Қалалық қоғамдық-саяси газет

Комиссия мүшелері біліктіліктерін арттырды

0 214

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа арнаған Жолдауында атом электр стансасын салуға айрықша тоқталған болатын.

– Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын, – деген Президент 6 қазан күні АЭС салу бойынша республикалық референдум өткізу жөнінде тиісті Жарлыққа қол қойды.
Соған орай, Жамбыл облыстық аумақтық референдум комиссиясының ұйымдастыруымен референдум комиссиялары мүшелерінің біліктілігін арттыруға арналған семинар-тренинг өтті.
Басқосуға Тараз қалалық аумақтық референдум комиссиясының толық құрамы және учаскелік референдум комиссияларының төрағалары, орынбасарлары мен комиссия хатшылары, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың және БАҚ өкілдері қатысты.
Республикалық референдум туралы заңнамадағы жаңашылдықтар туралы, сайлау заңнамасының негіздерін және оны сайлау процесінде қолдану практикасын арттыруды мақсат тұтқан шарада әуелі Жамбыл облыстық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов қатысушыларды басқосудың бағдарламасымен таныстыра келіп, референдумға қатысты заңнамаға түсініктеме берді. Сондай-ақ шараның жоспарына сәйкес, референдумды өткізу принциптері, саяси науқанды әзірлеу мен өткізу кезеңіндегі жұмыстар жөнінде дәрістер оқылды.
Семинар барысында қатысушылар көкейдегі сауалдарын жолдап, тұшымды жауаптар алды. Бұған қоса, комиссия мүшелерімен кейстік сұрақтарды бірлесіп талқылау түріндегі өткізілген іскерлік ойыны да күн тәртібіндегі тақырыптарды аша түсті. Шара соңында учаскелік референдум комиссиялары мүшелерінен оқыту қорытындысы бойынша тест алынып, тиісті сертификаттар тапсырылды.
Ендігі кезекте қаладағы учаскелік референдум комиссияларының қалған мүшелерін оқытуды Тараз қалалық учаскелік референдум комиссиясы ұйымдастыратын болады.

Айнура Сейділдаева

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.