Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлағатты ұрпақ – кемел келешек кепілі

0 297

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тәрбие – сапалы білімнің негізгі арқауы, діңгегі. Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы» деген сөзі барша білім саласы қызметкерлерінің бой түзер бағдары болуы тиіс. Еліміздің жастары өзін жеке тұлға ретінде дамытумен қатар, мемлекеттің озық инновацияларға сай өркендеуіне зор үлес қосуы қажет. Бұл қазіргі білім және тәрбие беру үдерісінің алдында тұрған маңызды міндет», – деген еді. Бүгінде бұл бағытта елімізде ілкімді істер қолға алынуда. Соның бір мысалы – биылғы оқу жылынан бастап барлық білім беру ұйымдарында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы енгізілді.

Аталған бағдарлама бүгінде Мойынқұм ауданы, Ұланбел ауылындағы М.Әуезов атындағы орта мектепте жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Айталық, бағдарлама аясында аталған оқу ордасында Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығының ашылуы – жоғарыдағы сөзіміздің дәлелі.
Жуырда орталықта 1-4 сынып жетекшілері Дана Раметова, Айдана Тиыштыкова, Үміт Ақбаеваның ұйымдастыруымен «Білімдіге дүние жарық», «Таным қуанышы: баланың қызыға оқуына қалай көмектесеміз?» тақырыптарында ата-аналармен сабақ өтті. Сабақ барысында ата-аналарға түрлі тапсырмалар беріліп, қатысушылар өзара пікір алмасты. Сондай-ақ мектеп мұғалімі Нұргүл Алтаеваның ұйымдастыруымен 5-9 сыныптар арасында «Ақыл айтпа, жол көрсет», «Жасөспірімнің бейімделуі» тақырыптарында ата-аналармен тренингтер ұйымдастырылып, бала тәрбиесіндегі өзекті мәселелер қозғалды.
Орталықтың жұмыс жоспарына сәйкес бұл бағыттағы іс-шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

Ләйлә Есенбаева,
М.Әуезов атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Мойынқұм ауданы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.