Қалалық қоғамдық-саяси газет

Кітап – асыл қазына

0 236

Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің Орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі қала тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне атсалысу, көпшілікті кітапқұмарлыққа баулу, қоғаммен байланысты нығайту, кітап оқуды дәріптеу мақсатында «Кітап –
асыл қазына» атты кітапхана түнін өткізді.

Кешке жиналған тұрғындарға «Кітап әлемді бағындырады» атты көрме мен түрлі кітап инсталляциялары ұйымдастырылып, әдебиеттерге шолулар жасалынды. Сондай-ақ кітапхана оқырмандары Мысырда мәмлүктер мемлекетінің негізін қалаған Дешті Қыпшақ даласының атақты перзенті Сұлтан Бейбарыстың, ұлы кемеңгер ақын Абай Құнанбайұлының, қазақ әдебиетінің классигі, ақын Мағжан Жұмабаевтың бейнесін сомдап, Рахымжан Отарбаевтың «Сұлтан Бейбарыс» атты пьесалық драмасынан үзінді, Абай Құнанбаевтың «Әуелде бір суық мұз ақыл зерек», Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» өлеңдерін жатқа оқыды.
Ал «Әдеби қонақжай» алаңында зиялы қауым өкілдері ақын, журналист, Қазақстан Республикасы Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғайни Әлімбекқызы, филология ғылымдарының докторы, профессор, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті «Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Сәмен Құлбарақ, Тараз қалалық ардагерлер үйінен аға буын өкілдері қатысқан, еліміздің руханиятын дамытуға сүбелі үлес қосып келе жатқан жазушы, драматург, публицист, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Елен Әлімжанмен сұхбат өткізіліп, оқырмандар қойылған сауалдарына тұшымды жауап алды. Кітапхана қызметкерлері өз кезегінде жазушының «Тақталас» атты кітабының «Қызыр баба немесе Ұлыс күн хикаясы» атты екі бөлімді аңызға құрылған хикаясынан үзінді көрсетті.
Кітапхананың түнгі қонақтарына арналып түрлі іс-шаралар да ұйымдастырылды. Сондай-ақ осы күні әлем әдебиеті мен халық ертегілері, баспа беттеріне жарияланған жаңалықтар бойынша сұрақтар, жұмбақтар, мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар жарысы, ән айту, би билеу, өлеңдер оқитын «Әдеби-библио бар», «Ойын академиясы», шарлардан түрлі мүсіндер жасайтын «Шар-шоу», ұлттық нақышта жабдықталған, ертегілер оқылатын «Әжемнің ертегісі», ойды дамытатын түрлі ойындар ойналатын «Теңіз қарақшылары» және әндер сайысы өтетін «Караоке» алаңдары көпшілікке айрықша әсер сыйлады. Әр алаңда ерекше форматта өткізілген, оқырманға рухани білім мен демалыс сыйлаған тағылымды шаралар оқырмандарын қызықтырып, көтеріңкі көңіл-күйге бөледі. Осылайша тағылымды шара келушілердің тарихи танымын да кеңейтті.

Ұлбосын Саулебаева,
Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.