Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлағатты ұстазға құрмет

0 2  381

25 қазан – Республика күніне орай қалалық мәслихаттың шешімімен ардагер ұстаз, өнер қайраткері Әуесбай Бақбергенұлы Тоқпанбетовке «Тараз қаласының құрметті азаматы» атағы берілді. Қалалық ардагерлер кеңесі атынан Әуесбай Бақбергенұлын жоғары марапатымен құттықтап, деніне саулық, отбасына амандық, ұзақ ғұмыр тілейміз!

Әуесбай Бақбергенұлы 1951 жылы Жамбыл облысы, бұрынғы Луговой ауданы, Бірлес ауылында дүниеге келген. 1973 жылы Өскемен педагогикалық институтын «Ән-күй пәнінің оқытушысы» мамандығы бойынша үздік бітірген. Еңбек жолын сол жылы Жамбыл атындағы №5 мектепте «Ән-күй» пәнінің мұғалімі ретінде бастады. 40 жылға жуық Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінде (бұрынғы педагогикалық училище) оқытушы, кафедра меңгерушісі, өнер ұжымдарының жетекшісі болып абыройлы қызмет етті. 1978 жылы Жамбыл облыстық «Алатау» ән-би ансамблінің бишілер тобына сүйемелдеуші-баянист болып жұмысқа шақырылды. Өнер саласының білікті маманы –қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі жүздеген мәдени іс-шараның белсенді қатысушысы әрі ұйымдастырушысы.
Жамбыл облысы, Красногор аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, Луговой аудандық мәдениет үйінің директоры болып та еңбегі жанды. 1984 жылы Красногор ауданында халық ақыны, әнші, сазгер Кенен Әзірбаевтың 100 жылдығын республика ауқымында ұйымдастырушылардың бірі болды. 100 жылдық мерейтой қарсаңында, 1982 жылы, Кенен ауылы өнерпаздарының басын қосып, «Ойжайлау» фольклорлық ансамблін құрып, өзі соған жетекшілік етті. 1984 жылы ансамбль ұжымы Алматыда қазақ телевизиясында 45 минуттық жеке концерт беріп, 1985 жылы Мәскеуде өткен бүкілодақтық көркемөнерпаздар байқауында лауреат атанды.
Жастарға оқытудың жаңа технологиясының әдіс-тәсілімен білім берген ұстаз сапалы еңбегімен, дәріс берудегі ізденімпаздығымен, ерекше еңбекқорлығымен мәдениет және педагогика саласына зор үлес қосты. Білімгерлердің озық шығармашылық бастамасын жан-жақты қолдаумен қатар, олардың кәсіби шеберлігін шыңдауға мол бағыт-бағдар берді.
Әдістемелік жұмыстың бір қыры – ұстаздың өз шәкірттерімен бірге әр жылы шығармашылық концерт беруді дәстүрге айналдыруы. Ол Жамбыл облысында «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» фестивалінің, «Жүрекке жылы әуендер» ретроәуендер байқауын тұрақты ұйымдастырып, шәкірттерімен бірлесе өнер көрсетті. «Үміт» мамандандырылған бөбектер үйіндегі «Ризашылық», «Қамқоршы түн» аталған түрлі іс-шарада жыл сайын білім алушы жастармен бірге концерттік бағдарлама ұсынды. Облыс ауқымында «Наурыз» мейрамдары, «Сағындырған әндер-ай», «Сағындым Кенен атамды», «Қазақ музыкасының шежіресі» байқауларын ұйымдастырып, белсене өнер көрсетті. Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінде «Балауса» қыздар вокалды ансамблі, «Серілер» жігіттер квартетінің негізін қалап, жетекшілік етті.
Әуесбай Бақбергенұлы оқытушылардың ғылыми-практикалық конференцияларында «Қабылдауды дамытудың негізі – музыка мәдениетіне тәрбиелеу», «Жас сырнайшыны алғашқы сүйемелдеу дағдысына оқытудың әдістемесі», «Алғашқы сүйемелдеуге үйрету», «Дина Нұрпейісованың шығармашылығы мен өнерін музыка сабақтарына пайдалану», «Затаевич: «Қазақ халқының 1000 әні» ғылыми конференцияларын ұйымдастырып, талай рет ғылыми баяндама жасады. Тәжірибелі педагогтың жетекшілігімен «Қазақ халқының аспаптық музыкасының жастарға беретін ұлттық тәрбиелік мәні» әдістемелік нұсқауы, «Мектеп балаларын шығармашылық өнерге баулу» әдістемелік құралы жазылды.
Ұлағатты ұстаз музыкалық білім беру саласында педагогикалық мектеп қалыптастырып, есімі республика аясына танымал шәкірттер шоғырын тәрбиеледі. Олардың арасында бүгінгі мектеп директоры, білікті маман Бақыт Сапаралиева, Шәмші Қалдаяқов атындағы халықаралық ән байқауының дипломанттары – Светлана Байқұлақова, Назкен Қошқарбаева, «Жас қанат» республикалық жас орындаушылар байқауы мен Мальта мемлекетіндегі халықаралық ән фестивалі лауреаты, эстрада әншісі Тахмина Әшімбекова, Кенен Әзірбаев атындағы филармония директорының орынбасары, мәдениет саласының үздігі Жандос Омаров және тағы басқа шәкірттерінің шоқтығы биік.
Әуесбай Бақбергенұлының өнер және педагогика саласындағы ерен еңбегі сан мәрте еленіп, қалалық, облыстық байқаулардың лауреаты атанды. ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен (2017 ж.), ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» (2010 ж.), «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» (2017 ж.), ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» (2018 ж.), ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» (2022 ж.) төсбелгілерімен марапатталды. 2018 жылдан бері Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының мүшесі. Сондай-ақ Әуесбай Бақбергенұлының есімі 2020 жылы шыққан «Білімнің жаққан шырағын» атты Жамбыл облысы педагогтарының антологиясына енген.

Тараз қалалық ардагерлер кеңесі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.