Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Ұлан» стадионы қайта жаңғыртудан өтті

0 355

Тараз қаласындағы қайта жаңғыртудан өткен «Ұлан» стадионы ашылды. Спорт кешенінде жаңа орындықтар орнатылып, жаңа жүгіру жолағы пайда болды. Сондай-ақ төрт футбол алаңы жаңартылып, әкімшілік ғимарат жөнделді.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев облыс орталығының тұрғындарын қуанышты оқиғамен арнайы құттықтады.

– Бүгінде жамбылдықтардың 32 пайызы бұқаралық спортпен айналысады. Біздің мақсатымыз – бұл көрсеткішті арттыра түсу, өйткені кез келген елдің жетістігі, ең алдымен, ұлттың денсаулығына байланысты. Осы орайда облысымызда жаңа спорт нысандары салынып, ескілері қайта жаңғыртылуда. «Ұлан» стадионы бұған дейін тозып, аянышты күйде болған. Трибуналар, футбол алаңы – бәрі ескірген еді. Балалар ескі доптармен ойнап жүрген. Енді, міне, бірнеше айдың ішінде стадионның адам танымастай өзгергенін көріп тұрмыз. Жақын маңдағы саябақ та көп ұзамай жаңа кейіпке енетін болады. Ата-аналар балалары стадионда шынығып жатқанда, сол саябақта тынығып, уақыт өткізетін болады, – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар стадион аумағында екі қабатты жекпе-жек залы бой көтерді. Жас спортшылар мұнда футбол, жеңіл атлетика, еркін күрес, дзюдо, армрестлинг, үстел теннисі, каратэ және бокспен айналыса алады. Бұрын олар ыңғайластырылған нысанда жаттыққан болса, енді олар заманауи көпфункционалды ғимаратта айналыса алады.

Тұрғындарды көптен күткен қуанышымен құттықтауға танымал қазақстандық таэквондошы Руслан Жапаров та арнайы келді.

– Бала кезімде менің көп жаттығуым осы жерде өткен болатын. Мен стадионның жаңартылғанына шын жүректен қуаныштымын, енді балалар қолайлы жағдайда шұғылданатын болады, – деді ол.

1988 жылы салынған спорт кешені №5 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің балансында. Директоры – грек-рим күресінен спорт шебері, Олимпиада ойындарының жүлдегері Ақжүрек Таңатаров.

– Жамбылдық балуандар, дзюдошылар, боксшылар түрлі жарыстарда жеңімпаздар қатарынан көрініп келеді. Біз осы бағытта әрі қарай дамып, Олимпиада чемпиондарын дайындауға ниеттіміз, – дейді Ақжүрек Таңатаров.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.