оқыр біреуіне керегі боп.
Жырым тек жүрегіне жылу тасып,
Мұңлының жүрсе болды жебері боп, – деген өлең жолдарымен кітаптың шымылдығын ашыпты.
Ол өз өлеңдерінде жүрегінің үнін, жан сөзін жеткізуге тырысқан. Және де адам жанын қоршаған ортамен үйлестіріп, табиғаттың сұлу көріністерінен керім жыр моншақтарын төге білген.
Балауса табиғаттың жасылын-ай,
Көңілдің кемер асып тасуын-ай.
Мерзімім амалымды алып кетіп,
Қуарып көк ішінде жасуымды-ай.

Мөлдірі табиғаттың тазасы қай,
Пенденің шілігіне мазасызы-ай.
Көргісі келмегенге сұлулықты,
Тұрады бұл әлемнің жазасы сай.

… Кім жетер дүниенің жоқ түбіне,
Мына әсер арманда өткен баба үні ме?
Маған да табиғаттың көлгірсімей,
Соңғы рет санама артқан ой жүгі ме?! – дейді автор табиғат пен адам көңілінің көктемі мен жазын, күзі мен қысын суреттеп. Сондай-ақ «Отаным, сені сүйемін!», «Мен қазақпын», «Көрдім өмір суығын да, ыстығын», «Желтоқсан жыры», «Өмірге келіп едім», «Бұл өмірді түсінбедім бе?» деген сынды көңілдің алабұртқан кездері мен шаттықтан шарықтаған шақтарын осы бірінші бөлімге сыйдырған екен.
Ал «Келші, жүрек, сырласайық!» атты екінші бөлімінде автор албырт ой, балауса тілектен гөрі ой құшағында ақылдың кеніндей тағдырдың кейбір тосын құбылыстарына жауап іздеуге, жүрегімен сырласуға бет бұрған. Іштей шешімін табуға тырысқан көптеген сұраққа жауап іздеп, өз өлеңдерін ой елегінен өткізіп, өзін өлеңнен іздеген.
Білмеймін шынымен де ақынмын ба?
Кеттім бе бос қиялдың тақымында?
Жүрек те сара жолын таппай келіп,
Тығады арман мұңын алқымыма, – дейді автор.
Ал мына бір өлең шумағында:
Жыр ішінде билеп кеткім келеді,
Жүректердің мұңын биге шақырып.
Аспандағы күн де мені жебеді,
Өзі жоқта Айға қатты тапсырып.

Көңіл хошы ырғағынан бой түзеп,
Бір сұлулық көкейіме қонды кеп.
Сенің гүлің емес пе екен таза деп,
Тұрған қонып гүлге құштар көбелек, – депті. Сондай-ақ екінші бөлімге «Бірдеме», «Поэзия», «Бақ іздеме бақ үстіне шығып ап», «Ұлыма», «Күншуақ» атты өлеңдерін енгізген. Үшінші сағынышқа, сырға толы бөлімінде де сол далаға, жер мен елге, әзиз дос пен адал жарға деген мөлдір махаббатын жыр шумақтарымен төге білген.
«Жұртта қалған шындық» кітабы оқырманын ой орманына жетелеп, туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттырары сөзсіз.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған